Түркістан облысында халықаралық инвестициялық ынтымақтастықтың жаңа кезеңі жалғасып келеді. Өңір басшысы Нұралхан Көшеров түркиялық «YDA Holding» компаниясының басқарма төрағасы Хусейн Арсланмен кездесіп, бірқатар маңызды жобалардың жүзеге асырылу барысын талқылады. Кездесудің негізгі өзегі – Түркістан қаласында салынып жатқан 570 орындық көпбейінді аурухананың құрылысын толық аяқтау, сондай-ақ алдағы уақытта облысқа тартылатын жаңа инвестициялар мен екіжақты серіктестікті кеңейту мәселелері болды.
Соңғы жылдары Түркістан облысы инвестициялық тартымдылығы жоғары өңірлердің біріне айналды. Мемлекет тарапынан қолайлы жағдай жасалып, инфрақұрылымдық әлеуеттің күшеюі нәтижесінде шетелдік капиталдың қызығушылығы артып келеді. Тек өткен жылдың өзінде өңірге бірнеше миллиард доллар көлемінде инвестиция тартылып, ондаған жаңа өндірістік жоба іске қосылды. Облыста индустриялық аймақтар мен арнайы экономикалық аймақтардың жұмысы жанданып, құрылыс индустриясы, агроөнеркәсіп, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау және логистика бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда.
Түркістан қаласының халықаралық деңгейдегі туристік әрі іскерлік орталыққа айналуы да шетелдік инвесторлардың сенімін арттырды. Жаңа әуежай, әкімшілік-іскерлік орталықтар, қонақүй кешендері, мәдени және әлеуметтік нысандар өңірдің жаңа экономикалық бейнесін қалыптастырып отыр.
Кездесуде сөз алған облыс әкімі Түркия капиталының Түркістанды жаңғыртудағы орны ерекше екенін атап өтті.
– Қасиетті Түркістанға қош келдіңіздер. Жуырда ғана Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті жоғары деңгейде өткізілді. Мәртебелі меймандар Түркістанның дамуын, іс-шараның ұйымдастырылуын жоғары бағалады. Түркістан – түркі әлемі елдерін біріктіруші алтын көпірге айналып отыр. Бұл ретте «YDA Holding» компаниясы қысқа уақытта халықаралық әуежайды салып беріп, сол әуежай арқылы 5 мемлекеттің басшысы тарихи шаһарымызға келгенін айта кеткен жөн. Қазіргі таңда сіздердің компанияларыңызбен бірлесіп, 570 орындық көпбейінді аурухананың құрылысын жүргізіп жатырмыз. Алдағы уақытта ауыл шаруашылығы, өндіріске инвестиция салуға шақырамын. Әріптестікті жалғастыруға дайынбыз, – деген Нұралхан Көшеров Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті, инфрақұрылымдық жобалар мен туризм саласын дамыту бағыттарына тоқталды.
Облыс басшысы өңірде инвесторлар үшін қажетті барлық жағдай жасалғанын, әкімдік тарапынан өндірістік және әлеуметтік жобаларды сүйемелдеу жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатқанын жеткізді. Бүгінде Түркістан облысында жалпы құны жүздеген миллиард теңгені құрайтын ірі индустриялық жобалар қолға алынған. Әсіресе Сауран ауданындағы индустриялық аймақ қарқынды дамып келеді. Мұнда құрылыс материалдарын шығару, тұрмыстық техника құрастыру, агроөнімдерді қайта өңдеу және логистикалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған өндірістер іске қосылуда.
Соңғы уақытта облыстың өнеркәсіп өндірісінің көлемі де тұрақты өсім көрсетіп отыр. Сарапшылар мұны өңірдегі инвестициялық саясаттың тиімділігімен байланыстырады. Түркістанның қолайлы географиялық орналасуы, көлік-логистикалық әлеуеті және көршілес елдермен сауда байланыстары жаңа кәсіпорындардың ашылуына негіз болып отыр.
Кездесу барысында «YDA Holding» компаниясының басқарма төрағасы Хусейн Арслан Түркістанның қарқынды өзгерісін жоғары бағалап, әріптестікті одан әрі нығайтуға дайын екенін мәлімдеді.
– Сіздерді халықаралық саммитті жоғары деңгейде өткізгендеріңізбен құттықтаймын. Түркістан өз тарихи миссиясын атқарып жатыр. Мен Түркістанның ескі кезін де, қазіргі жаңа кейпін де көргенмін. Шаһардың дамуы ерекше қуантады. Инвестициялық жобаларды талқылауға дайынбыз. Түркістандағы 570 орындық аурухананы осы жылдың соңына дейін тапсыруды көздеп отырмыз. Өте жоғары деңгейдегі емдеу мекемесі болады деп сенемін, – деді ол.
Айта кету керек, аталған аурухана жобасы республикалық мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жүзеге асырылып жатыр. Құрылыс үшін 15,6 гектар аумақ бөлініп, жұмыстар 2020 жылдың көктемінде басталған болатын. Қазіргі таңда нысанның құрылыс деңгейі 86 пайызға жеткен. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен мүдделі тараптар арасында жобаны сатып алу жөнінде келісім жасалып, нысанды пайдалануға беру бағытындағы ұйымдастыру жұмыстары жалғасуда.
Жаңа медициналық кешен іске қосылғаннан кейін Түркістан облысының денсаулық сақтау жүйесінде сапалы серпіліс болады деп күтілуде. Заманауи құрал-жабдықтармен қамтылатын аурухана жоғары технологиялық операциялар жасауға, күрделі диагностикалық қызметтер көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл өңір тұрғындарының медициналық қызмет алу үшін басқа қалаларға бару қажеттілігін азайтады.
Мұндай әлеуметтік маңызы зор жобалар Түркістан облысының кешенді дамуының айқын көрінісі. Бүгінде өңірде тек әлеуметтік инфрақұрылым ғана емес, өндірістік сектор да жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Халықаралық инвесторлардың келуі, ірі индустриялық жобалардың жүзеге асуы және стратегиялық серіктестіктің кеңеюі Түркістанды Орталық Азиядағы маңызды экономикалық орталықтардың біріне айналдыруға негіз қалап отыр.
Түркиялық инвесторлармен әріптестіктің нығаюы осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі саналады. Бұл серіктестік алдағы уақытта медицина, ауыл шаруашылығы, өндіріс және логистика салаларындағы жаңа жобалар арқылы жалғасын табуы ықтимал. Түркістанның жаңарған келбеті мен өсіп келе жатқан экономикалық әлеуеті халықаралық бизнес үшін сенімді алаң екенін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.
