Шымқаланың қақ ортасынан бөліп өтетін Қошқар ата өзенінің жоспар бойынша биыл 1,6 шақырым жеріне абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Атап айтқанда, өзен бойы тазартылып, жағасына түрлі сәндік ағаштар егіледі, аяқжолдар мен жарықшамдар қойылмақ. Бүгінде аталған аумақта тиісті құрылыс жұмыстары басталып кеткен. Қаладағы ирригациялық сулар құйылатын, ұзындығы 20 шақырымды құрайтын Шымкент каналының жағдайы да қала басшылығының назарында. Қазір каналдың бойында абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Қала әкімінің орынбасары Ғабит Патшаханұлының айтуынша өзенді абаттандыру жұмысында бірқатар мәселелер туындаған. «Аталған аумақта үйлер кезінде ретсіз салынған. Қазір заңдастыру мәселелерін шешіп жатырмыз. Ол маңдағы 96 жер телімі мемлекетке қайтарылыуы тиіс. Оның 26-ы үйлер, 14-і қосымша құрылыстар, 28 жер учаскесі және 33-і гараж. Құрылыс жұмыстарының басталып жатқанын көріп 20 азамат жер телімін өз еркімен қайтарып берді. Құрылысқа бей-жай қарамай, қаламыздың көркеюіне ат салысқан тұрғындарға алғысымды білдіремін»,- деді ол.
Еске сала кетсек қала басшысы Нұрлан Сауранбаев Шымкент қаласын жан-жақты дамыту жайы Елбасының тікелей бақылауында екенін және негізгі жұмыстар қаланың сәулеттік келбетін жақсарту, инфрақұрылымын дамыту мен абаттандыру, көгалдандыруға бағытталатынын айтқан болатын.