Жерлеу рәсімдерін цифрландыруға бағытталған заманауи жоба

image.png

Қазіргі таңда цифрлық технологиялар өміріміздің барлық саласына еніп, көптеген қызмет түрлерін жеңілдетіп келеді. Соның бірі – жерлеу рәсімдеріне арналған Jerleu.kz онлайн-платформасы. Бұл жоба азаматтарға жерлеу рәсімін ұйымдастыру, зираттарды күтіп-ұстау және қажетті қызметтерді онлайн түрде рәсімдеу мүмкіндігін ұсынады. Порталдың басты мақсаты – қаралы сәтте тұрғындарға қолайлы жағдай жасап, қызмет сапасын арттыру және саланы жүйелеу. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы өткен брифинг барысында баяндады.

Jerleu.kz сервисі арқылы азаматтар жерлеу орындарын тазалау, көгалдандыру және гүлмен безендіру қызметтерін тапсырыс бере алады. Сондай-ақ портал салттық компаниялар туралы мәліметтерді, олардың ұсынылатын қызметтері мен бағаларын бір жерден қарауға мүмкіндік береді. Ең бастысы – пайдаланушылар іздеген жерлеу орнын немесе қабіртасты адамның аты-жөні арқылы оңай таба алады. Бұған қоса, сайтта 2ГИС картасы арқылы зиратқа дейінгі ең ыңғайлы бағытты көрсету функциясы қарастырылған.

Жоба Шымкент қаласының цифрландыру басқармасының бастамасымен жүзеге асып отыр. 2025 жылдың 1 сәуірінде басқарма мен «7 АТА» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, сондай-ақ Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау және Тұран аудандарының әкімдіктері арасында Jerleu.kz порталы бойынша өзара ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойылды. Бұл келісім бес ай мерзімге жасалып, зираттарды ретке келтіру мен деректерді цифрландыру бағытында нақты жұмыстар атқарылды.

Меморандумның мерзімі аяқталғаннан кейін 2025 жылдың 1 қазанынан бастап цифрландыру басқармасы, Еңбекші және Тұран аудандары әкімдіктері мен «7 АТА» серіктестігі арасында жаңа шартқа қол қойылды. Құжаттың мерзімі 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін белгіленді. Осы кезең аралығында қала аумағындағы зираттарды есепке алу, олардың картасын жасау және деректерді жүйелеу жұмыстары жалғасын тапты.

Атап айтқанда, Тұран ауданында 482 орын цифрландырылды. Оның ішінде Сарытау көшесіндегі жаңа христиан зираты мен мұсылман зираты толық деректер базасына енгізілді. Ал Еңбекші ауданында 173 орын қамтылды. Мұнда Қаратөбе шағынауданындағы зират, Бадам шағынауданындағы христиан зираты және Қошалы көшесіндегі Самандар баба мазары сандық жүйеге енгізілген. Барлығы 655 орын бойынша ақпарат порталға жүктеліп, тұрғындарға қолжетімді болды.

Енді Шымкент қаласының тұрғындары Jerleu.kz ресми сайты арқылы онлайн өтінім беріп, жерлеу рәсіміне қатысты қызметтерді қашықтан рәсімдей алады. Бұл бұрынғыдай мекемелерге барып, қағазбастылыққа ұрынбай, қажет қызметті бірнеше минут ішінде орындауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, портал жерлеу орындарын тазалау мен күтім жасауға тапсырыс беруді де жеңілдетті.

Жобаның тағы бір маңызды артықшылығы – зираттардың нақты орналасқан жері мен деректерін бір жүйеге біріктіру. Бұрын туысының қабірін табу қиындық тудырса, енді бұл мәселе бір сәтте шешіледі. Тек марқұмның аты-жөнін енгізсеңіз болғаны – жүйе оның қай зиратта жатқанын және оған дейінгі жолды автоматты түрде көрсетеді.

Цифрландыру басқармасының өкілдері жобаның келешекте кеңейтілетінін айтады. 2026–2027 жылдары Шымкент қаласындағы барлық зираттарды толық цифрландыру көзделіп отыр. Бұл бастама жерлеу рәсімдеріне қатысты қызметтердің ашықтығын қамтамасыз етіп қана қоймай, қоғамға мәдени тұрғыдан да оң әсерін тигізбек.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Мамандық таңдау - маңызды қадам!
  • Студенттер «Asia Trafo» зауытына экскурсия жасады
  • КАЗАХСТАН И РОССИЯ: СТРАТЕГИЧЕСКОЕ ПАРТНЁРСТВО, ПРОВЕРЕННОЕ ВРЕМЕНЕМ
  • ПРЕЗИДЕНТ РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН КАСЫМ-ЖОМАРТ ТОКАЕВ: "ВЕЧНАЯ ДРУЖБА — ПУТЕВОДНАЯ ЗВЕЗДА ДЛЯ НАШИХ НА
  • Болашақ – ІТ мамандарының қолында
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер