Түркістан соты министр Абаевтың апелляциялық шағымын қанағаттандырмады

аба.jpg

17 ақпан күні Түркістан облыстық соты ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың Қазығұрт ауданы тұрғыны Зүлфия Төребекованың үстінен түсірген апелляциялық шағымын қанағаттандырмады. Бұл туралы RGMEDIA.KZ ақпараттық агенттігі Азаттық радиосына сілтеме жасап хабарлайды.

Былтыр жазда министр Абаев Қазығұрт ауданының тұрғыны Зүлфия Төребекованы «жала жапты» деп сотқа берген. Төребекова тағылған айыпты мойындамаған.

Облыстық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, 2019 жылдың 13 тамызында Қазығұрт аудандық соты Төребекованы Қылмыстық кодекстің «Жала жабу» бабы бойынша кінәсіз деп танып, ақтаған. Кейін Абаевтың өкілдері апелляциялық шағым түсірген. Облыстық сот аудандық соттың үкімін күшінде қалдырып, министр Абаевтың апелляциялық шағымын қанағаттандырмады.

Төребекованың сөзінше, ол 2019 жылы 27 қаңтарда Facebook парақшасында «ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев корупционер!» деп жазба қалдырған. Кейін Абаев «ар-намысы мен қадір-қасиетіме дақ түсірді және іскерлік беделіме нұқсан келтірді» деп сотқа арызданған. Министр арызында «бұл – мәлімдеме негізсіз және әдейі, көпе-көрінеу жалған ақпарат» деп көрсеткен.

Абаевтың адвокаты Сәртехан Сәбиров облыстық соттың шешіміне байланысты министрдің рұқсатынсыз комментарий бере алмайтынын айтты.

Апелляциялық сот отырысына Абаевтың өзі келген жоқ. Процеске адвокаты қатысты.

Қазақстанда бұған дейін де шенеуніктер тұрғындарды, блогерлерді, журналистерді «Жала жабу» және «Қорлау» баптарымен сотқа берген.

Қазақстанда құқық қорғаушылар, халықаралық ұйымдар мен заңгерлер «билік өкілдері Қылмыстық кодекстегі «Жала жабу» және «Қорлау» бабын өзіне жақпаған белсенділерді және журналистердің аузын жабуға қолданады» деп алаңдаушылық білдірген.

Осыған дейін адвокаттар мен құқық қорғаушылар биліктен «Жала жабу» және «Қорлау» бабын Қылмыстық кодекстен алып тастауды сұраған.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев екі бапты Қылмыстық кодекстен Әкімшілік кодекске ауыстырылатынын айтқан. Бірақ әзірге ешқандай өзгеріс болған жоқ.


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Түркістанның туризм әлеуеті Самарқанда таныстырылуда
  • Түркістан мектептерінде "Ясауитану" пәні оқытылмақ
  • Анасы өлтірген болуы мүмкін марқұм балалардың бірі ұл, біреуі қыз
  • Тасада тұрған «диспетчерлер» кімдер? Леңгірде көше атауының дауы 5 жылдан бері созылып келеді
  • Базардан кітапхана ашылды. Түркістанда тың бастама қолға алынды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер