Білім – болашақтың бастауы

image.png

Тәуелсіздікке қол жеткізген тұста ерекше мән берілуі керек бірден-бір сала білім саласы болды. Олай дейтініміз, енді ғана дамуға бағыт алған елге нағыз мықты мамандар ауадай қажет еді. Әрі мемлекеттің ертеңі бүгінгі білімді ұрпаққа тікелей байланысты екені бесенеден белгілі. Отыз жылдың ішінде еліміздің білім саласы бір бағытқа түсіп, бүгінде жүйелі дамып келеді деп айта аламыз. Ел президенті де жыл сайынғы Жолдауында дәл осы салаға ерекше назар аударып келеді.  Айталық Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты биылғы Жолдауында «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс» деп атап көрсеткен болатын.

Білімді ел – қашанда табысты ел. Қандай да бір мемлекет болмасын, дамудың биік сатысынан көріну үшін азаматтарының білімі мен білігіне көңіл аударатыны хақ. Соған қоса, білімнің жетістікке алып келер жолдағы ең негізгі құрал екендігі де айқын.

Осының негізінде бүгінгі күні еліміздегі білім саласына тың өзгерістер енгізілді. Бұл өзгерістер білім беру қызметіне жаңаша серпінмен қарауды, әрі қол жеткен табыстарды бағалай отырып, болашақ мамандардың шығармашылық қабілетін дамытуды, оқытушы іс-әрекетін жаңаша тұрғыда ұйымдастыруды көздейді.

 Осы ретте рухани астана Түркістан қаласының  білім саласы жаңа белестерді бағындырып отыр. Бүгінде Түркістан қаласының адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты 61 білім беру мекемелері жұмыс жасауда. Саралап айтар болсақ, 21 жалпы орта мектеп, 5 мектеп-гимназия, 3 мектеп-лицей, 2 ІТ мектеп-лицей, 1 мектеп-интернат, 1 мектеп-балабақша кешені, 1 кешкі мектеп. Олардың үшеуі ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан (Әмір Темір, Әл Фараби, Кешкі мектеп), 20 мектепке дейінгі мекеме яғни балабақша және 7 мектептен тыс мекемелер бар. Одан тыс, қаламызда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 26 мектеп, 87 мектепке дейінгі мекеме жұмыс жасауда. Мемлекеттік мектептердің 15-і қазақ тілінде, 12-сі қазақ-өзбек тілінде, 5-і қазақ-орыс тілінде, 2-і қазақ-өзбек-орыс тілдерінде оқытылады.

Барлық білім ошақтары ішкі әжетхана жүйесімен жабдықталған. Сондай-ақ, мектептер мен балабақшалар түгелдей көгілдір отынмен жылытылады. 

Түркістан қаласы 2021-2022 оқу жылын жалпы саны 48697 оқушымен аяқтады. Оның ішінде 21623 оқушы 1-4 сыныптарда, 21479 оқушы 5-9 сыныптарда, 5595 оқушы 10-11 сыныптарда оқытылды. Одан бөлек, мектепке дейінгі ұйымдарда 14440 бала тәрбиеленіп жатыр. Бұл кезекте тұрған балалардың 95 пайызын құрайды. Мектептен тыс мекемелерде 4556 оқушы түрлі үйірмелерге қатысқан. Қала бойынша үйде оқытылатын бала саны – 324. (Оның ішінде жалпы мектеп бағдарламасымен оқытылатын бала саны – 197,  көмекші мектеп бағдарламасымен оқитын бала саны – 127).

Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы» 2007 жылғы 5 ақпандағы №81 қаулысын жүзеге  асыру  шеңберінде әзірленген даму мүмкіндігі шектеулі балаларға ықпалдастыра (инклюзивті) білім беруді  ұйымдастыру мақсатында 2021-2022 оқу жылында инклюзивті білім беру бойынша 18 мектепте 297 балаға 28 түзету-дамыту сыныптары, ал балабақшалар бойынша 9 балабақшадан тілінде кемістігі бар 72 балаға 9 топ ашылған. Осыған байланысты инклюзивті сыныптар мен топтарды ашу үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 30 қаңтардағы №77 қаулысына сәйкес, 18 штат педагог-дефектолог, 9 штат педагог-логопед мамандары жұмыс жасауда. Мүмкіндігі шектеулі балаларға сабақ беретін мұғалімдерге 40 пайыз есебінде әр мұғалімге 7079 теңге төленуде. Қосымша ақы мөлшері базалық лауазымдық жалақыдан 40 пайыз (ППРК № 1193 жылғы 31.12.2015 ж).  Инклюзивті білім беру – ерекше мұқтаждықтары бар балаларды жалпы білім беретін мектептерде оқыту. Түркістан қаласы бойынша  2019, 2020 жылдары №1 Байтұрсынов, №16 Т.Бигелдинов, №21 М.Пошанов, №24 М.Шоқай атындағы жалпы орта мектептерінен мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы инклюзивті білім беру ресурстық орталықтары ашылды. Түркістанда 9 мектеп STEM-кабинеттерімен жабдықталған. Атап айтқанда, №6 М.Мәметова, №9 Некрасов, №12 Қ.Сәтбаев, №13 Ә.Науаи, №14 Қазыбек би, №16 Т.Бигелдинов, №17 Ататүрік, №24 М.Шоқай, №27 Ө.Жәнібеков мектептері. Тағы 6 мектепті STEM-кабинеттерімен қамту жоспарлануда.

Жыл қорытындысы бойынша, 3896 оқушы 9-сыныпты, 2286 оқушы 11-сыныпты бітірді. Түлектерді қорытынды аттестациялау 2022 жылдың 27 мамыр - 10 маусым аралығында жүргізілді. Олардың ішінде 117 оқушы «Алтын белгі», 106 оқушы «Үздік аттестат» иегері атанды. 11-сыныпты бітірген 1467 түлек Ұлттық бірыңғай тестілеуге өтініш білдіріп, барлығы тестілеуден сәтті өтті. ҰБТ онлайн форматта, яғни электронды түрде ұйымдастырылды. Түлектер сынақты 6 мамыр – 4 шілде аралығында 4 рет тапсыруға мүмкіндік алды. Тестілеудің нәтижесінде қала бойынша орташа деңгей 79,7 баллды құрады. Жоғарғы оқу орындарына түскен түлектердің 54 пайызы оқуға грантпен қабылданған.

Айрықша айта кетерлігі, Жұмабек Тәшенов атындағы №23 IT мектеп-лицейінің оқушысы Әйгерім Нұрлыбек ҰБТ бойынша ең жоғарғы мүмкін болған 140 баллдан 138 балл жинады. Сондай-ақ, Төле би атындағы №19 жалпы орта мектебінің түлегі Бақжан Мақсұтұлының – 137 балл, М.Әбенова атындағы жалпы орта мектептің түлегі Ерсұлтан Ерікұлының – 134 балл, Т.Бигелдинов жалпы орта мектептің түлегі Нұрайым Ергешбайдың 134 балл алғаны түркістандықтар үшін үлкен  мақтаныш.

Өткен оқу жылының тағы бір ерекшелігі – білім ошақтарында «Жазғы мектептердің» ұйымдастырылуы болды. Оны ұйымдастырудағы мақсат – білім  беру сапасын арттыру, білім алушылардың біліміндегі олқылықтарды қалпына келтіру және білімін толықтыру. 2022 жылдың 26 мамыр – 17 маусым аралығында қаланың 30 білім беру ошақтарында ұйымдастырылған «Жазғы мектептерде» ата-аналардың өтінішімен 12574 оқушы қамтылды.

Түркістан қаласының адами әлеуетті дамыту бөлімінің ықпалымен ағымдағы жылы Сауран ауданы Оранғай ауылдық округі «Құшата» елді мекенінде Балалардың жазғы сауықтыру демалыс лагері жұмысын бастады. «Балауса» лагері 16 маусымынан бастап іске қосылды. Жазғы лагерлерге 900 тұл жетім, жартылай жетім, әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балаларына тегін жолдама берілді. Сондай-ақ, бөлімге қарасты 32 мектептің 1-7 сыныптар арасында 12000 бала тамақсыз, 200 бала тамақпен мектеп жанындағы лагермен қамтылды.

Биылғы 2022-2023 жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа қабылданған оқушы саны – 6250. 1-сыныпқа қабылдау «Egov.kz» Электрондық үкімет порталы арқылы және ата-аналардың өтініші бойынша жүргізілді.

Мамандардың мәліметінше биылғы оқу жылына жалпы 237905 дана оқулықтар сатып алынған. Оның ішінен 2-сынып балалары оқулықтармен жүз пайыз қамтамасыз етілді. Оқулықтарды қайта басып шығару кестесіне сәйкес, 7-сынып үшін «Физика», «Химия», «Биология» қостілді оқулықтары және 5-11 сыныптар үшін «Абайтану» оқулықтары, инклюзивті сыныптардың 8-9 сыныптары 121617 дана оқулықтар мен оқу әдістемелік кешендерімен толықтырылды. Сонымен қатар, қалада оқушылар санының ерекше қарқынмен өсуін ескере отырып, мектеп қоры 116288 дана жетіспейтін оқулықтармен толықтырылып, ескілері жаңартылған.

2022 жылдың тамыз айындағы мәлімет бойынша Түркістан қаласы адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты мемлекеттік 34 мектепте 48250 бала тіркелген. Олардың ішінде 113 бала ата-ана қамқорлығынсыз қалған: қорғаншылық пен қамқорлықтағы бала саны –104, патронаттағы бала саны – 9. Көпбалалы мұқтаж отбасындағы бала саны – 4825, аз қамтылған бала саны –2554,  атаулы әлеуметтік көмек алмайтын күнкөріс жағдайы төмен отбасылардағы бала саны –1178, жетім бала саны – 78, жартылай жетім балалар саны – 1302. Биылғы жылы Түркістан қаласы бойынша 4553 бала мектеп оқушыларын ыстық тамақпен қамтылған. 

Білім ошақтарында білікті ұстаздарға да, дарынды оқушылармен жұмыс істеуге де айрықша көңіл бөлініп келеді. Түркістан қаласының педагогтары да, оқушылары да облыстық білім бәсекелерінде топ жарып, алдыңғы қатардан көрініп келеді. Биылғы жылы ұйымдастырылған негізгі олимпиадалар мен ғылыми жоба жарыстарында да айтарлықтай жүлделі орындарға ие болды. Мұғалімдер арасында өткен облыстық олимпиадаға 15 мұғалім қатысып, 13 мұғалім жүлделі орындарды иеленді. Түрлі деңгейдегі басқа да облыстық білім бәсекелерінде тағы 19 педагог жүлдегерлер қатарынан табылды. 

Ал, жалпы білім беретін пәндер бойынша 5-6 сынып оқушылары арасындағы пәндік олимпиаданың облыстық кезеңінде 12 оқушы, жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша 7-8 сынып оқушылары арасындағы олимпиаданың облыстық кезеңінде 2 оқушы, жалпы білім беретін пәндер бойынша 9-11 сынып оқушылары арасындағы Республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде 27 оқушы жүлделі орындарды жеңіп алса, 8-11 сынып оқушыларының ғылыми жоба жарыстарында 9, 2-5 сынып оқушыларының «Зерде» ғылыми жобалар сайысында 3 оқушы білімдерімен көзге түсіп, алдыңғы қатардан көрінді. 28 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Қалдан Серік өткен оқу жылында IV республикалық Абайтану олимпиадасының облыстық кезеңінде 1-орынды иеленді. «Alash star» халықаралық өнер байқауының «Көркемсөз оқу» номинациясы бойынша «Бас жүлде» иегері.

2021-2022 оқу жылында спорттық жарыстарда түркістандық оқушылар жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Атап айтқанда, Ұлттық мектеп лигасында Ж.Еділбаев атындағы №18 мектеп-гимназиясының 9-11 сынып қыздар командасы волейболдан І орын, 7-8 сынып қыздар командасы баскетболдан І орын, Төле би атындағы №19 жалпы орта мектебінің 9-11 сынып қыздар командасы стрейтболдан І орынды иеленіп, республика чемпиондары атанды. Ал, үстел теннисінен М.Жұмабаев атындағы №15 мектеп-гимназиясының 5-6 сыныптардан құралған командасы ІІ орын, Р.Исетов атындағы №20 жалпы орта мектебінің 7-8 сынып ұлдар командасы футболдан ІІІ орынды иеленді.

Гимназиада жарысы бойынша Ө.Жәнібеков атындағы №27 ІТ мектеп-лицейінің 9-11 сынып қыздар командасы гандболдан ІІІ орынды жеңіп алды. Sportfest спартакиадасы бойынша баскетболдан Түркістан құрамасы ІІІ орын, М.Шоқай атындағы №24 жалпы орта мектебінің оқушысы Бекайдар Қарақат үстел теннисінен ІІ орын, Ататүрік атындағы №17 мектеп-гимназиясының оқушысы Оралбай Ердәулет тоғызқұмалақтан ІІ орын, футболдан Түркістан облысы әкімі кубогінде Түркістан құрамасы яғни 9-11 сынып ұлдар командасы ІІ орын, 5-6 сынып оқушылары І орын иегері атанды.

Оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және үйірмелерге тарту мақсатында қосымша білім беру бағдарламасы жалпы білім беретін мектептерде жүзеге асырылуда. Түркістан қаласының адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты мектептерде 2021-2022 оқу жылында 33290 оқушы үйірмелермен қамтылса, 19100 оқушы спорттық секцияларға қатысты.

2021-2022 оқу жылында 7 қосымша білім беру мекемелеріне (Балалар мен жасөспірімдер орталығы – 1410 оқушы, Саз мектебі – 294 оқушы, «Ақжайық» музыкалық мектебі – 139 оқушы, Өнер мектебі – 72, Қолөнер мектебі – 273 оқушы, Жас туристер станциясы – 678, Оқушылар сарайы – 1188) 4054 бала жұмылдырылған. Жалпы, қала бойынша 38700 бала қосымша білім беруге қатысады. 5 мекемедегі қосымша біліммен қамтылған оқушыларға сынып бөлмелері жетіспейді. Атап айтқанда, Қолөнер мектебі, Балалар мен жасөспірімдер орталығы, Өнер мектебі, Жас туристер орталығы, Саз мектебі. Тіпті, 3 қосымша білім беру ұйымының (Саз мектебі, Өнер мектебі, Жас туристер орталығы) өз ғимараттары жоқ. Аталған білім беру ұйымдары «Халықтық кеңсе» ғимаратында орналасқан. 

Адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты мектептердің көпшілігі тиісінше толықтай ағымдағы жөндеуден өткен. Ал, Төле би атындағы №19 және М.Пошанов атындағы №21 жалпы орта мектептері күрделі жөндеуден өткізілді. Сөйтіп жаңа оқу жылын оқушылар жаңарған мектептерде бастады. Мұның барлығы түркістандық оқушылардың игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыстар.

Түркістан қаласындағы барлық мектептер жүз пайыз бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етілген. Видеожазбаны сақтау мерзімі кемінде 30 тәулікті құрайды. Мектептер арнайы күзетпен қамтамасыз етілмеген. Күзетуді қарауылдар мен вахтерлер жүзеге асырады. Мектептерге 2021 жылдың қыркүйек айында дабыл түймелері орнатылды. Білім ошақтарының 6,2 пайызы оқушылардың электрондық базасымен және турникеттермен қамтылған. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары қатаң қолға алынған.

Қазіргі таңда қалада үш ауысымда білім беретін 3 мектеп (№14 Қазыбек би, №15 М.Жұмабаев, Е.Иззатуллаев мектептері), үш ауысымға өту қаупі бар 4 мектеп (№2 Хамза, №11 Ж.Жабаев, №23 Ж.Тәшенов, М.Әбенова мектептері) бар. Ең алдымен осы мектептердің мәселесін шешу жауапкершілігі тұр. Алғашқы кезекте қаладағы апатты жағдайда деп танылған Әмір Темір атындағы №3, Е.Иззатуллаев атындағы жалпы орта мектептерінің жағдайын оң шешу талап етіледі. Сонымен қатар, өткен оқу жылы Қазыбек би атындағы №14 жалпы орта мектеп, М.Жұмабаев атындағы №15 мектеп-гимназия, Ж.Тәшенов атындағы №23 ІТ мектеп-лицейі, Хамза атындағы №2 жалпы орта мектеп, Ж.Жабаев атындағы №11 жалпы орта мектеп, М.Әбенова атындағы жалпы орта мектептері үш ауысымда оқығандығы да назар аудартатын мәселе. Сондықтан Мемлекет басышсының Жоллау"Жайлы мектеп" жобасының қолға алынуы бізді де қуанышқа кенелтіп отыр. Осы жоба аясында халық көп шоғырланған, өсімі жоғары мөлтек аудандардан қаламызда 9 мектеп салу жоспарлануда. Олардың ішінде 5 мектептің құрылысы алдағы жылы басталады деп отырмыз. Қажетті құжаттардың барлығы реттеліп, тиісті басқармаға ұсынылды. Бұл қаламыздағы жоғарыда аталған үш ауысымды мектептерді болдырмауға зор септігін тигізеді. 

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Жолдауында: «Әділетті Қазақстанды құру ісінде мұғалімдердің рөлі айрықша екені сөзсіз. Мемлекетімізде соңғы жылдары ұстаз мамандығының абырой-беделін арттыру үшін көп жұмыс жасалды. Дегенмен, бұл бағытта әлі де біршама өзгерістер жасау қажет – деп ұстаздардың біліктілігіне баса назар аудару керектігін айтқан болатын. 

Қазіргі күні қала бойынша мектептердегі жалпы қызметкерлер саны 7002 болса, соның ішінде 4526-і педагогтар. Бұл педагогтардың 4524-і жоғары білімді, 2-еуі арнаулы орта білімді. Ал, санаты бойынша саралайтын болсақ: 84 педагог-шебер, 841 педагог-зерттеуші,  792 педагог-сарапшы, 803 педагог-модератор. Осыған орай, педагог-шебер санаты үшін – 50, педагог-зерттеуші санаты үшін – 40, педагог-сарапшы санаты үшін – 35, педагог-модератор санаты үшін 30 пайыз үстемеақы төленеді. Жалпы мұғалімдердің 55 пайызының біліктілік санаты бар.

2021 жылдың қаңтар айынан бастап білім мекемелеріне жұмысқа орналасу, бүлдіршіндерді балабақшаға, оқушыларды мектепке қабылдау және мектептен мектепке ауыстыру жұмыстары SMARTNATION.KZ жүйесіне ауыстырылған. Қазір осы жүйемен жұмыс жасап келеміз. Мұғалімдерді жұмысқа қабылдау SMARTNATION.KZ порталы арқылы жүргізілуде.

Мектеп басшыларының екеуі былтыр аттестациялаудан өтсе, 12 директор биыл аттестациялаудан өтеді. Оның 11-і менеджер-басшы (II санат), біреуі басшы-көшбасшы (жоғары санат).

Қазір барлық елдер жоғары сапалы білім жүйесімен жұмыс істеуде. Өйткені, мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі оның тұрғындарының парасаттылығымен, озық ойлылығымен, білімділігімен анықталады. Сол үшін білім беру жүйесі болашақтың талабына сай дамуы тиіс. Оқушыларды заманауи әдіс-тәсілдермен оқытып, оларды өрісті, саналы, көзі ашық, көкірегі ояу етіп тәрбиелеу қажеттілігі де осы себептен туындап отыр. Білімге және білуге құштар азаматтар елімізге қашанда керек.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Түркістанның туризм әлеуеті Самарқанда таныстырылуда
  • Түркістан мектептерінде "Ясауитану" пәні оқытылмақ
  • Анасы өлтірген болуы мүмкін марқұм балалардың бірі ұл, біреуі қыз
  • Тасада тұрған «диспетчерлер» кімдер? Леңгірде көше атауының дауы 5 жылдан бері созылып келеді
  • Базардан кітапхана ашылды. Түркістанда тың бастама қолға алынды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер