Сарыағаш ауданында «Жайлы мектеп» жобасы аясында 4 мектеп салынуда. Аудан әкімі Арман Абдуллаевтың айтуынша соның бірі Сарыағаш қаласында салынып жатыр. Ол №2 А.Сүлейменов атындағы орта мектеп. Мектеп 300 орындық. Мектептің құрылыс жұмысымен аудан әкімі арнайы барып танысты.
Бүгінгі таңда, мектептің қазан шұңқырын қазу жұмыстары аяқталып, нысанның іргетасын көтеру жұмыстары жүргізілуде.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында білім саласына қайта басымдық бере отыр. «2020 жылдан бері мұғалімдердің жалақысы өсті. Ай «Жайлы мектеп» жобасы аясында 400-ге жуық мектеп салынады», деді Президенті жаңа Жолдауында. Жалпы 2023-2025 жылдары «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында ауданда 10 мектеп салу жоспарланған. Қазіргі таңда 4 мектептің құрылысы жүргізілуде. Президентіміз алдыңғы Жолдауында «Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек», дей отырып, әрбір өңірдің ерекшелігіне қарай мектеп салуды тапсырды. Бүгінгі таңда Сарыағаш қаласында осы «Жайлы мектеп» жобасы арқылы 300 орындық бір мектептің құрылыс жұмысы басталды, - дейді ол.
Оның айтуынша, ол мектепке апаратын көшелерге асфальт жолдар төселеді. Жанында автобус аялдамалары ашылады. Барлық инженерлік инфрақұрылымды да қамтылады. «Мұның бәрі жайлылық ұғымына кіреді, тиісінше осы мәселелердің барлығы жобада қарастырылады. Бір сөзбен айтсақ, ұлттық жоба 800 мың балаға арнап, жоғары стандарттарға сәйкес заманауи, жайлы мектеп салынады дегенді білдіреді. Оған өте сапалы құрылыс материалдары қолданылады. Балалар үшін тиісті жағдайлар жасалады. Қауіпсіздік жүйелері де енгізілетін болады», деді аудан әкімі.
«Жайлы мектептің» ерекшелігі – мектепте оқушы үшін де, мұғалім үшін де жан-жақты қолайлы жағдай жасалады. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектепте бөлек блоктарда оқиды. Әр блокта оқу кабинеттері, дәретханалар, спортзалдар болады. Балалар үшін бейнебақылау, дыбыстық хабарлау және басқа да күшейтілген қауіпсіздік шараларын орнату көзделіп отыр. Оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдарын сақтауға, ауыстырып киетін киімге арналған жеке шкафтар, сондай-ақ кітап оқуға, балалардың шығармашылық дамуы мен демалуына тиісті жағдайлар қарастырылады.
Құрылыс жұмыстарының басында болған аудан басшысы бүгінгі күнге дейін атқарылған құрылыс жұмыстарының жағдайын саралай отырып, жауапты мердігер мекеме басшысына алдағы уақытта да құрылыс жұмыстарының барысын тұрақты түрде өзі келіп қадағалап тұратынын жеткізді.