Елімізде сұранысқа ие жұмысшы мамандықтардың бірі – электрик. Қай қоғамда өмір сүрсе де, электрик мамандары ешқашан жұмыссыз қалмайды. Электриктердің жұмысы күн сайын тәуекелге толы. Күнделікті жұмыста олар қауіппен бетпе-бет келеді. Сақтық, ережені сақтау, тез шешім қабылдау - олардың басты ұстанымдары. Маңыздысы техниканың тілін бес саусағыңдай білу. Өйткені әмбебап болмасаңыз болмайды. Электрик -еқауіпті мамандықтардың бірі. Өйткені, мыңдаған тоқты жалғап өміріңді қатерге тігесің. Оқыс жағдай да болуы мүмкін. Бірақ, қызметіне адал, жүрексінген адам үшін бұл сылтау емес. Осылай деген кейіпкеріміз Шубай Нұржігіт нағыз еңбек адамы. Ол күн сайын жоғары вольтты сымдармен, үлкен трансформаторлармен және күрделі электр қондырғыларымен жұмыс істейді.
Ол жай ғана электрик емес – жарық сыйлайтын жанның өзі. Нұржігіт 1994 жылдың 17 ақпанында Шымкент қаласында дүниеге келген. Кәдімгі қарапайым отбасының баласы. Бірақ оның өмір жолындағы ең үлкен ерекшелік – еңбекке деген тазалығы мен табандылығы. Электрик мамандығын таңдағанына да он жылдан асты. Екі баланың әкесі, қоғамға адал қызметкер. Ол ешқашан даңқ, атақ қуып, атақ іздеген емес. Бірақ әріптестері оның еңбекқорлығын, ұқыптылығын үлгі тұтады. Қоғамға пайдам тисе деген ол өз мамандығын мақтаныш санайды.
«Бұл салада 10 жылдық тәжірибем бар. Электрик мамандығын таңдаған себебім қаншама халыққа, қаншама адамдарға жарық бере отырып, қуанту. Жарыққа қол жеткізген халықтың қуанышын көргенде мен де қуанамын»,- Нұржігіт Жарқынбекұлы.
Еңбек – ердің айнасы. Нұржігіттің кәсібіне деген махаббаты мен жауапкершілігі – елге шынайы қызмет етудің үлгісі. Осындай жандар – еліміздің нағыз байлығы. Өмірін адалдықпен өрген Еңбек адамы – елдің шынайы мақтанышы. Электр энергиясынсыз өмір жоқ. Ал осы электр энергиясын бізге таратып, оны пайдалануымызға жағдай жасап отырған электрик мамандығының қаншалықты қиын әрі қауіпті екенін сол жұмысты жасап көрген адамнан басқа ешкім білмейді.
Электромонтер болу үшін арнайы дайындықтан өтіп, тиісті біліктілікті арттыру қажет. Қазақстанда болашақ мамандықтарды оқытатын кәсіптік мектептер, қосымша білім алатын орындар қарастырылған. Аса жауапкершілікті қажет етеін бұл мамандық күн сайын ізденуді талап етеді. Өйткені электр энергиясы саласындағы өзгерістер күн санап қарқын алуда.