Шымкентте туризм саласының қарқынды дамып келе жатқаны баршаға мәлім. Туризм – бұл тек әсем табиғат, көрікті ғимарат пен демалыс орындары ғана емес, туризм – сапалы, білікті мамандардардың еңбегі болып табылады. Сондықтан туризм саласының мамандарын даярлау, оқыту маңызды қадам. Осы орайда 2025 жылғы 29–31 шілде аралығында «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының ұйымдастыруымен қонақ үй және қоғамдық тамақтану саласының әкімшілері мен гид-экскурсоводтарға арналған оқыту семинар-тренингі өткізілуде деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінің мамандары.
Іс-шараның мақсаты - қатысушыларға қонақжайлылық индустриясында табысты қызмет атқару үшін қажетті кәсіби дағдылар мен практикалық білім беру. Семинар бағдарламасы сала мамандарына өз тәжірибелерімен бөлісетін, халықаралық деңгейде танылған спикерлердің қатысуымен өтуде.
Семинар спикерлері қатарында:
Диана Урманова – Sheraton, Hilton Hotels және Emirates Airline сынды халықаралық компанияларда еңбек еткен, 25 жылдан астам тәжірибесі бар қонақ үй бизнесі жөніндегі сарапшы, ICBT халықаралық мектебінің сертификатталған бизнес-тренері.
Александр Машков – қоғамдық тамақтану саласы бойынша PhD, сервис және қонақжайлылық индустриясы саласындағы сарапшы, 16 жылдан астам тәжірибесі бар ментор, тренер.
Евгений Зальберг – гидтер мен турлидерлерді даярлау саласындағы маман, клиентке бағдарланған қызмет көрсету, қиын жағдайларда жұмыс істеу, туристік өнімдерді дербестендіру және жергілікті қауымдастықтарды тарту мәселелері бойынша тәжірибелі тренер. АҚШ-тың Бостон қаласындағы Grand Circle Corporation компаниясында 12 жыл қызмет атқарған.
Аталған семинар туристік қызмет көрсетудің сапасын арттыруға және өңірдегі туризм индустриясының дамуына өз үлесін қосады деп күтілуде.
Айта кетейік, бұл қонақжайлылық саласындағы сервисті жақсарту аясында өткізілетін алғашқы семинар-тренинг емес. "Visit Shymkent" ТАО-ң ұйымдастыруымен 2021 жылы алғаш рет өткен семинар-тренингтер бүгінге дейін жалғасын тауып отыр. Осы жылдар аралығында отандық мамандармен бірге Түркия, Ресей Федерациясы және Өзбекстаннан келген жаттықтырушы мамандар өз тәжірибесімен бөлісті, туристік индустрияның 340-тан астам өкілі біліктілігін арттыру туралы сертификат алды.