Өмір сыйлаған ота

image.png

    Шымкент қаласы медициналық қызметтің сапасын арттыруда және жоғары технологиялық операцияларды қолжетімді ету бағытында ірі қадамдар жасап отыр. Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы брифинг барысында бұл жетістіктерді атап өтті, тұрғындардың денсаулығын қорғау саласындағы соңғы жаңалықтарды жеткізді.  

    Жақында №1 қалалық клиникалық ауруханада 241-ші бүйрек трансплантациясы сәтті жасалды. Донор  науқастың туған ағасы, ал реципиент інісі. Науқас 2024 жылдан бері созылмалы бүйрек жеткіліксіздігімен бақылауда болды және 2025 жылдан бастап гемодиализ аппаратына тәуелді болды. Барлық қажетті медициналық тексерулер мен заңдық рәсімдер толық орындалып, ота 5 қараша күні жасалды. Қазіргі уақытта донор мен реципиенттің жағдайы тұрақты, емдік шаралар хаттамаға сәйкес жүргізілуде.

    Бүйрек трансплантациясы  науқастың өмір сапасын арттырып, қалыпты өмірге оралуына мүмкіндік беретін заманауи жоғары технологиялық ота. Шымкентте бүгінге дейін 241 бүйрек және 33 бауыр трансплантациясы жасалып, өңірде трансплантологияның дамығанын және жоғары мамандандырылған медициналық көмек жергілікті деңгейде қолжетімді екенін дәлелдеді.

    Ағымдағы жылдың алғашқы 10 айында қаладағы медициналық ұйымдарда 1 089 жоғары технологиялық операция жүргізілді. Сонымен қатар, қалада 3 жүрек трансплантациясы табысты орындалды, бұл Шымкент медицинасының жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді.

    2025 жылғы қыркүйекте Шымкенттегі көпбейінді аурухананың онкологиялық орталығында елімізде алғаш рет күрделі операция кеңірдек бифуркациясын резекциялау және жаңа бифуркация қалыптастыру сәтті жүзеге асырылды. Операция 37 жастағы науқасқа жүргізілді. Бұл араласу торакальды онкохирургиядағы ең күрделі және жоғары деңгейлі ота болып саналады, ал Қазақстанда бұған дейін мұндай тәжірибе болмаған.

     Мұндай жетістіктерге жету үшін Шымкенттің онкохирургтары Ресей Федерациясының жетекші клиникаларында және Литва денсаулық ғылымдары университетінде тағылымдамадан өтіп, 33 маман кәсіби біліктілігін арттырды.

   Бұл нәтижелер Шымкенттің жоғары технологиялық медициналық көмекті қолжетімді ету, мамандардың кәсіби деңгейін көтеру және күрделі хирургиялық араласуларды енгізу бағытында тұрақты дамып келе жатқанын айқын көрсетеді. Қала тұрғындары енді тек ірі қалаларға бармай-ақ, өз өңірінде заманауи медициналық қызмет ала алады.

    Шымкент медицинасы заманауи құрал-жабдық, тәжірибелі мамандар және жоғары технологиялық ота арқылы тұрғындарға сапалы көмек көрсетудің жарқын үлгісі. Әр жаңа операция  тек жеке науқас үшін ғана емес, бүкіл қала медицинасының даму деңгейін көрсететін маңызды қадам.


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Мамандық таңдау - маңызды қадам!
  • Студенттер «Asia Trafo» зауытына экскурсия жасады
  • Шымкентте көшелерге жаңа бағыттаушы белгілер мен QR-жүйе орнатылады
  • Қала қысқы ойындарымен жылына жаңалық әкеледі
  • Өмір сыйлаған ота
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер