Мемлекет басшысы жариялаған әлеуметтік әділдік қағидаты ұлттық бағдарымызға айналды. Елдің саяси ұстанымында басты орынға шыққан әлеуметтік саясат жалпыға тең мүмкіндік беру, мұқтаж жандарды жан-жақты қолдау міндеттерін белгіледі. Осыған орай, кейінгі жылдары мүгедектігі бар азаматтарға қатысты мемлекеттік қол¬дау¬лар еселеп артты, барлық аймақтарда белсенді өмір сүру орталықтары ашылды, оңалту орталықтарының құрылыстары қарқын алды. Бұл бағыттағы заңнамалық өзгерістер табанды түрде жүргізіліп келеді. Нәтижесінде, осы санаттағы азаматтардың әлеуметтенуіне ерекше көңіл бөлініп, олардың мемлекеттен нақты көмек алу мүмкіндіктері молайып отыр. Осылайша, «Әділетті мемлекет – Әділетті экономика – Әділетті қоғам» қағидасы өзінің жемісті нәтижесін беруде.
Сайлаушылардың кең қолдауына ие болған «AMANAT» партиясы да, әлеуметтік әділдік орнатуды қызметінің мәні етіп белгілеп, ерекше күтімді қажет ететін азаматтар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың қажетті көмек көлемімен қамтылуын, оларға қолайлы орта түзілуін, оңалту шараларына қатысу мүмкіндіктерінің кеңейтілуін Сайлауалды бағдарламасының өзегі етіп белгілеген. Осы міндеттердің орындалуы бүгін партияның Түркістан облыстық филиалы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қолдау мәселелері жөніндегі кеңестің отырысында қаралды. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлайды.
Кеңес мүшелері, Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары, атқарушы мемлекеттік орган өкілдері қатысқан жиында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев сөз алып, ерекше қажеттілігі бар азаматтардың әлеуметтік қорғалуы «AMANAT» партиясының жіті бақылауында екенін айтты.
«Қолда бар деректерге сүйенсек, облысымыз бойынша 102 мыңға жуық мүгедектігі бар адам тіркелген. Олар, облыс халқының 4,7 пайызын, республикадағы мүгедектігі бар адамдардың 14 пайызын құрайды. Осы санаттағы азаматтардың 15,5 мыңға жуығының жасы 18-ге толмаған жас буын өкілдері саналады. Кедергісіз орта құру, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту – партияның Сайлауалды бағдарламасы мен «Кедергісіз келешек» жобасының басым бағыттарының бірі болып бекітілген. Бұл бағытта партия филиалының Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі кеңесі осы саладағы өзекті мәселелерді тұрақты түрде көтеріп, оларды шешу бойынша ауқымды жұмыстар атқарып отыр», - деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.
Партия бекіткен Сайлауалды бағдарламасының «Сапалы жұмыс орындарын құру», «Ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қолдау» бағыттары бойынша 14 іс-шара жоспарланғаны айтылды. Оның ішінде биыл Сауран ауданы, Оранғай ауылында 50 орындық мүгедек балаларға арналған медициналық әлеуметтік орталығы іске қосылатын болады.
Жұмыс жиынын жүргізген кеңес төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ғалымжан Елшібай әлеуметтік әділеттілік қағидасын қоғамның барлық саласына берік кіріктіру мақсат етілетінін жеткізді. Бұл – аса ауқымды, қоғамдық қолдау мен күш-жігер жұмылдыруды қажет ететін міндет екенін атап өтіп, барлық саясаттың негізгі объек¬тісі де, драйвері де – адам екеніне тоқталды. Сондықтан кез келген ше¬шім адамның қажеттілігі мен мүддесін ескеруден туындағаны жөн деп білетінін мәлімдеді.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша хабарлама жасаған Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева өңірімізде мүгедектігі бар адамдар саны өткен жылдың басымен салыстырғанда 4 670 адамға, 2023 жылмен салыстырғанда 6 721 адамға артқанын немесе 4,5 пайыз өсім көрсеткенін жеткізді.
«- 2024 жылдың қорытындысымен оңалту бағдарламасы 95 пайызға орындалып, 66 860 өтініш қанағаттандырылды. Бұл мақсатта 17,1 млрд. теңге қаржы жұмсалды. Биылғы төрт айдың қорытындысымен абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес оңалту құралдары мен арнаулы әлеуметтік қызметтерге 53 734 өтініш қабылданып, 31 834 өтініш қанағаттандырылды немесе техникалық оңалту құралдары мен қызметтер ұсынылып, қажеттіліктің 59 пайызы қамтылды», - деп атап өтті Әсия Құралқызы.
Мүгедектігі бар адамдардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету және олар үшін қолжетімді ортаны қалыптастыруда облыс бойынша 2 135 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны толық бейімделген. Қолжетімді орта құрудағы интерактивті картасына облыс бойынша 3 697 нысан енгізіліп, оның 2 135-і бейімделгені атап өтілді. Сонымен қатар, инфрақұрылымды жақсартуға, соның ішінде оларды пандустармен, дәретханалармен, көру қабілеті бұзылғандар үшін бағыттаушы белгілермен қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндалды. Мүгедектігі бар адамдарға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін 29 мемлекеттік орталықтардың қызметі жайлы жан-жақты ақпарат берілді.
Күн тәртібінде қаралған мәселе бойынша «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Қалыйма Жантөреева, кеңес мүшелері Түркістан облыстық оқушылар сарайының директоры Индира Икапова, «Бақ-Нұры» іскер әйелдер қоғамдық бірлестігі кәсіпкер әйелдер кеңесінің төрайымы Нұржамал Майусова, Түркістан қаласы №17 Ататүрік атындағы мектеп-гимназиясының мұғалімі, «ARMAN-QANAT» қайырымдылық қорының жетекшісі, ерекше балаларға арналған «Армандар орындалады» жобасының авторы, қоғам белсендісі Әсел Бимырзаева, «Шапағат» қайырымдылық қорының президенті Еркінбай Шалтан пікірлерін білдіріп, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды мемлекеттік қолдаумен қамту, оларды оңалту бағытында қоғамда көтеріліп жатқан өзекті мәселелерді қозғады.
Жиын барысында Ораңғай ауылындағы мүгедек балаларға арналған оңалту орталығы қашан пайдалануға берілетіні жөнінде сауал қойылды. Әлеуметтік тұрғыда осал топтағы тұрғындарға, оның ішінде мүгедектерге берілетін тұрғын үйлер пандустармен неліктен қамтылмайтыны, әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылыс жобасында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қажеттілігіне арналған жеделсаты орнату не үшін қаралмайтыны жөнінде мәселелер көтерілді. Әлеуметтік мәні бар нысандар құрылысына арналған жобаларды талқылауда мүгедектердің мүдделерін қорғайтын қоғам белсенділері тартылуы керек екені айтылды.
Сондай-ақ жиын барысында Түркістанның ерекше мәртебесіне сәйкес, инклюзиялы туризм саласын дамытуға кешенді көзқарас қалыптасуы керек деген ұсыныс айтылды. Облыс көлемінде барлық сала бойынша айтарлықтай даму көрсеткіштері бар екеніне назар аударылып, мүгедек азаматтардың саны бойынша, керісінше, өсімнің болуы алаңдатарлық жағдай деп бағаланды. Сондай-ақ аутизм спектрі бұзылуға ұшыраған балаларды анықтау, оларды оңалту шараларымен қамтуға айрықша мән беру керектігі айтылды. Осындай диагнозы бар балалардың көпшілігі шалғайдағы ауыл-аймақтардан келетіні, оларды оңалту шараларына берілетін уақыт көлемін ұлғайту мәселесі көтерілді.
Барлық айтылған ұсыныстар облыстық партия филиалының бақылауында болады. Алдағы уақытта бұл мәселе тиісті облыстық басқарма басшыларының қатысуымен қайта талқыланады деген шешім шығарылды.