
Биылғы «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында шаһарда кәсіптік, техникалық мамандықтардың мәртебесін арттыру, жастардың өндірістік салаға деген қызығушылығын арттыруда бірқатар жұмыстар атқарылуда. Бұл бастама жастардың өндірістік салаға деген қызығушылығын арттырып, еңбек нарығында сұранысқа ие кадрларды даярлауға серпін берді. Қаладағы колледждерде жаңа білім беру бағдарламалары енгізіліп, өндірістік оқыту базасы жаңартылды. Заманауи станоктар, цифрлық технологиялар және оқу-өндірістік жабдықтармен қамтамасыз ету арқылы студенттерге нақты өндіріс жағдайына жақын орта жасалуда. Сонымен қатар, дуалды оқыту жүйесі кеңейіп, жастар оқу барысында кәсіпорындарда тәжірибеден өтіп, болашақ жұмыс орнына алдын ала бейімделуде.
Бүгін «Стандарт Цемент» ЖШС-да жұмысшы мамандықтарының маңызын насихаттау бағытында инновациялық-технологиялық колледждің шәкірттеріне арналған арнайы іс-шара ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты – жастар арасында техникалық және жұмысшы мамандықтардың маңызын көтеру, еңбек адамының қоғамдағы орнын көрсету және өндірістік саладағы заманауи мүмкіндіктерді таныстыру.
Кәсіпорында студенттер зауыттың негізгі бөлімшелерінде тәжірибелі инженерлер мен технологтардың жұмысымен танысып, өндіріс процесін бақылады, зауыттың технологиялық жабдықтарын, автоматтандырылған жүйелерін және қауіпсіздік талаптарын көрді. Цемент өндірудің заманауи технологиялары мен қауіпсіздік талаптары туралы ақпарат алды.
Зауыт мамандары жастарға кәсіби бағыт-бағдар беріп, жұмысшы мамандықтарының бүгінгі таңда экономиканың негізгі қозғаушы күші екенін атап өтті. Студенттерге өндіріс шеберлері, инженер-технологтар және оператор мамандар өздерінің жұмыс тәжірибелерімен бөлісті. Жұмыс барысында қажет болатын дағдылар, еңбек қауіпсіздігі, өндірістік мәдениет, кәсіби өсудің мүмкіндіктері жайында кең мәліметтер берілді.
«Стандарт Цемент» ЖШС - бүгінде Оңтүстік өңіріндегі әлеуетті кәсіпорындардың бірі. Онда жылына 2 миллион тонна цемент шығаруға мүмкіндік бар. Мекеменің бас технологы Асылжан Қыдырәлиев орталық басқару жүйесінің жұмысы және ондағы жұмыс процестерін айтып берді.
Студенттер цех басшыларының, механиктердің, зертхана қызметкерлерінің және сапаны бақылау мамандарының күнделікті қызметіне дублер ретінде қатысып, өз бетінше қарапайым өндірістік міндеттерді орындады. Зауыт басшылығы жастарды дуалды оқыту бағдарламасына қабылдау жөнінде ұсыныстарын білдіріп, оқу барысында өндірістік тәжірибеден өтуге мүмкіндік бар екенін атап өтті. Сонымен қатар, оқуын аяқтаған түлектерге тұрақты жұмыс орны ұсынылуы мүмкін екені де айтылды.
Инновациялық-технологиялық колледждің арнайы пән оқытушысы Серікбек Есмұрзаев мұндай іс-шаралар жастардың кәсіби бағдарын айқындауда және техникалық мамандықтарға деген қызығушылығын арттыруда үлкен рөл атқаратынын айтады.
«Дублер күніне» колледждің «Құрылыс бұйымдары мен конструкцияларын өндіру» және «Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану» мамандықтарының студенттері мен инженерлік және техникалық бағыттарға қызығушылық танытқан мектеп оқушылары қатысты. Бұл бастама жастарға өндірістік тәжірибемен жақынырақ танысып, қызығушылығын арттыруға және болашақ мамандық таңдауына нақты бағдар алуға мүмкіндік береді.
«Стандарт Цемент» ЖШС-да өткен бұл іс-шара – жас буын үшін маңызды тәжірибе алаңы. Өндірістегі кәсіби мамандықтардың маңызын түсінген жастар болашақта ел экономикасының дамуына үлес қосатын білікті кадрлар ретінде қалыптасатыны сөзсіз.
«Жұмысшы мамандықтар жылы» – Шымкент қаласында техникалық білім сапасын арттыруға және өндірістік мамандықтардың қоғамдағы беделін көтеруге бағытталған маңызды қадам. Жастардың кәсіби дағдыларын дамыту, сұранысқа ие мамандарды даярлау және еңбек нарығын сапалы кадрлармен қамтамасыз ету – қаланың экономикалық дамуына тікелей әсер ететін фактор.
