Түркістанда өңірдің аграрлық және индустриялық әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған бірегей жоба іске қосылды. 16 мамыр күні облыс орталығында атмосфералық ылғалды басқару және жауын-шашын мөлшерін ұлғайтуға арналған инновациялық технологияның ресми таныстырылымы өтті. Осылайша Қазақстан табиғи ресурстарды тиімді пайдалану бағытында халықаралық тәжірибені енгізіп, климаттық инженерия саласына нақты қадам жасаған Орталық Азиядағы алғашқы мемлекеттердің біріне айналды.
Жобаның толыққанды жұмысы 17 мамырдан басталып, ең алдымен су тапшылығы қатты сезілетін ауыл шаруашылығы аумақтарын қамтиды. Басты мақсат – су қоймаларының толығуын арттыру, егістік алқаптардың өнімділігін сақтау және өңірдегі құрғақшылық қатерін төмендету.
Түркістан облысы – республикадағы ең ірі аграрлық аймақтардың бірі. Мұнда жалпы көлемі 900 мың гектардан асатын ауыл шаруашылығы жері бар. Оның ішінде 575 мың гектарға жуық алқап тұрақты суаруды қажет етеді. Соңғы жылдары климаттық өзгерістер мен жауын-шашынның азаюы өңір шаруалары үшін күрделі мәселе болып отыр. Сондықтан су қауіпсіздігін қамтамасыз ету облыстың стратегиялық даму бағытына айналды.
Жаңа бастама Біріккен Араб Әмірліктерінің Ұлттық метеорология орталығымен бірлескен халықаралық әріптестік аясында жүзеге асуда. Бұл құрылым әлемде ауа райын басқару технологияларын жетілдіруде жетекші ғылыми орталықтардың бірі саналады. Оның мамандары бірнеше онжылдық бойы бұл салада тәжірибе жинақтап, құрғақ климат жағдайында жауын көлемін арттырудың тиімді тетіктерін әзірлеген.
Салтанатты рәсімге Қазақстан Үкіметінің өкілдері, халықаралық метеорология ұйымдарының басшылары, дипломатиялық корпус мүшелері мен облыс басшылығы қатысты.
Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев бұл жобаны елдің технологиялық трансформациясындағы маңызды кезең ретінде бағалады.
Оның айтуынша, Қазақстан климаттық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін ғылыми-инновациялық шешімдерге сүйенген жаңа инфрақұрылым қалыптастыруға кірісті. Бұл бастама тек ауыл шаруашылығына қолдау көрсетіп қана қоймай, озық технологияларды трансферлеуге, жергілікті мамандарды даярлауға және климаттық басқару саласындағы ұлттық мектепті қалыптастыруға жол ашады.
Өз кезегінде Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жобаның өңір үшін айрықша маңызын атап өтті. Оның айтуынша, Түркістан экономикасының негізгі тіректерінің бірі – агроөнеркәсіптік кешен. Сондықтан су қорын сақтау мен тиімді пайдалану облыстың әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығына тікелей әсер етеді.
Әкім соңғы үш жыл ішінде өңірде 114 мың гектар жерге су үнемдеу технологиялары енгізілгенін, ал алдағы бес жылда бұл көрсеткішті тағы 250 мың гектарға ұлғайту жоспарланғанын жеткізді.
Қазіргі таңда Түркістанға арнайы реагенттердің алғашқы партиясы жеткізіліп, техникалық авиация сынақ ұшуларын сәтті аяқтаған. Алдағы кезеңде нақты метеорологиялық жағдайларға қарай жауын қалыптастыру жұмыстары жүргізіледі.
Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, мұндай технологиялар табиғи жауын мөлшерін 10–20 пайызға дейін арттыра алады. Бұл тәжірибе бүгінде Қытай, АҚШ, Франция, Сауд Арабиясы және БАӘ секілді мемлекеттерде кеңінен қолданылады.
Жүйенің әсер ету аумағы шектеулі және нақты қажетті аймақтарға ғана бағытталады. Әрбір операция экологиялық ахуал мен атмосфералық жағдай мұқият зерделенгеннен кейін іске асады. Пайдаланылатын реагенттер халықаралық стандарттарға сай қауіпсіз тұз негізіндегі құрамдардан тұрады.
Мамандардың есебінше, жобаның толық тиімділігі іске асқан жағдайда өңір экономикасына жыл сайын 35 миллиард теңгеге дейін қосымша пайда әкелуі мүмкін. Бұл өнім көлемінің артуы, жайылым өнімділігінің көбеюі және ауыл шаруашылығы тәуекелдерінің азаюы арқылы жүзеге асады.
Жоба Түркістан облысының индустриялық-инновациялық дамуына да серпін береді.
Соңғы жылдары өңір экономикасы түбегейлі өзгерістерді бастан кешіріп келеді. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі тұрақты өсіп, жаңа өндіріс ошақтары ашылуда. Түркістанның арнайы экономикалық аймақтарында құрылыс индустриясы, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау және қайта өңдеу бағытындағы ондаған кәсіпорын іске қосылды.
Сауран индустриялық аймағында жүзеге асырылып жатқан жобалардың жалпы құны жүздеген миллиард теңгеге жетеді. Мұнда құрылыс материалдары, керамика, тұрмыстық техника және агроөнімдерді қайта өңдеу зауыттары жұмысын бастап жатыр.
Тек соңғы екі жылдың өзінде Түркістан қаласына және облыстың өндірістік секторына тартылған инвестиция көлемі бірнеше есеге артты. Жаңа өндірістер мыңдаған жұмыс орнын ашып, өңірдің экспорттық әлеуетін кеңейтуде.
Бүгінде Түркістан тек тарихи-рухани орталық қана емес, жоғары технология мен инновацияны ұштастырған заманауи өңірге айналып келеді. Мұнда цифрландыру, «ақылды қала» жүйелері, агротех және өндірістік автоматтандыру жобалары қатар дамуда.
Жасанды жауын-шашын технологиясын енгізу – осы жаңғырудың айқын көрінісі.
Бұл бастама табиғатқа бейімделудің ғана емес, ғылыми әлеует пен халықаралық серіктестікті ұштастыра отырып, климаттық сын-қатерлерге жүйелі жауап берудің үлгісі болмақ.
Егер жоба күткен нәтижесін берсе, оның тәжірибесі Қазақстанның басқа да су тапшылығы сезілетін өңірлеріне кезең-кезеңімен таратылмақ. Ал Түркістан бұл бағытта ұлттық климаттық технологиялардың тәжірибе алаңына айналады.
