Қоғамның тұрақты дамуы мен экономиканың өркендеуінде қаржы саласының мамандарының еңбегі айрықша. Олар – елдің қаржы жүйесін басқарып, экономикалық тепе-теңдікті сақтауға үлес қосатын, мемлекеттік және жеке сектордағы қаржылық процестердің дұрыс жүруін қамтамасыз ететін кәсіби тұлғалар. Қаржы саласы – күрделілігімен, жоғары жауапкершілігімен ерекшеленетін бағыт. Бұл салада еңбек ететін мамандар күн сайын мыңдаған есептерді сараптап, тәуекелдерді бағалап, тиімді шешімдер қабылдайды. Бухгалтерлер, қаржы талдаушылары, экономистер, аудиторлар, банкирлер – барлығы да экономиканың берік іргетасын қалыптастыратын еңбек адамдары.
Осы орайда «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалында Ұлттық валюта – теңге күніне орай салтанатты жиын өтіп, қаржы саласының үздік қызметкерлері марапатталды. Іс-шараға филиал төрағасы Мұрат Жолдыхожаев, филиал қызметкерлері және түрлі мекемелердің есеп-қисап бөлімдерінің мамандары қатысты.
Биылғы мерекелік кездесуде Қаржы басқармасының, денсаулық сақтау ұйымдарының, сондай-ақ партия филиалының есеп-қисап бөлімінің қызметкерлері саланың дамуына қосқан үлесі мен жауапкершілігі үшін арнайы Алғыс хаттармен марапатталды.
Марапат табыстау барысында филиал төрағасы Мұрат Жолдыхожаев қаржы мамандарының қоғамдағы маңызын ерекше атап өтті:
«Қаржы саласының тұрақтылығы – еліміздің тұрақты дамуының негізгі кепілі. Мемлекеттік саясаттың табысты жүзеге асуы, әлеуметтік бағдарламалардың уақытында орындалуы, азаматтардың өмір сапасының жақсаруы – сіздердің күнделікті атқарып жүрген еңбектеріңіздің нәтижесі. Әрқайсыңыз өз жұмысыңыз арқылы ел экономикасының дамуына үлес қосып келесіздер. Сондықтан бүгінгі кәсіби мерекеде сіздерге шынайы ризашылығымды білдіремін», – деді ол.
Ия, расында қаржы мамандарының қоғам үшін, экономикамыз үшін маңызы айрықша. Қаржы мамандары нарықтағы өзгерістерді бақылап, мемлекеттік бюджет пен ұйымдардың қаржысын тиімді басқаруға атсалысады. Талдау жүргізу арқылы қаржылық қауіп-қатерлер алдын алынады. Қаржы жүйесі сауатты басқарылған сайын елге де, кәсіпорындарға да шетелдік және отандық инвестиция тарту мүмкіндігі артады. Банктердің, салық органдарының, сақтандыру және зейнетақы жүйелерінің жұмысы қоғамның өмір сапасына тікелей әсер етеді. Бұл саладағы мамандар дәлдікке, төзімділікке, жоғары аналитикалық ойлауға ие болуы қажет. Олар экономикалық заңдылықтарды терең меңгеріп, цифрлық технологияларды, жаңа қаржылық құралдарды еркін пайдаланады. Қаржы нарығы үнемі өзгеріп отыратындықтан, бұл мамандар үшін үздіксіз білім жетілдіру – басты талап.
Міне, жиында мамандардың осы секілді маңызын атап өткен Жолдыхожаев қаржы саласы мамандарының еңбекқорлығы мен жоғары кәсібилігі партия қызметінің тиімділігін арттыруға да зор ықпал етіп отырғанын атап өтті. Жиын жылы лебіздермен жалғасып, мерекелік атмосферада өтті. Іс-шара соңында қатысушылар Ұлттық валюта күнімен құттықтауларын айтып, сала ардагерлері мен жас мамандардың еңбегіне зор бағасын білдірді.
Қаржы саласының мамандары – ел экономикасының күзетшілері. Олар қоғамның материалдық игілігінің артуына, кәсіпорындардың тұрақты жұмыс істеуіне және мемлекеттік бағдарламалардың сәтті жүзеге асуына үлес қосатын еңбек адамдары. Қаржы саласының кәсібилігі мен тұрақтылығы – мемлекеттің күшті экономикасының кепілі.
