
Қазіргі қоғамдағы ең өзекті әлеуметтік мәселелердің бірі – масылдық құбылысы. Масылдық деп жеке адамның немесе белгілі бір әлеуметтік топтың өз мүмкіндігі бола тұра, еңбек етуге, жауапкершілік алуға ұмтылмай, мемлекеттің немесе өзге азаматтардың көмегіне үнемі иек артуын айтамыз. Бұл құбылыс тек жеке адамның тағдырына ғана емес, тұтас қоғамның дамуына кері әсерін тигізетін қауіпті дертке айналып отыр.
Осы орайда Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Отбасын қолдау орталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен «Масылдық – қоғамның өзекті мәселесі» атты мазмұнды іс-шара өтті.
Жиынға орталық директорының орынбасары Икрамхан Әбдішәкір, «Қазақстан Халық партиясы» ҚБ Шымкент қалалық филиалының төрағасы, қоғамдық кеңес мүшесі Б. Джандарбеков, «Әділет-Ақпарат» кәсіпкерлер және тұтынушылар құқығын қорғау қоғамдық бірлестігінің кеңесшісі Қ. Ержигитов, сондай-ақ «Әжелер» кеңесінің өкілдері қатысты.
Бұдан бөлек, Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты «Қорғаншылық және қамқоршылық» орталығы директорының орынбасары М.Тоқсанбаева, Шымкент қаласы Әділет департаментінің құқықтық түсіндіру және заңгерлік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Н.Айдаров және М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің әлеуметтік жұмыс мамандығының 1-курс студенттері де жиынға арнайы келді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – масылдықтың қоғам дамуына тигізер кері әсерін талқылау, оның әлеуметтік әділетсіздікке, экономикалық шығынға және жеке тұлғаның даму тежелуіне алып келетінін түсіндіру болды. Кездесу барысында әр азаматтың өз еңбегіне сүйеніп, қоғамға үлес қосуының маңыздылығы, еңбектің адамды қалыптастырып, қоғамды ілгерілететін басты құндылық екені жөнінде келелі ойлар ортаға салынды.
Масылдық қоғамда бір күнде қалыптаспайды. Оның түп-тамыры бірнеше факторға байланысты. Біріншіден, әлеуметтік қолдау тетіктерін теріс пайдалану. Мемлекет тарапынан көрсетілетін жәрдемақы мен әлеуметтік көмектердің басты мақсаты – қиын жағдайға тап болған азаматтарды уақытша қолдау. Алайда кей жағдайда бұл көмек тұрақты табыс көзіне айналып, еңбек ету ынтасын әлсіретеді.
Екіншіден, тәрбие мен құндылықтар жүйесінің әлсіреуі. Отбасында баланы еңбекке баулымай, барлық мәселені дайын күйінде ұсыну – болашақта жауапкершіліктен қашатын, жеңіл жолды таңдауға бейім тұлғаны қалыптастырады. Үшіншіден, қоғамда «дайын асқа тік қасық» болуды қалыпты құбылыс ретінде қабылдау үрдісі де масылдықтың тамыр жаюына себеп болады.
Масылдықтың ең қауіпті салдары – еңбек мәдениетінің төмендеуі. Еңбекке деген құрмет жоғалған жерде бәсекеге қабілеттілік те әлсірейді. Бұл өз кезегінде экономикалық өсімге, өндіріс пен кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіреді.
Сонымен қатар, масылдық әлеуметтік әділетсіздік сезімін тудырады. Еңбек етіп, салық төлеп отырған азамат пен еңбек етпей, тек көмекке сүйенген адамның арасы алшақтай түседі. Мұндай жағдайда қоғамда наразылық күшейіп, әлеуметтік бірлікке сызат түсуі мүмкін.
Масылдықпен күрес тек жазалау немесе шектеу арқылы жүзеге аспайды. Бұл – кешенді көзқарасты талап ететін мәселе. Ең алдымен, әлеуметтік көмектер нақты мұқтаж жандарға бағытталып, олардың еңбекке қайта араласуына жағдай жасалуы тиіс. Қайта даярлау курстары, жұмыспен қамту бағдарламалары осы мақсатқа қызмет етуі қажет.
Екіншіден, қоғамда еңбекқорлық, жауапкершілік, өз күшімен жетістікке жету құндылықтарын дәріптеу маңызды. Білім беру жүйесінде де оқушыларды тек теориямен емес, өмірлік дағдылармен, адал еңбектің қадірін түсінуге тәрбиелеу қажет.
Үшіншіден, әр азаматтың жеке жауапкершілігі шешуші рөл атқарады. Мемлекет қанша қолдау көрсеткенімен, адам өз болашағы үшін өзі жауап бермейінше, қоғам дамымайды.
Масылдық – тек жеке адамның әлсіздігі емес, ол қоғамды іштен ірітетін қауіпті дерт. Одан арылудың жолы – еңбекке негізделген әділетті қоғам құру, әлеуметтік қолдауды тиімді ұйымдастыру және жауапкершілігі жоғары азамат қалыптастыру. Еңбек еткен ел ғана еңсесін тіктеп, тұрақты дамуға қол жеткізе алады.
Жиын соңында қатысушылар еркін форматта пікір алмасып, өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мазмұнды жауап алды. Іс-шара қоғамның еңбекке деген көзқарасын күшейтіп, азаматтық жауапкершілікті арттыруға бағытталған мәнді басқосу ретінде өз бағасын алды.
