Өндірістік тәжірибеден – тұрақты жұмысқа

image.png   

Ел Президенті жариялаған Жұмысшы мамандықтарының жылы елімізде техникалық білім мен өндірістік кадрларды даярлау ісіне тың серпін берді. Мемлекеттік бастаманың басты мақсаты – жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру, жастарды нақты секторға тарту және өндіріс орындарын білікті кадрлармен қамтамасыз ету. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстардың нәтижесі ретінде Шымкент қаласының техникалық жоғары оқу орындарын биыл тәмамдаған бес жас маман «QazaqGaz Aimaq» өңірлік филиалында жаңа еңбек жолын бастады.

Аталған түлектер бұған дейін Президент бастамасымен жүзеге асырылған өндірістік тәжірибе бағдарламасының қатысушылары болған. Бағдарлама шеңберінде жастар нақты өндірістік ортаны көріп, заманауи инфрақұрылыммен жұмыс істеуді үйренді, сала мамандарымен бірге газ желілерінің құрылымын, қауіпсіздік стандарттарын, автоматтандыру жүйелерін меңгерді.

Тәжірибені сәтті аяқтаған студенттер өздерінің кәсіби әлеуетін көрсетіп, жұмыс берушілер тарапынан жоғары баға алды. Нәтижесінде олар «QazaqGaz Aimaq» филиалына ресми түрде жұмысқа қабылданды. Бағдарламаға қатысқан 15 студенттің ішінен өндірісте өздерін жақсы жағынан көрсете алған бесеуіне жұмысқа қалу ұсынылды. Олар: Оңалбек Айбарыс Ақмолдаұлы, Кәрібек Арманбек Айбекұлы, Тәжен Ерасыл Сейтқалиұлы, Жұмабек Дулат Ануарбекұлы және  Шубай Данияр Ғалымжанұлы. Бүгінде жас мамандар  газ желісі учаскелерінде тәжірибелі шеберлермен бірге еңбек етуде. Компания үшін бұл – кадрлық толықтыру ғана емес, жас мамандарды қолдау мен инженерлік-техникалық бағыттарды дамытуға негізделген жүйелі жұмыстың жалғасы. 

«Университетте теорияны жақсы меңгердік, бірақ нақты желілермен жұмыс істеу – мүлдем басқа деңгей. Газ қысымын реттеу пункттері, диагностикалық құрылғылар, жаңа автоматтандырылған жүйелермен таныстым. Тәжірибеден кейін осы салада қалғым келетініне көзім жетті. Телемеханика жүйелерін қашықтан басқару, датчиктерді баптау, апаттық сигналдарды талдау сияқты нақты дағдыларды үйрендім. Бұрын таныссыз жұмысқа орналасу мүмкін емес деп ойлайтын едім. Бірақ мекеме  талабы бар жас мамандарды  еш кедергісіз жұмысқа қабылдады. Сол үшін өте қуаныштымын. Жұмысқа ресми   түрде орналасқаныма 2 ай болды. Жалақы және сыйақыларым уақытылы беріліп жатыр», - дейді Арманбек Айбекұлы. 

Соңғы жылдары елдің оңтүстік өңірінде газ инфрақұрылымын жаңғырту, автоматтандыру, цифрландыру жұмыстары қарқын алған. Бұл өз кезегінде техникалық мамандарға деген сұранысты арттырды. Электргазбен дәнекерлеуші, техник-программист, желілік инженер, автоматика және телемеханика мамандары – газ саласындағы ең қажетті кадрлардың бірі.

«QazaqGaz Aimaq» филиалының өкілдерінің айтуынша, жас түлектердің жұмысқа орналасуы – компания үшін де, өңірлік еңбек нарығы үшін де маңызды оқиға. Себебі отандық өндірісті жас мамандармен толықтыру – саланың тұрақты дамуының кепілі. «Жастарға берілген мүмкіндік – компанияның болашағы. Заманауи газ инфрақұрылымы білімді, технологияны меңгерген инженерлерге мұқтаж. Биылғы Жұмысшы мамандықтарының жылы жастардың техникалық білімге қызығушылығын арттырды. Біздің есігіміз әрдайым талапты түлектерге ашық» деді компания өкілдері.

Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында елімізде дуальды оқыту жүйесі нығайып, студенттердің өндірістік тәжірибеге қолжетімділігі артты. Техникалық ЖОО мен кәсіптік колледждерде жаңа зертханалар ашылып, заманауи жабдықтар сатып алынуда. Бұл – еңбек адамын қолдауға бағытталған ұзақ мерзімді саясаттың бір бөлігі.

Шымкент қаласы үшін де бұл бағыт ерекше маңызды. Өндіріс, құрылыс, көлік-логистика, инфрақұрылым салалары қарқынды дамып келе жатқан мегаполисте білікті кадрларға деген сұраныс жылдан-жылға артып отыр. Жас мамандардың жұмысқа орналаса бастауы – жастар арасындағы жұмыспен қамтылуды арттырып қана қоймай, қала экономикасының өсіміне де өз ықпалын тигізеді.

Қазір жұмысқа орналасқан түлектер филиалдың әртүрлі бөлімдерінде еңбек етіп жатыр. Олардың қатарында инженер-технологтар, газ шаруашылығы мамандары, желілерді техникалық қадағалау қызметкерлері бар. Әрқайсысына тәжірибелі тәлімгерлер бекітіліп, кәсіби дамытудың жеке жоспары жасалған.

Жас мамандар өз кезегінде сенім білдірген жетекшілерін ақтау үшін жауапкершілікпен еңбек етуге дайын. Олар газ саласындағы жаңа технологияларды игеріп, өңірдің өндірістік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосуды мақсат етеді.

     «QazaqGaz Aimaq» Шымкент филиалы1 миллионнан астам тұрғынға газ жеткізіп отырған ірі мекеме.  Қаланың 4 ауданында 24/7 режимінде апаттық-диспетчерлік қызмет жұмыс істейді.  Жыл сайын мұнда 150–200 жас өндірістік тәжірибеден өтіп, алғашқы еңбек жолдарына қадам басуда. Соңғы үш жылда компанияға  жастардың 30%-ы тұрақты жұмысқа орналасқан. Компания басшылығы жас кадрларды тарту – сала үшін стратегиялық маңызды бағыт екенін айтады. Газ инфрақұрылымы жыл сайын кеңейіп, жаңа станциялар іске қосылып жатқан мегаполиске білікті инженерлер, техникалық мамандар ауадай қажет.

    Шымкент – өндірісі, құрылысы, инфрақұрылымы дамыған мегаполис. Газбен қамтамасыз ету жүйесі жыл сайын кеңейіп келеді. Қалаға жаңа шағынаудандар қосылуда, тұрғын үй құрылысы қарқын алған. Бұл – газ инфрақұрылымына түсетін жүктемені арттырып, кәсіби мамандарды көптеп дайындауды талап етеді.   Жас түлектердің жұмысқа орналасуы – тек жеке жетістік емес, өңірдің техникалық қауіпсіздігі мен экономикалық тұрақтылығына қосылған үлес. Бұл бастама еңбек адамының беделін көтеріп, нақты өндіріс саласына жаңа леп әкелді. Бес жас маманның еңбек жолын Шымкенттен бастауы – өңірлік кәсіпорындарын жас кадрлармен қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі жұмыстың нақты көрінісі.

     Алдағы уақытта мұндай тәжірибе бағдарламалары арқылы жүздеген студент өндіріс орындарында тәжірибесін шыңдап, тұрақты жұмыс табады деп күтілуде. Бұл – мемлекет, бизнес және жастар арасындағы тиімді әріптестіктің жарқын үлгісі.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • ҰЛТТЫҚ КИІМ – ҰРПАҚҚА МҰРА
  • ШЫМКЕНТТЕ 2 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЖҰМЫС ОРНЫ ҰСЫНЫЛҒАН ЕҢБЕК ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ
  • В ШЫМКЕНТЕ ПРОШЛА ЯРМАРКА ТРУДА, НА КОТОРОЙ ПРЕДЛОЖЕНО ОКОЛО 2 ТЫСЯЧ РАБОЧИХ МЕСТ
  • Солтүстік Қазақстаннан келген делегаттар шымкенттіктерге өңіраралық көші-қон жайында түсіндірді
  • Шымкентте кезекті еңбек жәрмеңкесі өтті
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер