Аспаздық – жүрекпен таңдалған кәсіп

image.png

    Тамақтандыру саласы бүгінгі таңда әлемдік экономиканың қарқынды дамып келе жатқан бағыттарының бірі. Бұл ретте білікті аспаз мамандарының рөлі ерекше. Шымкент қаласындағы «Тамақтандыру индустриясы және сервис» колледжі аталмыш саланың сұранысына сай жоғары деңгейлі кадрлар даярлайтын беделді білім мекемесі саналады. Колледждің «Аспаз» мамандығы еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие кәсіби мамандарды қалыптастыруға бағытталған. Білім алушылар теориялық біліммен қатар, өндірістік тәжірибеде шынығып, кәсіби дағдыларын жетілдіреді. Оқу бағдарламасы халықаралық стандарттарға сәйкес жасалған, оған: тағам дайындаудың классикалық және заманауи технологиялары, тағам қауіпсіздігі стандарты (HACCP), кондитерлік өнер негіздері, ұлттық және әлемдік ас мәзірінің ерекшеліктері, мейрамхана ісі және сервис мәдениеті сияқты маңызды пәндер кіреді.

      Аспаз болу – бұл тек тамақ дайындау ғана емес, бұл — өнер, шабыт және жанмен жасалатын еңбек. «Кәсіп – менің тағдырым» жобасы аясында болашақ аспаздар өз мамандықтарын мақтанышпен таныстыруда.  Дәм мен сән үндескен тағамдарды дайындайтын колледж   студенттері тек маман емес, болашақта мейрамхана индустриясын дамытатын көшбасшылар!

    «Менің таңдаған мамандығым аспаз. Аспаздық менің қызығушылығым, қабілетім және  арманыммен тығыз байланысты. Осы кәсіп арқылы мен қоғамға пайдамды тиізгім келеді. Өзімді дамытып, елімнің өркендеуіне үлес қосуды армандаймын. Кәсіп таңдау тек жұмыс тауып, күн көрудің амалы емес, бұл тағдырыңды айқындайтын маңызды қадам. Қазіргі таңда «Wok wok pan Asian» мейрамханасында өндірістік практикадан өтіп жатырмын. Мұнда суши, роллдар, рамен тағы да басқа тағам түрлерін дайындаймын. Аспаз болу бала күнгі арманым. Осы таңдаған жолдан таймай, өз ісімнің шебері болуға тырысамын»,- дейді «Аспаз» мамандығында оқып жатқан студент Сабыр Нұрбек. 

     Колледж қаланың жетекші мейрамханалары, қонақ үйлері және тамақтандыру кәсіпорындарымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Студенттер кәсіпорындарда дуалды оқыту арқылы тәжірибеден өтеді, ал үздіктері жаңа жұмыс орнына тікелей шақыртулар алуда. Түлектердің көпшілігі аспаз, кондитер, су-шеф, технолог және тағам дайындау шебері ретінде табысты еңбек етіп жүр.

     Колледж келесі мамандықтар мен біліктіліктер бойынша жұмысшы мамандықтарын береді: «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығының «Аспаз», «Кондитер» біліктіліктері; «Нан пісіру, макарон және кондитер өндірісі» мамандығының «Наубайшы-шебер», «Мармеладшы», «Бисквитші» - «Қант өнімдері кондитері» біліктіліктері; «Маркетинг» мамандығының «Кассир» біліктілігі.

    Осы уақытқа дейін колледж 20  мыңнан астам білікті жұмысшы мамамандық иелерін шығарған. Колледж түлектерін жұмыспен қамту көрсеткішінің жыл сайын  өсуі, тамақтандыру индустриясы саласы мамандықтарының  нарықта сұранысқа екенін осыдан байқауға болады. 

    «Жас маман» жобасы бірінші Президенттің тапсырмасы бойынша 2019 жылы Жастар жылы аясында жарияланып, «Жастар – ел тірегі» ұлттық жобасының құрамына енеді. Бұл жобаны іске асырудағы басты мақсат – нарық заманында сұранысқа ие болып отырған 100 мамандық бойынша еліміздегі 180 білім беру мекемелерін жаңғырту, ол жерде халықаралық тәжірибені енгізу. 2017-2021 жылдар аралығында елімізде «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламасы іске асырылған, осы жобаға толықтырулар енгізіліп, жобаның операторы ретінде «Кәсіпқор (қазір - Талап)» коммерциялық емес акционерлік қоғамы белгіленген.

    «Жас маман» жобасына колледж 2021 жылдан бастап қосылды. Осы бағытта колледжде инновациялық даму бағытын белгілеу мақсатымен 2020-2025 жылдарға арналған ҚР білім беруді және ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасының енгізілуіне байланысты Стратегиялық даму жоспары жаңартылып, «Жас маман» жобасы шеңберіндегі Жол картасын әзірленді.

    «Жас маман» жобасының шеңберінде «Аспаз ісі» құзыреттілігі бойынша WorldSkills талаптарын ескерумен құзыреттілік орталығы құрылып, заманауи жабдықтармен жасақталды. Жабдықтардың тізімін анықтауда колледждің әлеуметтік серіктестері белсенді қатысып отыр, олардың ішінде атайтындары: «Мадлен.kz» ЖШС, «Ладушки» ЖШС, «Кәусар» ЖШС, «Фиркан» ЖШС-нің желілері. Жобаның шеңберінде колледждің жабдықталуын жаңғырту мақсатымен жеткізілген жабдықтар саны 25 атауын құрайды.

    Тамақтандыру индустриясы және сервис колледжі жұмысшы мамандықтарын даярлау барысында озық тәжірибелерді енізіп, осы күні жетістіктерімен қала және республика көлемінде белгілі. Аспаз, Кондитер, Наубайшы құзыреттіліктері бойынша колледж WorldSkillsқозғалысына 2015 жылдан бері қосылып, жүлделі орындарға ие болып келуде. 

    Қазіргі таңда Шымкентте 40 колледж бар. Оның 12-сі мемлекеттік болса, 28-і жекеменшік. Соның ішінде, «Тамақтандыру индустриясы және сервис» колледжі үздік үштіктің қатарында. Мұндағы материалдық-техникалық база жұмысшы мамандықтарын жан-жақты даярлауға толық мүмкіндік береді.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Шымкенттің болашақ наубайшылары топ жарды
  • Қызметіне адалдық пен жауапкершілік өмірлік ұстаным
  • Аспаздық – жүрекпен таңдалған кәсіп
  • Қызмет пен отбасы құндылықтарын тең ұстаған жан
  • Рухани жағдайды көтеру – түзелу жолындағы алғашқы қадам
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер