Тазалыққа тұрғындар да ат салысып келеді

image.png

Қаланың таза, әдемі әрі жасыл желекке оранып тұруы әрбір адамның сүйіспеншілігі мен жанашырлығын қажет етеді. Қоғамдық орындарды ластамау, ауланы ретке келтіріп, ұқыпты ұстау санитарлық талап қана емес, мәдениет пен талғамның белгісі. Шымкент қаласының тұрғындары қала тазалығына, экологиясына  бей-жай қарамай, тазалық шараларына еңкейген қариядан бастап, еңбектеген балаға дейін белсенді түрде қатысып келеді. Бүгін осындай кезекті шаралардың бірі өтті.  

"Таза Қазақстан" экологиялық акциясы аясында қаладағы  Тұран ауданының Қазығұрт шағын ауданында санитарлық-тазалық жұмыстары жүргізілді. Өңірлік коммуникациялар қызметі мамандарының хабарлауынша аталған сенбілік Арыстанбек көшесінен бастау алып шағын ауданның бірнеше көшелерін қамтыды. 

Іс-шараның негізгі мақсаты  көшелерде бейберекет түрде жиналған құм, тас, инертті құрылыс материалдары мен тұрмыстық қалдықтарды тазарту, сондай-ақ жергілікті тұрғындар арасында санитарлық талаптарды сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу.

Сенбілікке Тұран ауданы әкімдігінің қызметкерлері, жергілікті полиция өкілдері, коммуналдық қызмет көрсетуші ұйымдар және белсенді тұрғындар жұмылдырылды. Тұрғындар тарапынан көшелерге құрылыс материалдарын үйіп тастау деректері бойынша полиция мен әкімдік қызметкерлері бірлесіп түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, қалдықтарды өз күштерімен жою туралы ескертулер берілді. Белгілі бір аумақтарда арнайы техника тартылып, тазарту жұмыстары атқарылды.

Коммуналдық мекемелер тарапынан 8 бірлік техника жұмылдырылып, шамамен 100 тонна көлеміндегі қоқыс сыртқа шығарылды. Сонымен қатар, тұрғындар арасында рұқсат етілмеген орындарға қоқыс тастамау, көшелердің тазалығын сақтау жөнінде ақпараттық-түсіндіру шаралары өткізілді. Жергілікті полиция қызметі алдын алу шараларын жүргізіп, ескерту жасады.

Мұндай сенбіліктер қаланың санитарлық жағдайын жақсартуға, сондай-ақ тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға және арттыруға бағытталған. Іс-шара алдағы уақытта тұрақты түрде жалғасын табады.

Экологиялық акция – бұл жай ғана тазалық шарасы емес, қоғамдағы өзара түсіністік пен ортақ мақсатқа жұмылудың айғағы. Мұндай бастамалар қаланың экологиялық жағдайын жақсартумен қатар, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға да зор үлес қосып отыр.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Тазалық жаршылары құрметке лайық жандар
  • Әрбір нысан қаланың ажары
  • Бірыңғай ваучер жүйесі ашықтықты қамтамасыз етеді
  • Тазалыққа тұрғындар да ат салысып келеді
  • Еңбек - адамнан, ризық - Алладан
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер