
Қоғамның дамуында өнеркәсіп, құрылыс, машина жасау, инфрақұрылым және өндіріс салаларының орны ерекше. Ал осы салалардағы ең жауапты, дәлдік пен тиянақтылықты талап ететін мамандықтардың бірі – дәнекерлеуші. Бұл – металды балқытып біріктіретін қарапайым ғана еңбек емес, адам өмірі мен өндіріс қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін аса маңызды жұмыс.
Осы аса маңызды мамандықты игерген жанның бірі, өз ісіне адал, жауапкершілігі жоғары әрі тәжірибелі маман – Тилеубаев Бекжан апатты қалпына келтіру жұмыстары учаскесінің білікті дәнекерлеушісі ретінде ұжым арасында зор құрметке ие.
Бекжан Жұлдыбекұлы 1985 жылдың 15 қыркүйегінде Өзбекстан Республикасы, Сырдария облысы, Сайхунобод ауданы, Гүлістан совхозының 5-бөлімінде дүниеге келген.
2001 жылы Қазақстан Республикасына қоныс аударды.
2006–2011 жылдары Жетісай қаласындағы Сырдария университетінде «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша сырттай білім алды.
2003–2014 жылдар аралығында құрылыс саласында дәнекерлеуші болып еңбек етті.
2014–2022 жылдары Шымкент қаласының Су арнасында дәнекерлеуші қызметін атқарды.
2022 жылдың желтоқсан айынан бастап Шымкент қаласы әкімдігінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Су құбыры және канализация басқармасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында дәнекерлеуші болып жұмыс істеп келеді.
Дәнекерлеуші еңбек ететін әрбір өндіріс орны немесе құрылыс алаңы – ел экономикасының маңызды бөлігі. Металл құрылымдарды жасау, құбырларды жалғау, қаңқаларды жинау, жабдықтарды қалпына келтіру – бәрі де оның кәсіби шеберлігіне байланысты.
Дәнекерлеушінің жұмысы қателікті көтермейді. Бір миллиметрге кеткен ауытқудың өзі құрылымның беріктігіне әсер етуі мүмкін. Сондықтан бұл мамандық иесі үнемі жоғары дәлдікпен, қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып еңбек етеді.
Дәлдік, адалдық және шынайылықты ту еткен еңбек адамы отбасында – екі ұл мен екі қыз тәрбиелеп отырған үлгілі әке, абыройлы азамат. Бекжан Жұлдыбекұлы — еңбекқорлығы мен кәсібіне деген адалдығы арқылы ерекшеленетін, өз ісінің нағыз шебері. Оның ұзақ жылғы еңбек жолы – табандылық пен жауапкершіліктің жарқын үлгісі.
Дәнекерлеушінің еңбегі көрінбеуі мүмкін, бірақ оның жұмысы қоғам өмірін тікелей қамтамасыз етеді. Дәнекерлеуші – ел экономикасын алға жылжытатын еңбек адамы. Оның шеберлігі, тиянақтылығы мен тәжірибесі – әрбір нысанның сапасы мен қауіпсіздігінің негізі. Еңбек адамдарының ішінде дәнекерлеушінің орны ерекше: ол – қолымен темірге жан бітіретін, ел дамуына үлес қосатын қажырлы маман.
