Соңғы жылдары қоғамда белең алған мәселенің бірі – жастардың масылдық психологиясы, турасын айтсақ, жалқаулық. Мұны «Қазіргі жастар жаны қиналмай, алақаны ойылмай ақша тапқысы келеді. Еңбек етпей бірден байып кетуге әуес» деген психолог мамандар да жоққа шығармайды. «Үкімет істесін, тауып берсін, алып берсін» деген ниеттегі масылдық психологияны жастардың санасынан алыстату керек. Сондықтан қазір Үкімет аш адамға балық емес, қармақ беруде. Яғни жастарды еңбекке баулу, жұмысқа орналастыру мәселесіне аса көңіл бөлуде. Бұл мақсатта елімізде жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар да аз емес. Солардың бірі «Жастар практикасы» жобасы. Бағдарлама оқу орнын жаңадан аяқтаған түлектерге мамандығы бойынша алғашқы тәжірибе жинауға жол ашады. Шымкенттік жас маман Шынар Айтмахан осы бағдарламаның арқасында бүгінде «Қазақтелеком» АҚ-да тұрақты жұмысқа орналасқан.
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетін «Радиотехника, электроника және телекоммуникация» мамандығы бойынша тәмамдаған Шынар алдымен жұмыссыз ретінде тіркелген. Көп ұзамай Еңбек мобильділігі орталығының мамандары оған «Жастар практикасы» бағдарламасы арқылы өз мамандығына сай келетін жұмыс орнына жолдама берілетінін хабарлаған.
«Дипломалды тәжірибені «Қазақтелеком» АҚ-да өткен едім. Оқуды аяқтаған соң дәл осы мекемеге қайта жолдама берілгенін естігенде қатты қуандым. «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында аталған мекемеде жұмыс істедім. Мекеме басшылығы менің еңбекқорлығымды бағалап, «Инженер» лауазымына тұрақты жұмысқа қабылдады», – дейді ол.
Білім алған мамандығы бойынша жұмысқа орналасу кез келген түлектің мақсаты. Шынар да осы мұратына жетіп, бүгінде ірі компанияның қызметкері атанды.
– Жоғары оқу орнында оқып жүрген кезде радиотехника мен байланыс саласының осыншалықты қызықты екенін толық сезіне қоймадық. Алғашқы тәжірибе жинақтаған сәтте мамандық таңдауда қателеспегенімді ұқтым. Сүйікті кәсібіме қол жеткізуіме мемлекет үлкен мүмкіндік жасады. Осы үшін қала әкімдігіне, жастарға арналған бағдарламаны әзірлеген мемлекетімізге алғысым шексіз, – дейді жас маман.
Шымкент қаласында 2024 жылы 7 166 тұрғын мемлекеттік бағдарламалар арқылы субсидияланатын жұмыс орындарына жолдама алды. Оның ішінде 2 456 тұрғын Жастар практикасы аясында жұмыспен қамтылды.