2025 – Жұмысшы мамандықтар жылына орай Шымкентте биыл 670 жұмыссыз кәсіптік оқытудан өтіп, екі қолға бір күрек табады. Оқу барысы 3 айға созылады. Тегін білім алушыларға ай сайын шәкіртақы төленеді. Білім беру ұйымдарында оқитындар 43 мың 574 теңге, жұмыс орындарында білім алатындар 78 мың 640 теңге көлемінде шәкіртақы алады.
Мамандардың айтуынша былтыр қалада 670 жұмыссыз кәсіптік оқытуға жолданған. Бірақ, оның тек 393-і оқуын аяқтап, сертифкат алған. Соның 348-і тұрақты жұмыс орындарына орналасыпты. Курсты аяқтағандарға жұмыс ұсынылады. Ал биыл оқитын 670 азаматқа 21 мамандық ұсынылған. Соның негізінде екі қолға бір күрек табуға құқылы. Өтінімдер Еңбек кз платформасында электронды негізде қабылданады.
– «Кәсіптік оқуға қатысу үшін ең алдымен міндетті түрде жұмыссыздыққа тіркелу керек. Жеке куәлігі, 075 медициналық анықтамасы, білімін растайтын құжаты болған жағдайда оның көшірмесі және электронды цифрлық қолтаңбасы қажет. Бұл жұмыссыз және мамандығы жоқ немесе мамандығын ауыстырғыс келіп жүргендерге, жаңа кәсіпті игергісі келетін жандарға зор мүмкін. Мемлекет басшысы биылғы жылды Жұмысшы мамандықтар деп жариялады. Яғни біз де осы сұраныстағы жұмысшы мамандықтарды оқытатын боламыз»,- дейді Еңбек мобильділігі орталығының бөлім басшысы Гүлвира Даужанова.
Ұсынылатын мамандықтардың дені қызмет көрсету мен өндіріс салаларына негізделген. Ниет білдірушілер дәнекерлеуші, шаштараз, тігін, аспаз, кондитер, сантехник сынды салаларға машығады. 3 айға созылатын оқу бағдарлмасының 1 айы теориялық дәрістен, қалған екі айы практикалық жаттығулардан тұрады.
Сарапшылардың айтуынша кәсіптік білім беру жұмыссыздар санын азайтып, еңбек күшін арттыруға оң серпін береді.
Айта кетейік, шымкенттіктер үшін Enbek.kz порталында 3 595 хабарламада 6 744 бос жұмыс орны жарияланды. Портал ұсынған мәліметтерге сүйенсек, әртүрлі салада бос жұмыс орындарының саны артып келеді. Жарияланған бос орындардың ең көбі білім мен тәрбие саласына тиесілі – 815 хабарлама. Бұл саладан кейінгі орында медицина және фармацевтика тұр – 472 хабарлама. Қаржы және есеп саласы –370, өндіріс – 263, сауда мен қойма – 254, ІТ және телекоммуникация – 116, заңгерлік – 99, логистика –116, мәдениет пен спорт саласы –98, құрылыс пен сәулет – 95 хабарлама бойынша орын ұсынуда.