
Шымкент қаласы мен Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №53 мекеме осы аптада мазмұны терең, мәні бөлек бір кездесуге куә болды. Қала әкімдігі, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, «Shymkent Invest» компаниясы мен өңірдегі бірнеше кәсіпкерлердің қатысуымен өткен жұмыс сапары жай ғана танысу емес, қоғамнан шет қалған адамдардың өміріне жаңа серпіліс берер бастаманың алғышарты болды.
Сапар барысында қонақтар мекеме аумағын аралап, бос тұрған өндірістік алаңдармен танысты. Бұрын өндіріс жүргізілген цехтар бүгінде тыныштық орнатқанымен, олардың инфрақұрылымы жаңа жобаларды іске қосуға толық мүмкіндік беретінін көрсетті. Қолда бар құрал-жабдықтар мен кең көлемді орындар сотталғандарды жұмысқа тарту үшін тиімді негіз ретінде бағаланды.
Мамандар өндіріс алаңдарының әлеуетін зерделеп, бірнеше нақты ұсыныс айтты. Соның ішінде жаңа құрылыс материалдарын өндіру, тігін цехтарын ашу, қайта өңдеу желілерін іске қосу және шағын кәсіпорындарды дамыту қарастырылды. Бұл жобалардың барлығы тек экономикалық пайда емес, сонымен қатар қоғамнан оқшауланған азаматтарды әлеуметтік тұрғыдан қолдауға бағытталған маңызды қадам болып саналады.
«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері мекемедегі бос орындарды тиімді пайдалана отырып, шағын және орта бизнесті дамытуға толық мүмкіндік бар екенін атап өтті. «Shymkent Invest» компаниясы жаңа жобаларды қаржыландыру, инвестор тарту және кәсіпорындарды қолдау мәселелерінде көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді. Жергілікті кәсіпкерлер де әлеуметтік жауапкершілік тұрғысынан өз ұсыныстарын ортаға салып, бастаманы қолдауға дайын екендерін білдірді.
Қала әкімдігі өкілдері сотталғандарды жұмыспен қамту мәселесінің қоғамдағы тұрақтылыққа әсерін ерекше атап өтті. Еңбекке тартылған азаматтардың қайта қылмысқа бару ықтималдығы төмендейді, ал кәсіби дағдысы бар адам қоғамға оңай бейімделеді.
Жұмыс сапары нәтижесінде тараптар №53 мекемеде өндірістік жобаларды дамыту арқылы сотталғандарды әлеуметтік тұрғыдан қолдау және қайта әлеуметтендіруді жалғастыруға уағдаласты. Егер бұл бастама жүзеге асырылса, мекеме жазаны өтеу орны ғана емес, еңбек арқылы азаматтарды тәрбиелейтін және қоғамға қайта бейімдейтін орталыққа айналады. Сондай-ақ, жұмыс сапары мекеме мен қоғам арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған бірегей мүмкіндікті көрсетті.
