Кентаудың бүгінгі тынысын тек кеншілер қаласы деген бұрынғы түсінікпен сипаттау аздық етеді. Қарт Қаратаудың баурайындағы шаһарда дәстүрлі өндірістің орны сақталғанымен, соңғы жылдары экономиканы әртараптандыруға, жаңа кәсіпорындар ашуға және инвестиция тартуға бағытталған жұмыстар күшейіп келеді. Әсіресе арнайы экономикалық аймақтың мүмкіндігін пайдаланып, өңдеу өнеркәсібін дамытуға басымдық беріліп отыр. Бұл өзгерістер қаланың экономикалық құрылымын жаңартып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға да жол ашпақ.
Қазақстан Республикасы Президентінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Кентау қаласының тұрғындарымен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Кездесуде қаланың әлеуметтік-экономикалық жағдайы, өндіріс пен инвестиция, инфрақұрылым және тұрғындарды алаңдатқан мәселелер сөз болды.
— Құрметті Кентау қаласының тұрғындары! Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, облыс әкімдері барлық аудандардың тұрғындарымен кездесіп, мәселелерді ашық диалог алаңында шешу тапсырылған болатын. Осыған сәйкес, бүгін Қарт қаратаудың баурайында орналасқан табиғаты көркем, өндірісі өркендеген, Кентау шаһарының тұрғындарымен жүздесуге келіп отырмыз. Бүгінде облыстың инвестициялық әлеуетін дамыту бағытында арнайы жобалар мақұлданып, іске асыру жұмыстары қарқынды жалғасып келеді. Бұл бойынша аудан, қалаларда арнайы экономикалық аймақтардың іргесі қаланып, жаңа кәсіпорындар ашылуда. Кентау қаласының негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде де оң өсім байқалады. Өткен кездесуде сіздердің тараптан 26 мәселе көтерілген болатын, бүгінде оның 18-і орындалып, қалған 4-еуін кезең-кезеңімен шешу жұмыстары жалғасып жатыр. Тұрғындардың талап-тілектері жіті қадағалауымда, әр мәселені заң шеңберінде қарастыру жұмыстары ұдайы жалғасады. Жалпы Кентау қаласының өндірістік әлеуеті жоғары, алдағы уақытта да халықтың тұрмысын жақсарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және қаланы көркейту бағытындағы жұмыстарды күшейту қажет, — деген облыс басшысы әр саланың жауапты тұлғаларына нақты міндеттер жүктеді.
Кентаудың экономикалық көрсеткіштеріне қарағанда, қалада өндіріс пен кәсіпкерлік негізгі қозғаушы күштердің бірі болып отыр. 2026 жылдың алғашқы алты айында жалпы өңірлік өнім көлемі 43,5 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,3 пайызға өскен. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 15,3 миллиард теңгені құрады. Инвестиция тарту жоспарының орындалуы 117 пайызға жеткен.
Қала өнеркәсібінде алты айда 26,2 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Оның 20,5 миллиард теңгесі өңдеу өнеркәсібінің үлесінде. Өңдеу саласындағы өндіріс көлемінің өткен жылғы деңгейден төмендеуі бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтуді қажет етеді. Өйткені Кентаудың болашағы тек қолда бар өндіріс орындарын сақтап қалумен емес, жаңа технологияға негізделген кәсіпорындарды көбейтумен тікелей байланысты.
Бұл ретте қаладағы «Тұран» арнайы экономикалық аймағының мүмкіндігі ерекше. Арнайы экономикалық аймақтың негізгі артықшылығы – инвесторларға қолайлы жағдай қалыптастырып, өндірістік жобаларды бір аумақта шоғырландыруға мүмкіндік беруі. Кәсіпорындардың осындай өндірістік ортада орналасуы олардың өзара байланысын күшейтіп, логистика мен инженерлік инфрақұрылымды тиімді пайдалануға жағдай жасайды.
Облыс әкімінің Кентауға жұмыс сапары барысында осы аймақта орналасқан «TURAN SHENHUA» ЖШС зауытына арнайы баруы да сондықтан. Кәсіпорын газ қазандықтарын өндіруге маманданған. Жобаның құны 2,4 миллиард теңге. Зауыт жылына 30 мың дана газ қазандығын шығаруға қауқарлы. Мұнда 40 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Қызметкерлердің орташа жалақысы 250-300 мың теңге көлемінде.
Ең маңыздысы – бұл өндіріс ішкі нарықпен ғана шектелмейді. Кәсіпорын шығаратын өнімдер Орталық Азия елдеріне экспортталады. Яғни Кентауда өндірілген өнімнің сыртқы нарыққа шығуы қаланың өндірістік әлеуетін бағалауда маңызды көрсеткіштердің бірі.
Мұндай кәсіпорындардың көбеюі Кентаудың экономикасын бір ғана дәстүрлі өндіріс бағытына тәуелділіктен арылтуға мүмкіндік береді. Газ қазандықтарын шығару сияқты технологиялық өндірістердің пайда болуы қалада инженерлік-техникалық мамандықтарға сұраныстың артуына да ықпал етеді. Ал болашақта өндіріс көлемі ұлғайса, оның айналасында қосалқы кәсіпорындар мен қызмет көрсету салаларының қалыптасуына мүмкіндік бар.
Өнеркәсіппен қатар Кентауда шағын және орта кәсіпкерлік те біртіндеп кеңейіп келеді. Қазір қалада 5 797 шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Бұл – қала экономикасында кәсіпкерліктің салмағы артып келе жатқанын көрсететін көрсеткіш. Шағын бизнес тек саудамен шектелмей, өндіріс, қызмет көрсету, құрылыс және ауыл шаруашылығы бағыттарына көбірек тартылған сайын жергілікті экономиканың тұрақтылығы да арта түспек.
Ауыл шаруашылығының көрсеткіштері де өсім бар екенін аңғартады. Биыл бұл саладағы жалпы көлем 114,8 пайызды құраған. Мал шаруашылығындағы көрсеткіш 117,7 пайызға жетсе, өсімдік шаруашылығы бойынша жоспар толық орындалған. Кентау қаласы ірі аграрлық аудан болмаса да, оның құрамындағы елді мекендер үшін бұл сала тұрғындардың табыс көзі ретінде маңызды.
Экономикалық белсенділіктің артуы еңбек нарығына да әсер етеді. Қаладағы жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызды құрайды. Дегенмен жаңа инвестициялық жобалар іске қосылған сайын тұрақты жұмыс орындарын көбейту мәселесі күн тәртібінен түспеуі керек. Әсіресе өндірістік кәсіпорындарға қажетті мамандарды жергілікті жерден даярлау маңызды.
Өйткені қазіргі заманғы өндіріс үшін тек жұмыс күші емес, нақты білімі мен кәсіби дағдысы бар маман қажет. Кентауда өндірістің жаңа бағыттары дамыған сайын техникалық және инженерлік мамандықтарға сұраныс та артады. Бұл өз кезегінде қаланың білім беру жүйесіне қойылатын талапты күшейтеді.
Қазір қалада 32 мектеп жұмыс істейді. Апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептер жоқ. Мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту деңгейі 99,6 пайызды құрайды. Денсаулық сақтау саласында 13 медициналық мекеме халыққа қызмет көрсетіп отыр.
Әлеуметтік жағдайдың жақсаруы тұрғындардың күнделікті мәселелерімен тікелей байланысты. Соңғы уақытта Кентауда инфрақұрылымды жаңарту бағытында да жұмыстар атқарылуда. Қала аумағындағы үш елді мекен табиғи газға қосылып, көгілдір отынмен қамтылған абоненттер саны 17 мыңға жеткен. 120 ипотекалық тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.
Құрылыс жұмыстарының көлемі 20,8 пайызға өскен. Жергілікті бюджеттің өзіндік кірістерінің үлесі 31,4 пайызға жеткен. Бұл көрсеткіштер қаланың экономикалық мүмкіндігі артқан сайын оның әлеуметтік қажеттіліктерін шешуге де белгілі бір мүмкіндік қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.
Инфрақұрылым мәселесінде «Болашақ» мөлтек ауданындағы 14 көшенің ауыз су құбырлары толық ауыстырылып, пайдалануға берілген. Қарнақ ауылындағы жалпы ұзындығы 3,5 шақырым болатын бес көшеге орташа жөндеу жүргізілген. Қаланың ішкі жылу жүйесінің 54 шақырымы қайта жаңғыртудан өткізілген.
Дегенмен Кентау үшін инфрақұрылым мәселесі әлі де өзекті. Өйткені өндірістік қаланың тұрақты жұмыс істеуі тек зауыттар мен кәсіпорындардың жағдайына емес, олардың орналасқан аумағындағы инженерлік желілердің сапасына да байланысты. Электр энергиясы, жылу, су, жол және логистика жүйесі неғұрлым тұрақты болған сайын инвестор үшін де қала соғұрлым тартымды болмақ.
Кентаудың инвестициялық болашағын облыс көлемінде қолға алынып жатқан жобалармен байланыстыра қарауға болады. Алдағы жылдары Түркістан облысында жалпы құны 2,8 триллион теңге болатын 122 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл жобалардың нәтижесінде 17 820 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Кентау да осы инвестициялық белсенділіктен өз үлесін алуы керек.
Мұнда басты мәселе – инвестиция көлемін ғана көбейту емес, оның сапасына мән беру. Яғни қаржы нақты өндіріс орындарына бағытталып, жаңа өнім шығаруға, экспортты ұлғайтуға және тұрақты жұмыс орындарын ашуға қызмет етуі тиіс. «TURAN SHENHUA» зауыты осы талапқа жауап беретін жобалардың бірі. Өйткені мұнда өнім өндіріліп қана қоймай, оның бір бөлігі сыртқы нарыққа жөнелтіледі.
Кентаудың өндірістік тарихы бар. Сондықтан қаладағы жаңа экономикалық модель бұрынғы өндірістік әлеуетті сақтай отырып, оны заманауи технологиялармен толықтыруға негізделуі керек. Әсіресе өңдеу өнеркәсібіне жаңа инвестиция тарту маңызды. Өйткені дайын өнім шығаратын кәсіпорындардың үлесі артқан сайын қаланың қосылған құны да өседі.
Бұл ретте инвесторға тек жеңілдік жасау жеткіліксіз. Өндіріс үшін қажетті инфрақұрылымды дайындау, жер мәселесін шешу, энергия көздерімен қамтамасыз ету, кадр даярлау және өнім өткізу нарығын кеңейту секілді мәселелер де қатар жүруі тиіс.
Кентау тұрғындарымен кездесуде өткен жолы көтерілген мәселелердің орындалу барысына да арнайы тоқталуы бекер емес. Бұған дейін тұрғындар 26 мәселе көтерген. Оның 18-і орындалған, тағы төрт мәселе кезең-кезеңімен шешіліп жатыр. Қалған мәселелер бойынша да тиісті жұмыстар жалғасуда.
Бұл жерде тұрғындармен тұрақты кездесудің мәні көрінеді. Экономикалық көрсеткіштер жоғары болғанымен, халықтың күнделікті өміріндегі нақты проблемалар шешілмесе, оның әсері толық сезілмейді. Сондықтан жол, газ, су, тұрғын үй, жер және басқа да инфрақұрылымдық мәселелер инвестициялық жобалармен қатар жүруі қажет.
Облыс әкімінің тұрғындарды жеке қабылдауы кезінде де осы мәселелер көтерілді. Азаматтар елді мекендерді газбен қамту, жол жөндеу, инфрақұрылым, тұрғын үй және жер мәселелері бойынша өтініштерін жеткізді. Бірқатар мәселе бойынша нақты жұмыстар жүргізілсе, қалғандары жауапты мамандардың қарауына берілді.
Кентаудың қазіргі экономикалық жағдайына бір ғана қырынан баға беру қиын. Бір жағынан, қалада өнеркәсіп өндірісі сақталып отыр. Екінші жағынан, арнайы экономикалық аймақ арқылы жаңа өндірістер тартылуда. Үшінші жағынан, шағын және орта бизнес саны көбейіп, құрылыс пен инвестиция көлемі өсуде. Ендігі міндет – осы бағыттардың бір-бірімен байланысын күшейту.
Кентау үшін жаңа инвестицияның келуі ғана емес, келген инвестордың ұзақ мерзім жұмыс істеуі маңызды. Сол кезде ғана өндіріс орны тұрақты салық көзіне, халық үшін тұрақты жұмыс орнына және қала экономикасының жаңа тірегіне айналады.
Бүгінгі таңда Түркістан облысында инвестициялық жобалар қоржынының ауқымы ұлғайып келеді. Кентаудың өндірістік әлеуетін ескерсек, алдағы жылдары бұл қалаға технологиялық өндірістерді, экспортқа бағытталған кәсіпорындарды және өңдеу саласындағы жобаларды көбірек тартуға мүмкіндік бар.
Қала үшін тағы бір маңызды мәселе – жаңа өндірістердің жергілікті кәсіпкерлермен байланысын жолға қою. Ірі кәсіпорындар айналасында қызмет көрсететін шағын компаниялар көбейсе, инвестицияның мультипликативтік әсері артады. Жүк тасымалы, жөндеу, қосалқы бөлшектер, құрылыс, тамақтану және басқа да қызмет түрлері шағын бизнес үшін жаңа мүмкіндікке айналады.
Сондықтан Кентаудың бүгінгі міндеті – бұрынғы өндірістік қаланың әлеуетін жаңа экономикалық талаптарға бейімдеу. Өнеркәсіпті жаңғырту, өңдеу өндірісін көбейту, экспортқа шығатын өнім түрлерін арттыру, инвестициялық жобаларды сапалы жүзеге асыру және тұрғындарды жұмыспен қамту – осының бәрі бір-бірімен сабақтас мәселелер.
Кентау қаласының алдағы даму бағыты да осыған байланысты болмақ. Қарт Қаратаудың етегінде орналасқан шаһар өзінің өндірістік мүмкіндігін тиімді пайдалана алса, арнайы экономикалық аймақтың әлеуетін толық іске қосса және жаңа инвестицияны нақты өндірістерге бағыттай алса, қала экономикасының жаңа кезеңі басталуы мүмкін.
Ал оның негізгі көрсеткіші миллиардтаған инвестицияның көлемі ғана емес, сол инвестицияның нәтижесінде ашылған жұмыс орны, өндірілген өнім, экспортталған тауар және тұрғындардың тұрмысынан көрінетін өзгеріс болмақ.
