
Өндіріс саласының қай бағытында болмасын сапа – басты талап. Ал сол сапаны қадағалап, әрбір өнімнің мінсіз болуына жауап беретін мамандардың еңбегі ерекше құрметке лайық. Кілем фабрикасындағы аға-сапа бақылаушы – тұтынушы сенімінің, кәсіпорын абыройының және шығарылған өнімнің жоғары стандартқа сәйкестігінің басты кепілі.
Фариза Нұрымбетова «Балтекстиль» кілем фабрикасында Сапа бөлімінде аға-сапа бақылаушы болып қызмет етіп жүргеніне 12 жыл болды.
Ол – өндірілген әрбір кілемнің стандартқа сай болуын қадағалайтын маңызды маман. Бақылаушы шикізаттан бастап дайын өнімге дейінгі барлық кезеңді тексеріп, тоқу сапасын, түс үйлесімін, тығыздығын және ақаулардың болмауын мұқият бақылайды. Оның жауапкершілігі мен дәлдігі фабрика өнімінің беделін көтеруге және тұтынушыға жоғары сапалы кілем ұсынуға тікелей әсер етеді. Кілем өндірісі күрделі технологиялық үрдістен тұрады. Әрбір жіптің беріктігі, бояудың тұрақтылығы, өрнектің дәлдігі, тоқыма станоктарының жұмысы – бәрі сапа бақылауынан өтеді.
Аға-сапа бақылаушы осы процестің ортасында тұрып, өнімнің бастапқы кезеңінен соңғы буынына дейін қадағалайды. Бұл жұмыс аса жоғары жауапкершілікті, мұқияттылықты және кәсіби білімді талап етеді.
«Фабрикада 2013 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Біздің фабрика кілем және кілем бұйымдарын тоқып және өңдеп, тұтынушыға ұсынады. Әр үйге жайлылық пен жылулық және әсемдік сыйлайды. Тоқыма станогында тоқылып жатқан кілемдерде техникалық ақауларға байланысты үзіліп қалған жіптер болады. Соны толықтырып, тоқып, өңдеуге жіберіп отырамыз. Жұмысым өзіме қатты ұнайды. Негізгі мамандығым мұғалім және бухгальтер. Екі мамандығым бола тұра осы кәсіпті таңдадым. Өзіміздің елімізде отандық өнімді шығаруға үлесімді қосып жүргеніме қуанамын. Және еліміздегі кілем тоқитын тұңғыш фабрикамызбен мақтанамын»,- дейді кейіпкеріміз.
Аға-сапа бақылаушы тек көзбен көріп бағаламайды, ол — өндіріс технологиясын, стандарттарды, сапа менеджменті жүйесін жетік меңгерген маман. Оның тәжірибесі мен дәлдігі – әр кілемнің мінсіз шығуына ықпал етеді. Фабрикадан шыққан әрбір өнімнің артында осы маманның қолтаңбасы бар. Сапа бақылаушылары ұзақ уақыт бойы ұсақ бөлшектерге назар аударып жұмыс істейді. Әр тоқылған жіпке дейін мән беру – олардың күнделікті кәсібінің бір бөлігі. Кілем – тек тұрмыстық зат емес, ол – үйдің сәнін кіргізетін, ұлттық дәстүрмен астасқан ерекше өнім. Сондықтан кілем өндірісіндегі сапа — тұтынушының үйіне жайлылық пен эстетикалық үйлесім сыйлау деген сөз.
Фабрика қанша технология жаңартса да, сапа бақылаушысының көзінің дәлдігін, тәжірибесін ешбір құрал алмастыра алмайды. Бұл — адамның еңбегі қажет болатын сала. Аға-сапа бақылаушының еңбегі көбіне көзге көріне бермейді, бірақ оның үлесі фабрика жұмысының табысты болуына тікелей әсер етеді. Әрбір сапалы өнім — осы маманның ұқыптылығы мен кәсіби адалдығының нәтижесі. Фаризаның айтуынша әр маман өз жұмысын жүрегімен сүйіп істесе, еткен еңбектің жемісін көреді.
Фариза Нұрымбетованың – еңбек адамының айқын бейнесі. Ол күнделікті еңбегімен өнімнің сапасын қамтамасыз етіп қана қоймай, компанияның беделін нығайтып, тұтынушы сенімін сақтайды. Оның маңдай тері мен қажырлы еңбегі – өндіріске жан бітіріп, сапалы ұлттық өнімнің дүниеге келуіне себепші.
