
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың тұрмыс сапасын арттыру жөніндегі міндеттердің ішінде инженерлік инфрақұрылымды дамытуды, әсіресе елді мекендерді сапалы ауыз сумен толық қамтамасыз етуді бірнеше рет стратегиялық басымдық ретінде атап өткен болатын. Президенттің айтуынша, ауыз су – жай ғана коммуналдық қызмет емес, ол азаматтардың өмір сүру сапасына, денсаулығына және өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей ықпал ететін маңызды ресурс. Сондықтан елді мекендерді таза әрі үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі болып қала береді.
Бұл міндет Түркістан облысында да жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Халқы ең көп өңір саналатын облыста су инфрақұрылымын дамыту, тозығы жеткен құбырларды жаңарту, жаңа су көздерін іске қосу және тәулік бойы үздіксіз су беру бағытындағы жұмыстар соңғы жылдары айтарлықтай қарқын алды. Облыс әкімдігі ендігі мақсат тек ауыз су желісін жеткізумен шектелмей, тұрғындарды тәулігіне 24 сағат сапалы сумен қамтамасыз ету екенін айтып отыр.
Осы мәселелер Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен арнайы мәжілісте кеңінен қаралды. Басқосуға облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының, «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының «Оңтүстікауызсу» филиалының, табиғи монополия субъектілерінің және салалық мекемелердің басшылары қатысып, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды баяндады.
Бүгінде Түркістан облысындағы барлық 801 елді мекен орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Оның ішінде жеті қала мен 794 ауылдық елді мекеннің тұрғындары ауыз су инфрақұрылымына қол жеткізген. Бұл соңғы жылдары атқарылған ауқымды жұмыстардың нәтижесі. Алайда ауыз су желісінің болуы барлық жерде тәулік бойы үздіксіз су беріледі деген сөз емес. Кейбір елді мекендерде су кестемен беріледі, кейбірінде ескі құбырлардың тозуы салдарынан қысым төмендейді немесе су ысырабы жоғары деңгейде қалып отыр.
Міне, сондықтан облыс әкімдігі алдағы үш жылға арналған арнайы іс-шаралар жоспарын қабылдады. 2026–2028 жылдарды қамтитын бұл құжаттың негізгі мақсаты – өңірдегі барлық елді мекенді тәулік бойы сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету және су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеру.
Жоспарға сәйкес, биыл Арыс қаласы, Сауран, Мақтаарал, Шардара және Қазығұрт аудандарындағы он елді мекенде тұратын 45,7 мыңға жуық тұрғын тәулік бойы сапалы ауыз сумен қамтылады. Бұл – бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жатқан мәселенің нақты шешім таба бастағанын көрсетеді.
Сонымен қатар жалпы сипаттағы трансферттер есебінен өңірде 36 ауыз су нысанының құрылысы жүргізілуде. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен 15,6 миллиард теңге бөлінген. Жыл соңына дейін оның 10-ы пайдалануға беріледі. Соның нәтижесінде жеті елді мекендегі тозығы жеткен су құбырлары толық жаңартылып, тағы жеті елді мекеннің 32,7 мың тұрғыны тәулік бойы ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Қалған 26 нысанның құрылысы келесі жылы аяқталады.
Мәселенің тағы бір маңызды жағы – ескі инженерлік желілерді жаңарту. Көптеген ауылдарда су құбырлары ондаған жыл бұрын тартылған. Соның салдарынан апаттық жағдайлар жиілеп, су шығыны артып, қызмет көрсету шығындары көбейген. Сондықтан жаңа нысандар салумен қатар қолданыстағы жүйелерді жаңғырту жұмыстары қатар жүргізіліп келеді.
Облыстық бюджеттен ағымдағы жылы осы мақсатқа 2,7 миллиард теңге қарастырылып, 27 нысанда жөндеу жұмыстары басталды. Жыл соңына дейін 21 елді мекеннің су құбырлары толық жаңартылады. Бұл жұмыстар тек құбыр ауыстырумен шектелмейді. Су тарату желілерінің қысымын тұрақтандыру, сорғы станцияларын жаңарту, апаттық жағдайларды азайту және судың ысырабын төмендету де басты назарда.
Өңірде іске асырылып жатқан ең ауқымды бастамалардың бірі – «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы. Осы бағдарлама аясында 2025–2029 жылдары Түркістан облысында ауыз су және су бұру жүйелерін жаңғыртуға 42,9 миллиард теңге бағытталады. Оның ішінде 34,5 миллиард теңгесі ауыз су желілерін жаңартуға жұмсалып, жалпы ұзындығы 511 шақырым болатын су құбыры қайта салынады немесе күрделі жөндеуден өтеді.
Бұл жұмыстар аяқталғаннан кейін облыстағы ауыз су желілерінің тозу деңгейі қазіргі 34,7 пайыздан 28,7 пайызға дейін төмендейді деп жоспарланып отыр. Сарапшылардың айтуынша, бұл апаттық жағдайлардың азаюына, су шығынының қысқаруына және халыққа көрсетілетін қызмет сапасының артуына мүмкіндік береді.
Ауыз сумен қамтамасыз ету – тек коммуналдық саладағы көрсеткіш емес. Бұл өңірдің инвестициялық тартымдылығына да тікелей әсер етеді. Инженерлік инфрақұрылымы дамыған елді мекендерде жаңа өндіріс орындарын ашу жеңілдейді, тұрғын үй құрылысы қарқын алады, әлеуметтік нысандар салуға мүмкіндік көбейеді. Сондықтан соңғы жылдары Түркістан облысында өндірістік аймақтарды дамыту жұмыстары инженерлік желілерді жаңғыртумен қатар жүргізіліп келеді.
