Шымкентте кезекті еңбек жәрмеңкесі өтті

image.png

     Қазақстанның экономикалық дамуының маңызды бағыттарының бірі – еңбек нарығын тұрақтандыру, тұрғындарды нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіби-техникалық білім беру жүйесін жаңғырту. 2024 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялау – осы бағыттағы мемлекеттік саясаттың өзекті шешімдерінің бірі. Бұл бастама еңбек ресурстарын тиімді пайдалануға, жұмысшы кәсіптерінің мәртебесін арттыруға және өндірістік саланы жаңартуға ерекше серпін берді.

      Шымкентте еңбек нарығындағы белсенділік артып келеді. Бүгін қаладағы Көрме орталығында  “Жұмысшы мамандықтары жылы” аясында қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың тапсырмасымен “Еңбек – өмірдің тұтқасы” атты бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. 

    Іс-шараға мыңдаған тұрғын қатысып, өңірдегі ірі кәсіпорындар мен шағын бизнес өкілдері ұсынған жұмыс мүмкіндіктерімен танысты. Жәрмеңкеге 100-ден астам жұмыс беруші қатысып, өндіріс, қызмет көрсету, білім беру, денсаулық сақтау, құрылыс және өзге де бағыттар бойынша 2000-ға жуық бос жұмыс орны ұсынылды.  Сондай-ақ, қаламыздағы алып компаниялардан – “Назар Текстиль”, Бал текстил, “АЛТЫН-ДАН”, “MARVIK PARTNERS”, “WAN SHENG CERAMIC” (Ван Шэн Керамик), “KARLSKRONA LC AB” “KARLSKRONA», “Altyn Land”, “Фиркан”, “OKS GROUP”, “Rixos Khadisha Shymkent” секілді алып компаниялардың өкілдері де қатысып, қажетті мамандарға іздеу салды.  Шара барысында тұрғындарға еңбек талаптары, жалақы мөлшері, әлеуметтік пакет және мансаптық өсу мүмкіндіктері туралы толық ақпарат берілді. Бірқатар азаматтар сол жерде сұхбаттасудан өтіп, алғашқы іріктеуге жолдама алды.

      Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков жәрмеңке аумағын аралап, жұмыс берушілермен пікір алмасты. Әкім ұсынылған бос жұмыс орындарымен танысып, еңбек қауіпсіздігін сақтау, қызметкерлердің құқықтарын қорғау, еңбекақы мен әлеуметтік төлемдерді уақытылы төлеу мәселелерінің маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай жәрмеңкелер өңір экономикасы үшін маңызды құрал болып табылады, себебі олар жұмыссыздық деңгейін төмендетуге және тұрғындарды еңбек нарығына бейімдеуге ықпал етеді. Айта кетейік, бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізу жүздеген жасты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді және қалада білікті, бәсекеге қабілетті кадрлар әлеуетін күшейтумен қатар, жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыруға жол ашады.

     Жәрмеңкенің маңызды бөлігі ретінде Еңбек мобильділігі орталығының кеңес беру алаңы жұмыс істеді. Орталық мамандары 227 мекеменің 1500-ден астам бос жұмыс орнын таныстырып, қатысушыларға кәсіби бағдар беру, еңбек нарығындағы трендтер және сұранысқа ие мамандықтар жөнінде кеңес ұсынды.

     «Осы жәрмеңкеге 350 жұмыс берушіден 1600 тұрақты жұмыс орыны, 2000-ға жуық уақытша жұмыс орындары ұсынылып жатыр. Биыл мұндай қала деңгейіндегі жәрмеңке төртінші рет өтіп отыр.Негізі әр тоқсанда өткізіп тұрамыз. Жәрмеңкенің негізгі мақсаты қала тұрғындарын жұмыспен қамту және мемлекеттік бағдарламаларды халыққа түсіндіру болып табылады. Биылғы жылы 430 азаматқа қайтарымсыз грант берілді. Сол грант алған кәсіпкерлерді шақырттық. Бизнесін жүргізіп отырған алпысқа жуық грант иегері қатысты.Одан бөлек қысқа мерзімді кәсіптік оқыту бағдарламасы бар. 3 айлық курсты оқығаннан кейін өзінің мамандығы бойынша жұмысқа орналасады немене әрмен қарай кәсібін ашады. Жалпы қаламызда жұмыссыздық деңгейі түсіп келеді»,- дейді Еңбек мобильділігі орталығының директоры Бағдат Архабаев. 

