
Шымкент қаласында көлік қозғалысын жеңілдету және заңсыз салынған нысандарды ретке келтіру бағытында нақты жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы брифинг барысында баяндады.
Оның айтуынша, қала көшелеріндегі қозғалыс ағынын азайту және кептелістердің алдын алу мақсатында бірнеше маңызды қиылыстарда бағдаршам жұмысына өзгерістер енгізілген. Мұндай шешімдер тұрғындардың жолда жүру уақытын қысқартып, қозғалыстың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
Мәселен, Т. Рысқұлов пен Жолан батыр көшелерінің қиылысында бағдаршамның қосымша секциясы жасыл түсті шамға ауыстырылып, жүргізушілердің оңға бұрылуына кедергісіз мүмкіндік жасалды. Дәл осындай жаңартулар Д. Қонаев – Тәуке хан даңғылдарының қиылысында да іске асырылып, оңға бұрылуға арналған арнайы бағдаршам орнатылды.
Бәйтереков – Н. Назарбаев көшелерінің қиылысында да көлік қозғалысын реттейтін жаңа секция қосылды. Ал Қ. Қазиев пен Ұ. Арғынбеков көшелерінің қиылысында солға бұрылуға арналған бағдаршам іске қосылып, көлік ағымының тиімділігі артты.
Қала әкімдігі мұндай техникалық шешімдер жүргізушілердің уақытын үнемдеп қана қоймай, көлік кептелісін азайтып, қала жолдарының өткізу қабілетін арттыратынын атап өтті. Алдағы уақытта да көлік инфрақұрылымын жетілдіру жұмыстары жүйелі түрде жалғасын таппақ.
Брифинг барысында әкім орынбасары тағы бір өзекті тақырыпқа — құжатсыз салынған нысандарды анықтау және заңдастыру ісіне тоқталды. Тексеру нәтижесінде Шымкент аумағында 2 314 құрылыс нысанының тиісті рұқсат құжаттары жоқ екені белгілі болды. Оның ішінде ең көп көрсеткіш Абай ауданында — 1 493 нысан, Тұран ауданында — 283, Еңбекші ауданында — 251, Қаратау ауданында — 234, ал Әл-Фараби ауданында — 53 нысан тіркелген.
Анықталған нысандардың 1 831-і тұрғын үй ретінде пайдалануға жарамды, ал 483-і техникалық тұрғыда жарамсыз деп танылды. Соңғыларының бір бөлігі — 187 құрылыс пен 63 іргетас — тиісті шешім бойынша бұзылған. Ал адамдар тұрып жатқан, бірақ құжаты жоқ үйлердің жағдайы заң аясында жеке қаралады. ҚР Азаматтық кодекстің мұндай мүліктерге меншік құқығы сот арқылы шешілуі мүмкін.
Бүгінде қала әкімдігі жер телімдерінің нысаналы мақсатына сай пайдаланылуын бақылауды күшейтіп отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар заңсыз иелену фактілерін азайтуға және қаланың жоспарлы дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Шымкент әкімдігі көлік қозғалысын реттеу мен жер қатынастары саласындағы тәртіпті нығайту арқылы тұрғындардың өмір сапасын арттыруды көздейді. Мұндай шаралар мегаполистің инфрақұрылымдық келбетін жақсартып, заманауи әрі ыңғайлы қала қалыптастыруға жол ашады.
