Оңтүстіктің жүрегі –Шымкент қашанда қонақтарын және туристерді таңқалдырудан шаршамайды. Жасыл желегімен, көңіл сейілтетін орындарынан бөлек Шымқаланың палауы мен самсасы, кәуабы талайдың аузында айтылып жүр. Ұлттық тағамдардың көптүрлілігі, ерекше дәмі және оны әзірлеу тәсілдері Шымкентті гастрономиялық туризмнің орталығына айналдырып келеді. Жергілікті тағамдардың басты ерекшелігі – олардың табиғи әрі жаңа піскен өнімдерден дайындалуы. Бұл тағамның сапасы мен дәмін ерекше етеді. Бүгін Шымкент қаласында алғаш рет «Street Food Fest» атты көше тағамдары фестивалі өтті. Ауқымды іс-шара қаланың гастрономиялық әлеуетін таныту, көше тағамдары мәдениетін дамыту және туристер үшін тартымды орта қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайты. Фестиваль аясында келушілер үшін әртүрлі тағам түрлері ұсынылып, қаладағы үздік көше тағамдары сатушылары өз өнімдерін ұсынды. Сондай-ақ атысушылар аспаздық шеберлік сағаттарына қатысып, концерттік бағдарлама, көше билері мен акробатикалық қойылымдарды тамашалау мүмкіндігіне ие болды. Шара барысында қолөнершілер аймағы да жұмыс істеді.
Фестивальдің басты ерекшелігі – салмағы 67 келі тартатын алып бургердің әзірленуі болды. Бұл бургер «КИНЭС» рекордтар кітабына еніп, еліміздегі «Ең үлкен гамбургер» ретінде ресми түрде тіркелді. Аспаздардың айтуынша гамбургердің құрамына 65 дана 500 гр катлет кіреді. Нанын да 12 аспаз арнайы әзірлеген. Тек көлеміне ғана емес сапасына да мән бердік дейді олар. Бастама Шымкенттің гастрономиялық мәдениетін танытуға, сондай-ақ қаланың туристік әлеуетін арттыруға бағытталды.
Сонымен қатар, қаламыздың тамақтандыру орындары арасында байқау өткізіліп, ең үздік орталықтар анықталды. Жеңімпаздарды арнайы комиссия мүшелері бағалап, үздіктер марапатталды.
Алып бургер «City» қонақүйіне табысталып, қала қонақтары мен туристерге үлестірілді.
Іс-шара қаланың креативті әрі қонақжай келбетін көрсетіп, жаздың дәмін бірге сезінуге мүмкіндік берді.
«Street Food Fest» фестивалі — Шымкенттің креативті, заманауи және қонақжай қалалық келбетін паш еткен ерекше мәдени-гастрономиялық оқиға болды. Іс-шара қала тұрғындары мен қонақтарына жазғы демалыс күнін әсерлі өткізуге мүмкіндік берді.