Туризмі түлеп келе жатқан Төлеби ауданында қазіргі таңда 254 демалыс орындары бар. Аталған демалыс кешендерінің басым бөлігі Өгем, Қасқасу, Біркөлік сынды шатқалдардың етегінде орналасқан. Тау бөктеріне апаратын жолдардың барлығы бүгінде жөнделіп, инфрақұрылымы реттелген. Бұл өз кезегінде туристердің артуына жол ашып отыр. Туристердің жайлылығы ғана емес олардың қауіпсіздігі де басты назарда болуы тиіс. Осы мақсатта аудан басшылығы туристік нысандарға апаратын жолдардың бойына камераларды орнату жұмыстарын жүргізуде.
Аудан әкімі Еркеғали Әлімқұловтың айтуынша биыл 11 «Сергек» камерасы орнатылатын болады. «Ауданымызда өздеріңіз білесіздер, демалыс аймақтары көп. Бізге ел тұрғындарынан бөлек, көршілес мемлекеттің туристерді де жиі аяқ басады. Сондықтан жол бойындағы туристердің қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс. Осы мақсатта биыл туристік нысандарға апаратын жолдардың бойына 11 «Сергек» камараларын және 1 бақылау камерасын орнатуды жоспарлап отырмыз»,- деді аудан басшысы брифинг барысында.
Айта кетейік, қазіргі таңда аудан бойынша 3 «Сергек» камерасы жұмыс істейді.