     Ауқымды шарада  қайтарымсыз грант жеңіп алған кәсіпкерлер өз өнімдерін көпке таныстырып, халыққа есеп берді. Айжан Әзімбаева – қайтарымсыз грант иегері. Мемлекеттік қолдау ретінде берілген 1 млн 500 мың теңгеге ол тігін құралдарын сатып алған. Киіз басып, киім пішеді. Өнімдерін әлеуметтік желі арқылы саудалайды. Білгенін көппен бөлісіп, үйренемін деушілерге шеберлік сағаттарын өткізеді. Рамиля Туптібаева да тігін саласымен айналысады. Грант қаржысына қосымша техника алып, кәсібін кеңейткен. «Бұған дейін де жеке кәсібім болған. Ұтып алған грантыма тағы да техника алып, кәсібімді үлкейттім»,- дейді ол. 

    Жұмыс іздеп келушілердің қарасы қалың. Мамандар қызығушылық танытқандарға толық ақпарат беріп, байланыс орнатты. «Біздің мекемеде 10 мамандық бойынша бос жұмыс орындары бар. Айталық оператор, этикет жабыстырушы, офис менеджер, сауда менеджері, көлік жүргізуші, ІТ маманына көмекші керек. Жалпы 20 шақты азаматты тұраұты жұмысқа қабылдауға дайынбыз. Жалақымыз жақсы»,- дейді жұмыс беруші мекеменің өкілі  Алуа Кенжебаева. 

      Жұмыс берушілер мен екі қолға бір күрек іздеушілердің басын қосқан жиынға студенттер де қатысты. Солардың бірі – Әсем Илесбек. Айтуынша оқуды бітірген соң жұмыс іздеп сандалмай, алдын-ала қам жасаған дұрыс дейді.  «Мен биыл жоғары оқу орнын бітіремін. Мамандығым арнайы педагог мамандарын даярлау.  Яғни ерекше білімді қажет ететін балаларға сабақ беремін. Қазір қоғамда мұндай ерекше балалар көбейіп жатыр. Тиісінше қаламызда оларға әлеуметтік, медициналық, психологиялық көмек беретін орталықтардың көп екеніне бүгінгі жәрмеңкеде көзім жетті. Мұндай орталықтарға біз секілді мамандар ауадай қажет екен. Бүгінгі іс-шарада бірнеше бос жұмыс орындарын қарастырып, жұмыс берушілермен  байланыс орнаттым»,- дейді студент. 

    Жәрмеңкеде сонымен қатар, жұмыс іздеушілер Enbek.kz электронды еңбек биржасын пайдалану бойынша практикалық дағдылар алды. Мамандар онлайн резюме толтыру, жұмыс берушімен тікелей байланыс орнату, вакансияларды тиімді сүзгіден өткізу жолдарын көрсетті.

    Мемлекет басшысының Жарлығымен 2025 жыл Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланған. Бұл бастама техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалауға, жұмысшы мамандықтарының беделін көтеруге, еңбексүйгіштік пен кәсіпқойлықты қолдауға, жастар арасында жұмысшы кәсібін насихаттауға бағытталған.

       Еңбек нарығындағы белсенділік пен тұрғындарды жұмыспен қамту мәселелері мемлекеттің экономикалық саясатының маңызды басымдығы болып қала береді. Жұмысшы мамандықтар жылы – бұл тек символдық шара емес, нақты нәтижелерге бағытталған ұзақ мерзімді реформа. Білікті кадрлардың жаңа буынын қалыптастыру арқылы Қазақстан экономикасының өндірістік потенциалы нығаяды, ал тұрғындардың жұмыспен қамтылу деңгейі тұрақты өседі.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • ШЫМКЕНТТЕ 2 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЖҰМЫС ОРНЫ ҰСЫНЫЛҒАН ЕҢБЕК ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ
  • В ШЫМКЕНТЕ ПРОШЛА ЯРМАРКА ТРУДА, НА КОТОРОЙ ПРЕДЛОЖЕНО ОКОЛО 2 ТЫСЯЧ РАБОЧИХ МЕСТ
  • Солтүстік Қазақстаннан келген делегаттар шымкенттіктерге өңіраралық көші-қон жайында түсіндірді
  • Шымкентте кезекті еңбек жәрмеңкесі өтті
  • Ретсіз сауда орындарымен күрес күшейген
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер