Түркістан облысының өнеркәсіп картасында Созақ ауданының орны бөлек. Бұған ең алдымен уран өндіру саласының қалыптасуы әсер етті. Ал осы өндірістің тарихында Қазақстан мен Францияның бірлескен жобасы ретінде дүниеге келген «КАТКО»-ның орны айрықша. Биыл Қазақстан-Франция бірлескен кәсіпорнының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Үш онжылдық ішінде кәсіпорын тек уран өндіретін өндіріс орны ғана емес, халықаралық инвестицияның, технологиялық әріптестіктің және жергілікті экономиканың өзара байланысының нақты мысалына айналды.
Кәсіпорынның 30 жылдығына орай Созақ ауданында мерейтойлық іс-шара өтті. Жиынға Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, Франция Республикасының Қазақстандағы Елшісі Сильван Гиоге, ҚР Атом энергиясы агенттігі төрағасының орынбасары Әсет Махамбетов, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, «Orano», BU Mining компанияларының басшылары, «КАТКО»-ның қызметкерлері мен ардагерлері қатысты.
Мерейтойдың мазмұны да кәсіпорынның өткен жолын еске алумен ғана шектелген жоқ. Өйткені «КАТКО»-ның 30 жылдығы – бір кәсіпорынның мерейтойынан гөрі Қазақстанның уран өнеркәсібінің қалыптасу кезеңдерінің бір бөлігін саралайтын дата. 1996 жылы құрылған бірлескен кәсіпорын содан бері өндірістік тәжірибе жинақтап, технологиялық мүмкіндігін кеңейтіп, Қазақстан мен Франция арасындағы экономикалық байланыстардың тұрақты жобаларының біріне айналды.
Салтанатты жиында «КАТКО»-ның отыз жылдық тарихын қамтитын бейнеролик көрсетіліп, кәсіпорынның дамуына үлес қосқан қызметкерлер марапатталды. Кәсіпорынның бүгінгі деңгейге жетуінде өндірістік технологиямен қатар, онда жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан мамандардың тәжірибесі маңызды рөл атқарады. Уран өндірісі – қарапайым еңбек күшімен шектелмейтін, технологиялық тәртіпті, қауіпсіздік талаптарын және кәсіби біліктілікті қатар қажет ететін сала.
Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов мерейтой иелерін құттықтап, кәсіпорынның өңір экономикасына қосқан үлесін атап өтті.
– Баршаңызды «КАТКО» бірлескен кәсіпорнының 30 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Отыз жыл – тұрақты еңбектің, жауапкершілік пен ұзақ мерзімді серіктестіктің нәтижесі. 1996 жылы «Orano» және «Қазатомөнеркәсіп» компанияларының бірлескен жобасы ретінде құрылған кәсіпорын бүгінде табиғи уран өндіру саласындағы жетекші компаниялардың біріне айналды. «КАТКО»-ның бүгінгі жетістіктерінің негізінде кәсіпорында жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан мыңдаған білікті маманның кәсібилігі мен тәжірибесі жатыр. Кәсіпорын Созақ ауданының және тұтастай Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономикалық саясатындағы маңызды басымдықтардың бірі – инвестиция тарту, жаңа өндірістерді дамыту, технологиялық жаңғырту және сапалы жұмыс орындарын құру. Осы тұрғыда «КАТКО» – ұзақ мерзімді инвестиция мен тиімді халықаралық әріптестіктің нақты нәтижесін көрсетіп отырған кәсіпорын. Бүгінде Түркістан облысы үшін инвестициялық белсенділікті арттыру және өндірістік әлеуетті кеңейту стратегиялық міндеттердің бірі. Сондықтан өңірде жұмыс істеп жатқан инвесторлармен өзара сенімге негізделген ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ерекше мән береміз. «КАТКО»-ның 30 жылдық тарихы – Қазақстан мен Франция арасындағы берік достық пен іскерлік байланыстың айқын дәлелі. Кәсіпорынның дамуына үлес қосып келе жатқан барлық қызметкерлерге еңбегі мен кәсібилігі үшін алғыс білдіремін. «КАТКО» кәсіпорнының 30 жылдық мерейтойы құтты болсын! – деді Зұлпыхар Сансызбайұлы.
Бұл сөздің астарында өңір үшін маңызды бір мәселе бар. Инвестордың экономикаға ықпалы тек өндірілген өнім көлемімен өлшенбейді. Кәсіпорынның бюджетке төлеген салығы, жергілікті компаниялардан сатып алатын тауары мен қызметі, тұрғындарды жұмыспен қамтуы және әлеуметтік инфрақұрылымға бағыттайтын қаржысы да оның өңірлік экономикадағы орнын айқындайды.
Осы тұрғыдан қарағанда, «КАТКО»-ның Түркістан экономикасындағы салмағын нақты цифрлармен бағалауға болады. 2021-2025 жылдары кәсіпорынның бюджетке төлеген салықтарының жалпы көлемі 237,8 млрд теңгеге жуықтаған. Оның ішінде былтырдың өзінде 89,2 млрд теңге салық төленген. Бұл – бір кәсіпорынның өңір бюджеті үшін қаншалықты маңызды экономикалық ресурс қалыптастыратынын көрсететін көрсеткіш.
Компанияның ықпалы салық төлеумен ғана шектелмейді. 2024-2025 жылдары «КАТКО» Түркістан облысының кәсіпкерлерінен 170 млрд теңгеден астам тауар, жұмыс және қызмет сатып алған. Бұл жерде жергілікті қамтудың экономикалық мәні бар. Ірі кәсіпорын айналасында жергілікті жеткізушілер қалыптасса, оның әсері бір ғана жұмыс орнымен шектелмейді. Тапсырыс алған шағын және орта бизнес те дамиды, қызмет көрсету саласы кеңейеді, жергілікті өндірістің жаңа мүмкіндіктері пайда болады.
Қазір кәсіпорында 1363 адам еңбек етеді. Оның 611-і – Созақ ауданының тұрғындары. Демек, кәсіпорынның жергілікті еңбек нарығына әсері де айтарлықтай. Мұндай өндірістер үшін маңызды мәселенің бірі – мамандардың тұрақтылығы мен кәсіби даярлығы. Өйткені уран өндірісіндегі технологиялық процестердің күрделілігі кәсіпорынға қажетті кадрларды жергілікті жерде қалыптастыруды талап етеді.
«КАТКО»-ның Созақтағы әлеуметтік жобалары да осы экономикалық ықпалдың екінші қырын көрсетеді. 2009-2025 жылдар аралығында компания Түркістан облысында әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруға 8,2 млрд теңге бағыттап, 500-ден астам жобаны іске асырған. Бұл жобалар денсаулық сақтау мен білім беруден бастап, инженерлік инфрақұрылым, энергетика, ауыз су, қоршаған ортаны қорғау бағыттарына дейін қамтыған.
Мәселен, Шолаққорғандағы тоғыз көшені электрмен жабдықтау, сегіз көшеге жарық орнату, Тасты және Шу ауылдарында су ұңғымаларын салу, спорттық және балалар алаңдарын тұрғызу, мектептерді қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету сияқты жобалар күнделікті өмірге тікелей әсер ететін инфрақұрылымдық мәселелерді шешуге бағытталған. Аудан тұрғындары үшін мұндай жобалардың маңызы кәсіпорынның өндірістік көрсеткіштерінен әлдеқайда нақты сезіледі.
Компанияның қолдауымен Созақ ауданында 20 спорт және балалар алаңы салынған. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға инватакси көлігі сатып алынған. Сонымен қатар Шолаққорған-Түркістан бағытындағы «Жібек жолы» аллеясын абаттандыруға және Шолаққорғанда 16 пәтерлі тұрғын үй салуға қаржы бөлінген.
Экологиялық бағыт та назардан тыс қалған жоқ. 2025 жылы «КАТКО» Түркістан қаласының айналасындағы жасыл белдеуді қалыптастыру мақсатындағы өтемдік көгалдандыру жұмыстарына 1,78 млрд теңге бағыттады. Бұл өндірістің экологиялық жауапкершілігін әлеуметтік жобалармен қатар қарастыру қажеттігін көрсетеді.
Бұдан бөлек, жер қойнауын пайдалану жөніндегі келісімшарттық міндеттемелер аясында 2021-2026 жылдары өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына 5,83 млрд теңге бағыттау қарастырылған. Оның 1,59 млрд теңгесі 2026 жылға жоспарланған. Құрылтайшылық келісімге сәйкес Созақ ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына жыл сайын қосымша қаржы да бөлінеді.
Мерейтойлық жиында Қазақстан мен Франция арасындағы әріптестікке де ерекше мән берілді. Франция Республикасының Қазақстандағы Елшісі Сильван Гиоге, «Orano» компаниясының Директорлар кеңесінің төрағасы Клод Имовен, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма мүшесі Дастан Көшербаев, Orano-ның Тау-кен бизнес бағытының бас директоры Ксавье Сен-Мартен Тийе және «КАТКО» компаниясының бас директоры Закариа Эль Марзуки кәсіпорынның даму жолына тоқталды. Олар «КАТКО»-ның уран өнеркәсібіндегі орнына, өндірістік нәтижелеріне және екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті дамытудағы рөліне жоғары баға берді.
Қазақстан үшін мұндай серіктестіктің мәні уран өндірісінің өзімен ғана шектелмейді. Елдің жаңа өнеркәсіптік саясаты жағдайында басты мәселенің бірі – табиғи ресурстарды тиімді пайдаланып қана қоймай, технологиялық құзыретті, кәсіби кадрды және ұзақмерзімді халықаралық өндірістік байланыстарды қалыптастыру. Ал «КАТКО»-ның отыз жылдық тарихы осындай байланыстың бір мысалы бола алады.
Бүгінде Түркістан облысы үшін де өнеркәсіптік саясаттың басымдығы өзгеріп келеді. Өңірге инвестиция тарту маңызды болғанымен, одан да маңыздысы – сол инвестицияның қандай өндіріс қалыптастыратыны. Шикізатты өндірумен қатар оны терең өңдейтін, жергілікті кәсіпкерлермен кооперация орнататын, технология әкелетін және тұрақты жұмыс орындарын қалыптастыратын жобалардың үлесін арттыру қажет.
«КАТКО»-ның мысалы бұл тұрғыда бір маңызды нәрсені көрсетеді: ірі өндірістің өңір экономикасына әсері оның зауыт аумағымен шектелмеуі тиіс. Салық, жергілікті сатып алу, жұмыспен қамту, әлеуметтік инфрақұрылым, маман даярлау және технологиялық тәжірибе – кәсіпорынның нақты экономикалық ізі осылардан қалыптасады.
1996 жылы Қазақстан мен Францияның бірлескен жобасы ретінде құрылған «КАТКО» бүгінде Созақ ауданындағы тұрақты өндірістік жүйенің бір бөлігіне айналды. Кәсіпорынның 30 жылдық тарихы – бір жағынан, уран өнеркәсібінің даму жолы болса, екінші жағынан, халықаралық капитал мен жергілікті экономиканың тоғысуынан нақты нәтиже шығара алатынын көрсететін мысал.
Мерейтойлық шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Алайда отыз жылдық тарихтың негізгі бағасы салтанатты жиынның өзінде емес, кәсіпорынның өндірістік нәтижесінде, төленген салығында, ашылған жұмыс орындарында және Созақ пен Түркістан облысына қосқан нақты үлесінде жатыр.
