Президент Қасым-Жомарт Тоқаев нағыз еңбек адамы дегеніміз кім екенін пайымдап, «бұл, ең алдымен, өзіне жүктелген міндетті орындау үшін барын салып еңбек ететін білікті маман. Нағыз еңбек адамы – бұл істің адамы, яғни әр ісіне, әр қадамына жауапкершілікпен қарайтын адал азамат»,- деген болатын өз Жолдауында. Күннің аптабында да, қыстың қақаған суығында да Шымқаламыздың тазалығы мен тәртібі үшін тыным таппай қызмет етіп жүрген Бузейнап Салманова – шын мәніндегі еңбек адамы. Оның қажырлы еңбегі мен адалдығы Шымкент қаласының көркеюіне үлкен үлес қосып келеді. Қала тұрғына өзінің мүгедектігіне қарамастан шаһардың коммуналдық саласында маңдай терін төгіп келеді. Денсаулығындағы ақауға қарамастан ол еңбектен еш қашқан емес.
Жастайынан жұмысқа піскен кейіпкеріміздің еңбеқорлығына тәнті боласың.
«Мүгедектігіме қарамастан еңбек етіп келемін. Себебі еңбек – адамды сауықтырады, жанын жадыратады. Жұмысым өзіме ұнайды. Күнделікті жұмысымыз таңғы сағат сегізде басталады. Көшелерді, арықтарды тазалаймыз, сыпырмыз. Жұмыстың жаманы жоқ. Үйінде бос отырған адамдар болса осы жұмысқа кірсе болады. Жалақы тұрақты, ұжым жақсы. Өзім тазалықты қатты ұнатамын. Осы жұмысқа тұрған себебім де осы. Қырық жыл бойы осы тазалық саласында еңбек етіп келемін»-дейді аула сыпырушы.
Оның айтуынша, коммуналдық қызмет — халықтың күнделікті тұрмыс сапасын қамтамасыз ететін маңызды бағыттардың бірі.
“Біздің жұмысымыздың негізгі мақсаты – тұрғындарға тазалық, жайлылық, әсемдік сыйлау. Қандай ауа райы болса да, біз қызметімізді тоқтатпаймыз. Себебі тазалық- тұрақтылықты жақсы көреді. Бұл – үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмыс, бірақ сонымен қатар, халыққа пайда әкелетін мамандық. Қазіргі таңда коммуналдық қызмет саласына білікті мамандар қажет, сондықтан жастарды осы салаға шақырамын,” – дейді Бузейнап Салманова.
Осындай қарапайым, бірақ елге пайдасы мол еңбек иелерін бағалау – баршамыздың міндеті.Адал еңбек — қоғамның алтын діңгегі.Еңбек адамдарын құрметтейік.
Мемлекет тарапынан жұмысшы мамандықтарына көңіл бөлінуі білікті кадрлардың даярлығын арттыруға, еңбекақыны көтеруге және еңбек жағдайын жақсартуға ықпал ететіні сөзсіз. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында коммуналдық қызмет саласында жаңа технологиялар енгізіліп, жас мамандарды оқытуға ерекше назар аударылмақ.