Дербісекте ауыз су беру жүйесі тұрақты жұмыс істеуде

4.jpg 

Әлеуметтік желілерде Сарыағаш ауданына қарасты Дербісек елді мекеніндегі ауыз су мәселесіне байланысты түрлі пікірлер мен жазбалардың таралуына орай жергілікті атқарушы органдар тарапынан ресми түсініктеме берілді. Әсіресе «ТП-32» ауыз су ұңғымасына қатысты жарияланған ақпараттар қоғамда қызу талқыланып, тұрғындар арасында сауалдар туындаған болатын. Осыған байланысты Түркістан өңірлік коммуникациялар қызметі көшпелі брифинг ұйымдастырып, мәселенің мән-жайы ашық форматта түсіндірілді.

Кездесуге Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев қатысып, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен Дербісек ауылының тұрғындарының сұрақтарына жауап берді. Жиында ауыз су нысанының құқықтық мәртебесі, сумен қамту жүйесінің қазіргі жағдайы және алдағы жоспарлар туралы кеңінен айтылды.

Ресми мәліметке сәйкес, Дербісек елді мекеніндегі «ТП-32» ұңғымасы ұзақ уақыт бойы «Рауан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің пайдалануында болған. Алайда биыл жалға алу мерзімінің аяқталуына байланысты мәселе сот органдарының қарауына жіберілген. Сот шешімі нәтижесінде серіктестіктің аталған жер учаскесіне қатысты құқық белгілейтін құжаттарының күші жойылған.

Сонымен қатар су ресурстарын пайдалану мәселесі бойынша уәкілетті мемлекеттік органдар да өз қорытындыларын берген. Атап айтқанда, «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясы санитарлық қорғау аймағына қойылатын талаптардың сақталмауына байланысты су пайдалану құқығын ұзарту жөніндегі өтінішті қанағаттандырудан бас тартқан.

Брифинг барысында аудан әкімі мәселенің толықтай заң аясында қаралып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, тұрғындарды ауыз сумен қамту жүйесінде ешқандай іркіліс жоқ және жағдай тұрақты бақылауда.

-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында барлық елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету міндеті жүктелген болатын. Осыған сәйкес, бүгінде Дербісек ауылында ауыз су беру жүйесі тұрақты жұмыс істеуде. Қазіргі таңда 18 мыңға жуық тұрғыны бар елді мекенде 3 мыңнан астам абонент орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Халыққа қызмет көрсетуді «Сарыағаш Тұрмыс» коммуналдық кәсіпорны жүзеге асырып отыр. Тұрғындарды сумен қамту гидранттық жүйе арқылы штаттық режимде жүргізілуде.

Су тапшылығының алдын алу мақсатында қосымша ресурс ретінде «№2-ТП» ұңғымасы да пайдаланылуда. Мамандардың айтуынша, қолданыстағы су қоры тұрғындар мен кәсіпкерлік нысандардың қажеттілігін толық қамтамасыз етуге жеткілікті,- деді Арман Абдуллаев.

Аудан әкімінің сөзінше, қазіргі таңда ауылдағы сумен қамту жүйесі толық бақылауда және тұрғындардың ауыз суға қолжетімділігіне қауіп төніп тұрған жоқ. Тиісті мекемелер күнделікті мониторинг жұмыстарын жүргізіп, су қысымы мен қор көлемін тұрақты бақылап отыр.

Жиын барысында тұрғындар тарапынан «ТП-32» ұңғымасының болашақтағы мәртебесіне қатысты да сұрақтар қойылды. Ресми мәліметке сәйкес, нысан мемлекет меншігіне қайтарылған жағдайда да халықты сумен қамтамасыз ету жұмыстары тоқтамайды. Ал кәсіпкерлік субъектілеріне қажетті су көлемі заңда белгіленген тәртіп бойынша берілетін болады.

Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда су ресурстарын пайдалану мәселесінде санитарлық қауіпсіздік талаптары күшейтілген. Әсіресе ауыз су көздеріне жақын аумақтардың санитарлық қорғау аймақтарын сақтау мәселесіне ерекше назар аударылып отыр. Өйткені су көздерінің ластануы тұрғындардың денсаулығына тікелей әсер етеді.

Облыс әкімдігі тарапынан да барлық шешімдер тек қолданыстағы заң талаптарына сәйкес қабылданатыны айтылды. Су нысандарына қатысты даулар сот органдарының шешімі мен салалық уәкілетті мекемелердің қорытындылары негізінде реттеледі. Бұл ретте ешбір тараптың құқықтары заңнан тыс шектелмейтіні атап өтілді.

Айта кету керек, аталған мәселе бойынша Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев бұған дейін де арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, қоғамда көтерілген сауалдарға жан-жақты жауап берген болатын. 2026 жылғы 5 мамырда Түркістан өңірлік коммуникациялар қызметінде ұйымдастырылған кездесуде аудан басшысы ауыз сумен қамту жүйесі тұрақты жұмыс істеп тұрғанын және тұрғындарға сапалы қызмет көрсету мәселесі әкімдіктің тұрақты бақылауында екенін мәлімдеген.

Соңғы күндері әлеуметтік желілерде облыс және аудан әкімдерінің атына қатысты түрлі пікірлер мен расталмаған ақпараттар таралғаны белгілі. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдар тұрғындарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырып отыр. Сондай-ақ сот шешімдерімен келіспеген тараптардың заң аясында жоғары сот сатыларына шағымдануға құқығы бар екені ескертілді.

Жалпы соңғы жылдары Түркістан облысында ауыз су инфрақұрылымын жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Өңірдегі елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде қарастырылған. Әсіресе халық саны қарқынды өсіп жатқан ауылдарда жаңа су ұңғымаларын қазу, су тазарту нысандарын жаңарту және ескірген құбыр желілерін ауыстыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде.

Қазіргі таңда Түркістан облысында ондаған ауыз су жобасы қатар жүзеге асырылып жатыр. Сарыағаш, Келес, Жетісай, Мақтаарал және Ордабасы аудандарында жаңа су жүйелерін салу мен қайта жаңғыртуға бюджеттен қомақты қаражат бөлінген. Кейбір шалғай ауылдарда бұрын мүлде болмаған орталықтандырылған су жүйелері іске қосылған.

Мамандардың айтуынша, өңірдегі негізгі мәселелердің бірі – тозығы жеткен су құбырлары. Кеңес кезеңінде тартылған инженерлік желілердің бір бөлігі бүгінгі күні толық жаңартуды қажет етеді. Осыған байланысты облыста инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңарту бағдарламасы жүзеге асырылып келеді.

Сонымен қатар су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесіне де ерекше назар аударылуда. Түркістан облысы климаттық ерекшеліктеріне байланысты су тапшылығы қаупі жоғары аймақтардың қатарына жатады. Сондықтан жерасты су көздерін қорғау, санитарлық аймақтарды сақтау және су шығынын азайту жұмыстары күшейтілген.

Сарапшылардың пікірінше, халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету тек әлеуметтік мәселе ғана емес, өңірдің тұрақты дамуына әсер ететін маңызды факторлардың бірі. Осы бағытта қолға алынған жобалар алдағы жылдары Түркістан облысындағы елді мекендердің инженерлік инфрақұрылымын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді.


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Француздар Арыста сервистік депо салуда
  • Ташкент пен Түркістан арасындағы байланыс нығая береді
  • Түркістан: Сауда алаңының кемінде 30 пайызы отандық өнімдерге бөлінуі тиіс
  • Дербісекте ауыз су беру жүйесі тұрақты жұмыс істеуде
  • «Шекарасыз ынтымақтастық»: Форум аясында маңызды келісімдер жасалды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер