Еңбекші ауданында цифрлық қауіпсіздік бойынша түсіндіру жұмыстары өтті

image.png

    Қазіргі цифрландыру дәуірінде интернет біздің өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Ақпарат алмасу, қаржы операциялары, жұмыс, білім беру – бәрі онлайн кеңістікке өтті. Алайда интернет мүмкіндіктерімен бірге қауіпті тұстар да көбейді. Жалған ақпарат, фишинг, алаяқтық, жеке деректердің ұрлануы, дипфейктер – бұлар кез келген адамның қауіпсіздігіне төнетін жаңа цифрлық қатерлер.

    Осы орайда Еңбекші ауданы әкімінің аппараты мен Шымкент қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті бірлесіп, «Интернеттегі цифрлық қақпандар: өзіңді қалай қорғау керек», «Дипфейктер мен жаңа қауіп-қатерлер» тақырыбында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Іс-шараға аудандық ардагерлер кеңесінің және қоғамдық бақылау кеңесінің мүшелері, зейнеткерлер қатысты. Кездесудің басты мақсаты – азаматтардың цифрлық қауіпсіздік сауаттылығын арттыру, интернет-алаяқтықтың алдын алу, сондай-ақ, қауіпсіз цифрлық қоғам қалыптастыру.

     Жиында мамандар цифрлық жаңа алаяқтықтың түрлерін халыққа кеңінен «таныстырды».  Цифрлық қақпан – интернеттегі алаяқтар немесе киберқылмыскерлер қолданатын, пайдаланушыны алдап, жеке мәліметін, қаржысын немесе құрылғысына қол жеткізуді көздейтін әдістер жиынтығы. Мамандар ең көп тараған цифрлық қақпандарды атады. Солардың бірі - фишинг – банк, мемлекеттік орган немесе танымал сервис атынан жалған SMS/хат жіберіп, құпия деректерді сұрау. Скам-сайттар – тауарды арзан көрсетіп, алдын ала төлем талап ететін жалған дүкендер. Жалған инвестициялық платформалар – қысқа мерзімде жоғары табыс уәде етіп, қаражатты жоқ қылады. Зиянды сілтемелер – басқан кезде вирус орнатылады немесе телефондағы деректерді көшіреді. Әлеуметтік инженерия – «құттықтау», «сыйлық ұтып алдыңыз», «жедел төлем жасаңыз» деген алдаулар арқылы адамның сеніміне кіру. Қарапайым мысал: WhatsApp, Telegram мессенджерлерінде жалған сілтемемен «бөлінген сыйлық», «жеңілдіктер» таратылады. Адам сілтемеге кірген сәтте деректері ұрлануы мүмкін.

     Технология дамыған сайын фейк контент жасау оңайлап келеді. Соның ең қауіпті түрі – дипфейк (deepfake). Бұл – адамның бейнесін немесе дауысын жасанды интеллект көмегімен қолдан жасап, шынайы видео немесе аудиоға ұқсатып көрсету. Дипфейк арқылы адам ештеңе істемесе де, істегендей болып көрінеді. Бұл – ақпараттық қауіпсіздіктің жаңа сын-қатері.

   Кездесуде мамандар мұндай алаяқтықтан сақтанудың жолдарын түсіндіріп өтті. Айтуларынша ең бірінші  цифрлық гигиенаны қалыптастыру керек. Яғни белгісіз сілтемелерге өтпеу, интернеттегі аккаунттарға күшті, әртүрлі құпиясөз орнату, барлық сервистерде екі факторлы аутентификация қосу, орнатылатын қосымшаларды тек ресми дүкендерден (App Store, Play Market) жүктеу және құрылғыны антивируспен қорғау. Сондай-ақ мамандар азаматтар  ақпаратты тексеру дағдысын дамыту керектігін айтады.  Мәселен кез келген күмәнді ақпаратты ресми дереккөздермен салыстыру, бейтаныс адамдардан келген «шұғыл ақша аударыңыз», «күтіңіз, сыйлық ұттыңыз» деген хабарламаларға сенбеу, видеоны көрген кезде дауыс пен мимиканы мұқият бақылау – дипфейктерде көбіне ұсақ сәйкессіздіктер болады. Сондай-ақ жеке деректерді қорғау да алаяқтардан сақтанудың бір жолы.  Ол дегегіміз желіде мекенжай, банк картасының суреті, құжаттар секілді артық жеке ақпарат жарияламау: әлеуметтік желілердегі жеке парақшаңыздың құпиялылық параметрлерін шектеу және  күмәнді қосымшаларға контактілерге, галереяға немесе микрофонға рұқсат бермеу. 

     Департамент өкілдері алаяқтармен байланысқа түспеу керектігін ескертті.  Егер сізге: «банк картаңыз бұғатталды», «ақша аударыңыз», «сілтемеге өтіңіз», «жүлде ұттыңыз» деген хабарламалар келсе – бұл алаяқтық болуы әбден мүмкін. Ешқашан жеке мәліметті хабарлама арқылы бермеңіз.

    Мамандар жиында  балаларды цифрлық қауіптен қорғаудың маңызды екенін де атап өтті. Ол үшін  баланың интернет пайдалануды бақылау, зиянды контенттен қорғайтын фильтрлер орнату, желіде қауіпсіздік ережелерін үйрету керек.  

   Интернеттегі қауіп-қатерлер жыл сайын күрделеніп, технологияның жаңа формалары – дипфейктер, жасанды интеллектпен жасалған алаяқтық схемалар – адамдардың жеке өміріне, қаржылық қауіпсіздігіне және психологиялық жағдайына әсер етуі мүмкін. Сондықтан цифрлық сауаттылық – бүгінгі күннің ең маңызды дағдыларының бірі. Әрбір қазақстандық интернет кеңістігінде абай болып, саналы тұтынушы бола білсе, қоғамның жалпы цифрлық қауіпсіздігі де арта түседі.


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Юнисеф жастарының хабы ашылды
  • Еңбекші ауданында цифрлық қауіпсіздік бойынша түсіндіру жұмыстары өтті
  • Шымкенттегі жол торабының жаңаруы: негізгі жобалар мен атқарылған жұмыстар
  • Табиғи тасты заманауи өнерге айналдырған орын
  • Өңір өндірісіне түрленген тыныс
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер