Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қазығұрт ауданы тұрғындарымен кездесіп, әлеуметтік-экономикалық даму, инвестиция тарту және өндірісті өркендету мәселелерін талқылады.
Түркістан облысында экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін жедел дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы жұмыстар қарқын алып келеді. Өңірдің өндірістік әлеуетін арттыру, отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін күшейту және жергілікті шикізатты терең өңдеу арқылы қосылған құны жоғары өнім өндіру – жаңа өнеркәсіптік саясаттың негізгі бағыттары. Осы міндеттерді жүзеге асыруда аудан-қалалардың экономикалық мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, инвестициялық жобаларды іске асыру және кәсіпкерлікті қолдау маңызды рөл атқарады.
Осы бағыттағы жұмыстар Қазығұрт ауданында да жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров аудан тұрғындарымен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталды. Сонымен бірге инфрақұрылымдық жобалардың орындалуы, халықты жұмыспен қамту, ауыл шаруашылығын дамыту және тұрғындардың әл-ауқатын арттыру мәселелерін талқылады.
2026 жылдың алғашқы сегіз айындағы қорытынды бойынша Қазығұрт ауданының жалпы өңірлік өнімі 102,8 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25,8 пайызға өскен. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 39,6 млрд теңгеге жетіп, 36 пайызға артқан. Ал ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 56,1 млрд теңгені құрап, өсім 61,7 пайыз болған. Аудан биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша облыстық рейтингте үшінші орынға көтерілді.
Бұл көрсеткіштер Қазығұрттың экономикалық мүмкіндіктері артып келе жатқанын аңғартады. Дегенмен экономикалық өсімнің нақты нәтижесі жаңа кәсіпорындардың ашылуымен, тұрақты жұмыс орындарының көбеюімен, тұрғындардың табысының артуымен және жергілікті өндіріс көлемінің ұлғаюымен өлшенеді. Сондықтан ауданның қолда бар әлеуетін тиімді пайдаланып, инвестиция тарту мен өндірістік жобаларды жүзеге асыруға ерекше назар аудару қажет.
– Ауданның әлеуеті зор. Ендігі міндет – осы өсімді нақты нәтижелермен бекітіп, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және тұрғындардың әл-ауқатын арттыру. Инфрақұрылымдық жобалар сапалы әрі уақтылы жүзеге асырылып, халықтың күнделікті тұрмысындағы мәселелер кезең-кезеңімен шешілуі керек, – деді Нұралхан Көшеров.
Облыс басшысы атап өткендей, экономикалық көрсеткіштердің өсуі халықтың күнделікті өмірінен көрініс табуы тиіс. Бұл ретте ауыл шаруашылығын дамыту мен әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартумен қатар, өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тартудың маңызы зор. Себебі шикізатты бастапқы күйінде өткізумен шектелмей, оны жергілікті жерде өңдеу өнімнің қосылған құнын арттырып, қосымша табыс пен жұмыс орындарын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Түркістан облысында жаңа өнеркәсіптік саясатты жүзеге асыру аясында еліміздің берік өнеркәсіптік қалқанын қалыптастыруға үлес қосатын өндірістерді дамытуға басымдық берілуде. Оның негізі – импортқа тәуелділікті азайтуға, отандық өнім үлесін арттыруға, өндірістік кооперацияны кеңейтуге және технологиялық жаңғыруға бағытталған жобалар. Өңірде индустриялық аймақтар мен өндірістік алаңдарды дамыту, инвесторларға қажетті инфрақұрылым ұсыну және кәсіпорындардың өндіріс қуатын арттыру бағытында жұмыстар жүргізілуде.
Облыстың 2026–2029 жылдарға арналған инвестициялық жобалар қоржынына жалпы құны 2,8 трлн теңгені құрайтын 122 жоба енгізілген. Оларды іске асыру нәтижесінде 17 820 жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Жобалардың елеулі бөлігі өнеркәсіп саласына бағытталған. Бұл өңір экономикасын әртараптандыруға, өндірістік базаны нығайтуға және тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар индустриялық аймақтарда жаңа кәсіпорындар ашу арқылы жергілікті шикізат пен еңбек ресурстарын тиімді пайдалануға жағдай жасалуда.
Өңдеуші саланы жедел дамытуда өндірісті оқшаулау, яғни тауар өндірудің жекелеген кезеңдерін жергілікті жерде ұйымдастыру мәселесі де өзекті. Мұндай тәсіл дайын өнімді сырттан әкелуге тәуелділікті төмендетіп қана қоймай, отандық кәсіпорындардың жеткізу тізбегіне қатысуын кеңейтеді. Өндірісте жергілікті шикізатты, материалдар мен компоненттерді пайдалану үлесін арттыру арқылы өңір кәсіпорындарының өзара байланысын нығайтуға болады. Бұл – индустриялық-инновациялық дамудың маңызды шарттарының бірі.
Қазығұрт ауданы үшін де осы бағыттардың әлеуеті жоғары. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі өсіп отырған жағдайда оларды терең өңдеу, сақтау, сұрыптау және дайын өнім түрінде нарыққа шығару мәселесіне басымдық беруге болады. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін шағын және орта кәсіпорындарды дамыту, логистикалық мүмкіндіктерді кеңейту және жергілікті кәсіпкерлердің өндірістік жобаларын қолдау аудан экономикасының құрылымын нығайтуға ықпал етеді. Мұндай бастамалар жүзеге асқан жағдайда ауыл шаруашылығы тек шикізат өндіретін сала ретінде қалмай, өңдеу өнеркәсібімен өзара сабақтас дамиды.
Индустриялық-инновациялық дамудың нәтижесі тек ірі зауыттар мен өндірістік кешендердің санымен шектелмейді. Жаңа технологияларды енгізу, өндіріс үдерістерін жаңғырту, өнім сапасын көтеру және жергілікті мамандардың біліктілігін арттыру да маңызды. Сондықтан инвестициялық жобаларды жоспарлау барысында олардың экономикалық тиімділігімен бірге, тұрақты жұмыс орындарын құруы, жергілікті кәсіпорындармен байланыс орнатуы және ауданның ұзақ мерзімді дамуына қосатын үлесі ескерілуі қажет.
Қазығұрт ауданында халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар да жалғасуда. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында өткен жылы тоғыз елді мекенде жалпы құны 1,6 млрд теңгені құрайтын жобалар іске асырылды. Биыл жолдарды жөндеуге 755 млн теңге бөлінді. Жіңішке және Қосағаш ауылдарындағы электр желілерін жаңартуға 197 млн теңге қарастырылған. Шарбұлақ ауылында 300 орындық мектеп пайдалануға берілсе, Атажұрт және Еңбекші ауылдарын газдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Аталған жобалар ауылдардың инфрақұрылымын жақсартуға, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға және елді мекендердің даму мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Сапалы жол, тұрақты электр қуаты, газ және білім беру нысандарының қолжетімділігі кәсіпкерлік пен өндірісті дамытуға да тікелей әсер етеді. Өйткені кез келген инвестициялық жобаның табысты жүзеге асуы үшін қолайлы инфрақұрылым мен қажетті еңбек ресурстарының болуы маңызды.
Ауданда шағын кәсіпкерлікті қолдау да назардан тыс қалған жоқ. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша өткен жылы 632,4 млн теңгеге 69 жоба қаржыландырылды. Биыл 1,2 млрд теңгеге 109 жобаны қолдау жоспарланған. Бұл қаражат ауыл тұрғындарының кәсіп бастауына, жұмыс істеп тұрған шаруашылықтарын кеңейтуіне және ауылдық жерлерде табыс көздерін қалыптастыруына мүмкіндік береді. Бағдарламаның тиімділігі қаржыландырылған жобалардың нақты жұмыс істеуімен, өнім өндіруімен және тұрақты табыс әкелуімен бағалануға тиіс.
Сондай-ақ 2024 жылы «Үлгілі ауыл» облыстық конкурсында бас жүлде алған Шарбұлақ ауылында 500 млн теңгеге заманауи спорт кешені салынды. Бұл ауылдық жерлердегі әлеуметтік нысандарды дамытуға және тұрғындардың спортпен жүйелі айналысуына жағдай жасауға бағытталған маңызды жоба.
Кездесу барысында облыс әкімі «Таза Қазақстан» бағдарламасын сапалы жүзеге асырудың маңызын атап өтіп, қоршаған ортаның тазалығы мен елді мекендерді көгалдандыруға әрбір тұрғын жауапты екенін жеткізді. Тұрғындарды игі бастамаға үлес қосуға шақырды.
Жиында Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы есеп берді. Бұдан кейін тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Ашық форматта өткен кездесуде азаматтарға көкейдегі сұрақтарын қойып, жергілікті жердегі өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік берілді.
Кездесуден кейін Нұралхан Көшеров тұрғындарды жеке қабылдады. Қабылдау барысында азаматтардың өтініштері тыңдалып, көтерілген мәселелер бақылауға алынды.
Жалпы, Қазығұрт ауданының алдағы дамуында экономикалық өсімді нақты нәтижеге айналдыру, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, инвестициялық жобаларды сапалы жүзеге асыру және шағын кәсіпкерліктің әлеуетін арттыру маңызды бағыттардың бірі болып қала береді. Ал облыс көлемінде жүргізіліп жатқан жаңа өнеркәсіптік саясат осы міндеттерді кең ауқымда шешуге, өңірдің өндірістік мүмкіндіктерін күшейтуге және отандық өнімнің үлесін арттыруға негіз қалайды. Негізгі мақсат – экономикалық өсімді халықтың әл-ауқатын арттырумен ұштастырып, аудандардың тұрақты дамуына жол ашу.
