Еңбек адамы – ел мақтанышы. Қоғамның сан түрлі саласында еңбек етіп, сол бағытты алға жылжытуға үлес қосып жүрген жандар көп.Олардың қатарында төтенше жағдай қызметкерлерін ерекше атауға болады. Олар - бейбіт күннің батырлары, нағыз еңбектің адамдары. Адам өмірін құтқарушыларға қандай құрмет жасасақ та жарасымды. Осы орайда шымкенттік төтеншеліктердің еңбегі бағаланып, құқрмет көрсетілді. Нақтырақ айтқанда Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлеріне заманауи өрт сөндіру техникалары, қызметтік киімдер мен жаңа пәтерлердің кілттерін салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Шыңғыс Әрінов, қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, сондай-ақ ТЖД басшылығы мен жеке құрамы қатысты.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше іс-шара аясында материалдық-техникалық базаны жаңғыртуға бағытталған ведомстволық бағдарлама шеңберінде өңірге бұрын-соңды болмаған көлемде өрт сөндіру және құтқару техникалары жеткізілді. Бұл – еліміздің оңтүстік өңіріндегі азаматтық қорғау саласының техникалық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам.
«Бұл бастамалар Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес жүзеге асырылуда. Азаматтық қорғау жүйесін жаңғырту, оның тиімділігін арттыру, сондай-ақ қызметкерлердің еңбек жағдайларын жақсарту – басты мақсаттардың бірі. Соңғы жылдары материалдық-техникалық базамыз жаңартылып, жаңа өрт сөндіру деполары ашылды. Бүгін өз өмірін қауіп-қатерге тігіп, адал еңбек етіп жүрген азаматтарға пәтер кілттері мен нысанды киім-кешек табысталып отыр. Бұл – олардың еңбегінің лайықты бағалануы», – деді Ғабит Сыздықбеков.
Өз сөзінде ҚР ТЖ министрі Шыңғыс Әрінов жаңа техниканың халыққа қалтқысыз қызмет етуіне тілектестік білдірді.
Салтанатты рәсім барысында жергілікті атқарушы органдар тарапынан 38 бірлік өрт сөндіру техникасы және республикалық бюджет есебінен 5 арнайы автокөлік табысталды. Бұл техника - апатты жағдайлар кезінде жедел әрекет етуге және өрт сөндіру жұмыстарын тиімді жүргізуге септігін тигізеді.
Сонымен қатар, “Қамқор” бағдарламасы аясында ТЖД-нің өрт сөндіру қызметінің 25 қызметкеріне жаңа пәтер кілттері табысталды. Қазақстандық құтқарушылар қорының қолдауымен қызметкерлерге жаңа нысанды киім-кешектер берілді.