
Шымкент қаласының төрт әкімшілік ауданының бірі – Абай ауданы халық саны жағынан да, аумақтық қамтуы бойынша да мегаполистің ең ірі өңірлерінің қатарына кіреді. Қала тұрғындарының үштен біріне жуығы осы ауданда шоғырланған. Инфрақұрылымы қарқынды дамып келе жатқан аумақ бүгінгі таңда өндірістік, әлеуметтік және көлік-логистикалық әлеуетімен ерекшеленеді.
Қазіргі заманғы қалалардың дамуы тек экономикалық өсім мен құрылыс көлемімен ғана емес, ең алдымен тұрғындардың өмір сүру сапасын қамтамасыз ететін озық инфрақұрылым жүйесімен бағаланады. Инженерлік желілердің қолжетімділігі, қауіпсіздігі және тиімділігі – қоғамның әлеуметтік тұрақтылығы мен азаматтардың күнделікті тұрмыс жағдайының сапасына тікелей әсер ететін маңызды факторлар. Қала халқының өсуі, жаңа тұрғын аудандардың қалыптасуы және өндірістік нысандардың көбеюі инфрақұрылымдық жүйелерге түсетін жүктемені арттырады. Осыған байланысты мемлекет пен жергілікті атқарушы органдардың басты міндеттерінің бірі – инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту және оның сапалы жұмысын қамтамасыз ету. Инфрақұрылым тек тұрмыстық қолайлылықты емес, экономикалық белсенділікті де қалыптастырады. Озық инфрақұрылым – еңбек нарығының дамуына, кәсіпкерліктің жандануына және жалпы экономиканың тұрақтылығына ықпал ететін маңызды элемент. Инфрақұрылыммен қамтамасыз ету – тұрғындардың өмір сүру сапасының негізгі көрсеткіші. Қалада инженерлік желілер нeғұрлым сапалы әрі қолжетімді болса, тұрғындардың тұрмысы да соншалықты жайлы болады. Қауіпсіздік, экология, әлеуметтік даму және экономикалық өсім – барлығы да инфрақұрылым күйімен тығыз байланысты. Заманауи, тиімді және қауіпсіз инфрақұрылым – бүгінгі қоғамның басты талабы әрі тұрақты дамудың кепілі. Абай ауданында тұрғындардың жайлылығы үшін сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз ету көрсеткіштері жоғарылап келеді. «Ауданда жалпы 1274 көше бар. Қазіргі таңда ауыз су, көгілдір отын, жарық мәселелері кезең-кезеңімен шешілуде. Ауыз су аудан тұрғындарына 100 пайыз жеткізілген. Сол секілді аудан электр жарығымен де толық қамтамасыз етілген. Тек «Қайнар бұлақ» тұрғын алабына ғана қазіргі таңда электр энергиясы желілерін тарту жұмыстары жүргізілуде. Мердігерлер бүгінде құрылыс жұмыстарының 50 пайызын аяқтады. Аталған жұмыстар келесі жылы толығымен аяқталып, тұрғын алаптың жаңа құрылыс аумағы түгел жарықтандырылатын болады. «Қайнар бұлақ», «Ынтымақ 2», «Тәуелсіздікке 20 жыл», «Бозарық» және «Алтынтөбе» елді мекендеріндегі жаңадан қосылған үйлерге қосымша газ тарту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып қойған. Абоненттеу жұмыстары ғана қалды. Сондай-ақ «Нұршуақ» елді мекеніне көгілдір отын келесі жылы толық тартылатын болады. Бұл мәселе шешілсе жалпы аудандағы 27 елді мекеннің барлығы табиғи газбен 100 пайыз қамтамасыз етілетін болады. Жалпы ауданда 255 көп қабатты тұрғын үй бар. Оның ішінде 104-і автономды жылыту жүйесіне қосылған. Қалған үйлер «Қуат жылу орталығы» мекемесіне қарайды. Жаз айларында алдын ала сығымдау жұмыстарын жүргізілді. 1 қарашадан бастап барлық тұрғын үйге жылу берілді»,- дейді Абай ауданы әкімінің орынбасары Мейіржан Ғаниұлы.
