Шымкентте қазақ қоғамындағы әйел мәртебесі және гендерлік саясат мәселелері талқыланды

 image.png 

    Қазақ қоғамы ғасырлар бойы адамгершілік құндылықтарды, отбасылық бірлікті және ұрпақ тәрбиесін жоғары қойған халықтардың бірі. Дәстүрлі мәдениетте әйелдің орны ерекше бағаланған: ол – шаңырақтың ұйытқысы, отбасының тірегі, ұлттың тәрбиелеушісі, ұрпақ жалғастырушы әрі қоғамның белсенді мүшесі. Қазіргі заманда бұл құндылықтар жаңа мазмұнға ие болып, әйелдердің әлеуметтік, экономикалық және саяси өмірге қатысуы гендерлік саясаттың негізгі бағыттарының бірі ретінде дамуда.

     Осы орайда Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында «Қазақ қоғамындағы әйел мәртебесі» атты мазмұнды кездесу өтті. Басқосуда еліміздегі гендерлік саясат, әйелдердің құқықтары мен қоғамдағы рөлі, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері кеңінен талқыланды.

     Іс-шараның мақсаты - қазіргі қоғамдағы әйелдің орнын айқындау, олардың әлеуметтік, экономикалық, саяси өмірге белсенді араласуын қолдау, гендерлік теңдікке қатысты ой-пікірлерді ортаға салу және зорлық-зомбылыққа жол бермейтін мәдениетті қалыптастыру.

      Кездесу барысында Қазақстандағы гендерлік теңдік саласындағы өзгерістер мен мәселелер кеңінен сөз болды.

    Тәуелсіздік жылдарында әйелдердің әлеуметтік-қоғамдық мәртебесі жаңа деңгейге көтерілді. Қазақстанның мемлекеттік саясаты гендерлік теңдік қағидаттарына негізделіп, әйелдердің қоғамның барлық саласына белсенді араласуына жағдай жасады. Қазақстанда жоғары білімді әйелдердің үлесі ерлерден кем емес. Университет студенттерінің жартысынан көбі – қыздар. Бұл еңбек нарығында білікті әйел мамандардың көбеюіне әкелді. Әйелдер білім беру, денсаулық сақтау, қаржы, кәсіпкерлік, мемлекеттік қызмет, әлеуметтік сектор сияқты салаларда жетекшілік қызметтер атқарып, ел экономикасына маңызды үлес қосып отыр. Шағын және орта бизнестегі кәсіпкерлердің шамамен жартысына жуығы – әйелдер. Сонымен қатар соңғы жылдары елімізде әйелдердің  ғылым, медицина, басқару салаларында белсенділігі артып келеді. Әйелдердің қоғамдық өмірге қосқан үлесі артып, шешім қабылдау деңгейіндегі қатысуы көбейіп келеді. Сондай-ақ, жақында қабылданған тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыс ретінде танитын заң гендерлік саясаттағы маңызды қадам ретінде бағаланды. Бұл отбасы қауіпсіздігін күшейтуге және зорлық-зомбылық фактілерінің алдын алуға бағытталған шешуші реформа десек қателеспейміз.

     Кездесуде сөз алған «Қазақстан Республикасының республикалық әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің филиалы, «Шымкент қалалық әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Баян Жандосова әйелдерге қатысты стереотиптердің біртіндеп жойылып жатқанын, алайда бұл бағытта әлі де жүйелі жұмыстың қажет екенін атап өтті.

- Бүгінгі қазақ әйелдері білімді, талапты, белсенді. Олар тек отбасының ғана емес, бүтін бір қоғамның берекесін сақтап отырған күш. Әйелді қолдау - қоғамды қолдау. Біз қыздарымыздың қауіпсіз ортада өмір сүріп, өз мүмкіндігін толық іске асыруына жағдай жасауымыз керек. Тұрмыстық зорлық-зомбылықты болдырмау әрбіріміздің міндетіміз, -деді ол.

     Қазақ қоғамындағы әйел мәртебесі тарихтың әр кезеңінде жоғары бағаланған. Қазіргі уақытта әйелдердің қоғамдық өмірдегі орны бұрынғыдан да кеңейіп, олар ел дамуының негізгі қозғаушы күшіне айналып келеді. Гендерлік саясаттың дамуы – тең мүмкіндіктер қоғамын қалыптастыруға, әлеуметтік әділдік пен тұрақты даму қағидаттарын нығайтуға бағытталған маңызды қадам.

     Әйелдердің білімді, білікті, белсенді болуы — Қазақстанның болашағының жарқын болуына қосқан үлесі.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Шымкентте «Қарызсыз қоғам» жобасының жүзеге асырылуы бойынша кеңейтілген жиын өтті
  • Шымкентте қазақ қоғамындағы әйел мәртебесі және гендерлік саясат мәселелері талқыланды
  • Кәсібилік пен тәжірибе – басты құндылық
  • Инфрақұрылымның тынысын тірілткен маман
  • Еңбекші ауданында өрт қауіпсіздігі және улы газдың алдын алу шаралары өткізілді
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер