Қазақстанда патерналистік көзқарасты өзгерту мақсатында елде бұрынғымен салыстырғанда экономикалық реформалар жүзеге асуда. Кәсіпкерлікті және нарықтық экономиканы дамыту үшін жағдай жасау азаматтардың жеке жауапкершілігі мен өзін-өзі анықтауын күшейтуге көмектеседі.
Қазақстанда ұлттық деңгейде халықты жұмыспен қамту жағдайын жақсартуға бағытталған ауқымды бағдарламалар мен жобалар белсенді түрде жүзеге асырылуда. Осы бағыттардың бірі ұлттық жобалар, олардың әрқайсысының өзіндік ерекше мақсаттары мен міндеттері, соның ішінде жұмыспен қамту мәселелері бар.
Еліміздің үшінші мегаполисінде масылдықтың алдын алатын ұлттық жобалардың жүзеге асырылуы көңіл көншітерлік. Соңғы жылдары жұмыссыз тұрғындардың бағдарламалар аясында жұмыспен қамтылу көрсеткіші жоғарылап келеді.
Қоғамда оқу орындарын бітіріп алып, қайда барарын білмейтін жастардың артуы да әлеуметтік масылдыққа алып келеді. Олардың дамуына лайық құқықты жүзеге асыру үшін баршаға бірдей алғашқы қадам жасауға жағдай туғызу мемлекеттің фундаменталды міндеті. Осы орайда соңғы жылдары жастар арасындағы жұмыссыздықпен күрес шаралары қолға алынып, қажетті мекемелер білек сыбана кірісіп жатыр.
Жұмыспен қамтуды жақсарту стратегиясы аясында ЖОО мен колледждерде оқуын енді аяқтаған жастарды қолдауға ерекше көңіл бөлінеді. Еңбек нарығына келген жастар көбінесе жұмыс тәжірибесінің жоқтығы проблемасына тап болады, бұл олардың жұмысқа орналасуын қиындатады. Осы мәселеге орай басқарма бірқатар бағдарламалар мен жобаларды ұсынып отыр. Солардың бірі - «Жастар практикасы» бағдарламасы.
Шымқалада «Жастар практикасы» жобасымен жұмысқа орналасқан жастардың саны артып келеді. Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаеваның айтуы бойынша қалада «Жастар практикасы» бойынша 238 адамға өсім тіркеліп, 644 адамнан 882 адамға жеткен. Бұл туралы Мансап орталығы мен Еңбек мобильділігі орталығының 2025 жылдың 9-29 шілде аралығындағы жұмысы қорытындылаған жиында айтты.
Жастар практикасына оқу аяқталғаннан кейін 5 жыл ішінде 35 жастан аспаған жұмыссыз ретінде тіркелгендер жіберіледі.
Жанат Өтебаева орталықтың жұмысын әрі қарай тиімді үйлестіру мақсатында электронды келісімшарттар мен міндетті зейнетақы жарналарының орындалуын қадағалауды тапсырды.