Ел басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында 2025 жылы “Жұмысшы мамандықтар жылы” деп жариялаған болатын. Біздер қарапайым жұмысшы мамандықтарын дәріптеп, қоғамдағы ауыр жасаған еңбекқор жандарды насихаттап, еңбекке араласып жүрген жастарға үлкен мотивация беруіміз қажет. Үшінші мегаполисте бейнетінің зейнетіп көріп отырған еңбек ардагерлеріне лайықты құрмет көрсетіліп келеді.
Айталық Шымқалада еңбек ардагерлерін сауықтыру мақсатында тегін шипажай жолдамалары қарастырылып отыр. Қалалық мәслихаттың шешімімен жүзеге асатын бұл әлеуметтік қолдау зейнеткерлерге кезек тәртібімен беріледі. Ол үшін тұрғындар geo-shym.kz сайты арқылы онлайн түрде кезекке тіркеліп, өз орнының жылжуын қадағалай алады. Қазіргі уақытта шипажай кезегіне 26 мыңнан астам зейнеткер тіркелген. Жыл сайын шамамен 7 500 жолдама бөлінетіндіктен, әр зейнеткерге орта есеппен 2,5–3 жылда бір рет сауықтыру қызметін тегін алу мүмкіндігі беріледі.
Биыл қала зейнеткерлеріне «Денсаулық» шипажайы, Түркістан облысы Сайрам ауданындағы «Ақсу демі», Жетісайдағы «Күлпаршын», Жамбыл облысындағы «Айша-Бибі» шипажайы және Шымкенттегі мемлекеттік «Ізетті зейнеткер» сауықтыру кешеніне жолдамалар ұсынылуда. Айрықша атап өтерлігі, «Ізетті зейнеткер» кешені Бозарық шағынауданындағы жаңа ғимаратқа көшкелі бері қызмет ауқымын кеңейтіп, зейнеткерлерді қабылдау мүмкіндігін арттырды. Бұрын ғимарат 70 орынға лайықталған болса, қазіргі жаңа кешен бір уақытта 120 адамға дейін қабылдай алады.
Жыл басынан бері аталған кешеннен 836 зейнеткер сауықтыру емін алған. Оның ішінде 11 наурыздан бастап жаңа ғимаратта 558 ардагерге қызмет көрсетілген. Жаңа орталық заманауи медициналық жабдықтармен жабдықталған: емдік ванна, циркулярлық душ, ультракүлгін сәулемен емдеу (УФО), ультрадыбыстық терапия (УЗТ, УЗЧ), биапрон, тұз шахтасы, электротерапия және радиус құрылғылары зейнеткерлердің денсаулығын нығайтуға қызмет етеді. Мемлекеттік қолдау аясындағы бұл шаралар қала ардагерлерінің өмір сапасын арттырып, олардың белсенді әрі сау өмір сүруіне жағдай жасайды.
Бұл туралы Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте, Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы мәлімдеді.