Биыл еліміздегі «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай кәсіптік оқыту жүйесіне ерекше көңіл бөлінуде. Яғни қоғамдағы сұраныстағы мамандықтар бойынша жұмыссыз азаматтарды сұраныстағы мамандықтар бойынша оқыту, кәсіптік білім беру жобасы жүзеге асырылуда. Мұндай игі бастамалар елімздің үшінші мегаполисі Шымкент қаласында да ойдағыдай атқарылып келеді.
Биыл Шымкент қаласында 770 жұмыссыз азаматты қысқа мерзімді кәсіптік оқыту жоспарланып отыр. Бастама ҚР Премьер-Министрінің орынбасары — Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығына сәйкес жүзеге асырылуда.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің мамандары хабарлағандай бағдарлама аясында 610 азамат білім беру ұйымдарында оқыса, тағы 160-ы жұмыс берушілердің базасында даярлықтан өтеді. Оқу барысында тыңдаушыларға шәкіртақы төленеді: нақтырақ айтатын болсақ: білім беру ұйымдарында – 43 574 теңге,
жұмыс орындарында – 78 640 теңге.
Қазіргі нарықта сұранысқа ие келесідей мамандықтарға машықтануға мүмкіндік бар. Олар - стилист-шаштараз, визажист, бухгалтер-кассир, аспаз, кондитер, тәрбиеші көмекшісі, тігінші-пішуші, автомеханик, слесарь-сантехник, электрогазбен дәнекерлеуші, электрик, киім дизайнері, кестелеуші.
Жаңа кәсіп меңгергісі келетіндер тіркелген аудандық мансап орталығына барып, “жұмыссыз” мәртебесін алуы қажет. Осы мәртебеге ие болған азаматтар оқуға өтінім тапсыра алады.
Аудандық мансап орталықтарының мекенжайлары:
Абай ауданы – Арғынбеков көшесі, 243/3;
Еңбекші ауданы – Астана шағынауданы, 106;
Әл-Фараби ауданы – Байтұрсынов көшесі, 201;
Қаратау ауданы – Бәйтереков көшесі, 89;
Тұран ауданы – Қазыбек би көшесі, 50.
Жұмыссыз азаматтарды кәсіптік оқыту әлеуметтік қорғау шарасы болып табылады және олардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Теориялық (40%) және практикалық (60%) сабақтардан тұратын оқытуды жүргізуге арналған оқу бағдарламаларын білім беру ұйымдары жұмыс берушілермен бірлесіп әзірлейді. Кәсіптік оқытуды мансаптық орталықтар ұйымдастырады.
Жұмысшы мамандықтар орындарын дамыту – ел болашағына, оның технологиялық және экономикалық дамуына салынған инвестиция. Біз бірігіп, әр маманның құзыреттілігін тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін тиімді және заманауи біліктілік жүйесін құрудамыз.