Қоғамның тұрақты дамуы мен халықтың әл-ауқатын жақсартуда білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету нысандарының жеткілікті әрі қолжетімді болуы аса маңызды. Әлеуметтік инфрақұрылымның сапалы дамуы – тұрғындардың қауіпсіздігіне, денсаулығына, біліміне және өмір сапасына тікелей әсер ететін негізгі көрсеткіштердің бірі. Халық санының артуы және жаңа тұрғын үйлердің салынуы мектептер мен балабақшаларға деген сұранысты өсіреді. Сондықтан білім беру нысандарын жоспарлы түрде салу – әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі. Әлеуметтік нысандардың кеңеюі – қауіпсіз, дамыған және келешегі жарқын қоғам құрудың негізі. «Аудан аумағында бүгінде 33 мемлекеттік, 37 жеке меншік мектеп бар. Қазіргі таңда онда жалпы 67 мыңға жуық оқушы білім алуда. Сондай-ақ, ауданда 9 мемлекеттік, 173 жеке меншік балабақша орналасқан. Бұл мекемелерде 15 мыңға жуық бала тәрбиеленуде. Биыл Презденттің тапсырмасына сәйкес ауданда 5 жайлы мектеп бой көтерді. Тұрғындарының денсаулығы да басты назарда. Ауданда 18 денсаулық сақтау мекемесі бар. Оның ішінде 2-еуі аурухана, 2 мемлекеттік емхана және 14 жеке меншік емхана. Аудан көлемі, халық саны ұлғайып жатқанына байланысты 2026 жылға қосымша оңалту орталықтары, емханалар салу жоспарда бар. Алдағы уақытта мердігер компаниялар анықталып, жоба-сметалық құжаттары әзірленетін болады»,- дейді Мейіржан Ғаниұлы.
Қоғамның тұрақты дамуы мен азаматтардың өмір сапасын арттыруда ең маңызды бағыттардың бірі – халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау жүйесін дамыту. Бұл бағыт халықтың әлеуметтік әл-ауқатын жақсартып қана қоймай, экономикалық өсімге, кәсіпкерліктің дамуына және қоғамдағы тұрақтылыққа ықпал етеді. Жұмыс орындарын құру және тұрғындарды тұрақты еңбекпен қамту – мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамудағы басым бағыттарының бірі. Бүгінгі таңда жұмыспен қамту саясаты бірнеше негізгі бағыт бойынша жүргізілуде. Жұмыспен қамтуды толықтыратын басты құрал – әлеуметтік қорғау жүйесі. Халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қамтамасыз ету шаралары – қоғамдағы теңсіздікті азайтып, азаматтардың өмір сапасын арттырудың негізгі құралдары болып табылады. Мемлекет пен жергілікті әкімдіктердің тиімді саясаты, кәсіпкерлікті дамыту және әлеуметтік қорғау бағдарламалары халықтың әлеуметтік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, экономикалық дамуға серпін береді және қоғамдағы тұрақтылықты нығайтады. Абай ауданында халықты жұмыспен қамту шаралары жүйелі атқарылуда. Аудандағы халық саны 257 мыңды құраса, оның ішінде экономикалық белсенді азаматтар саны 149 808 құрайды. Мамандардың айтуынша жыл басынан бері 2200 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Оның ішінде 970 адамға субсидияланатын жұмыс орындары ұсынылған. Сонымен қатар 186 адам кәсіптік оқуға жолданса, 715 тұрғын ондайн платформада білім алып шыққан. 518 адам «Бизнес Бастау» жобасына қатысып, 27 тұрғынға комиссия шешімімен мемлекеттік қайтарымсыз грант берілген. Олар қазіргі таңда өз кәсіптерін ашып, дөңгелетіп отыр. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны былтырғы жылмен салыстырған кезде азайып отыр дейді сала мамандары. Былтыр бұл көмекті алуға екі мыңға жуық азамат өтініш білдірсе, биыл 600 адам өтініш білдіріпті. Бұл азаматтардың әл-ауқатының артқанын, жұмыспен қамтылып, тұрақты табысқа қол жеткізгенін білдіреді.
