
Қоғамның мәдени және рухани дамуының басты тіректерінің бірі – кітапхана мен ондағы жанқияр қызмет атқарып жүрген кітапханашылар. Кітапханашы – білім мен парасаттың, ізденіс пен мәдениеттің қазынасын сақтаушы, оқырман мен кітап арасындағы алтын көпір.
Күн сайын олар мыңдаған оқырманмен жүздесіп, ізденіс жолында бағыт-бағдар береді. Кітапханашының еңбегі сырт көзге жеңіл көрінгенімен, оның артында үлкен жауапкершілік, білім мен шыдамдылық жатыр. Олар тек кітап таратушы ғана емес, заманауи ақпарат кеңістігінің маманы, оқырманға рухани азық сыйлайтын мәдениет қызметкері.
Бүгінгі таңда кітапханалар жаңа технологиялармен жабдықталып, цифрлық форматқа көше бастады. Осы үдерісте кітапханашылар да өз білімін үздіксіз жетілдіріп, ақпараттық жүйелермен жұмыс істеуді меңгеруде. Бұл – олардың кәсіби шеберлігінің, еңбекқорлығының айғағы.
Кітапханашының еңбегі – елдің рухани дамуының негізі. Олар жастарды кітап оқуға, білімге, ізденіске баулиды. Әрбір кітапханашының қолындағы еңбек – ұлттың болашағына салынған жарық сәуле іспетті.
Шымкент қаласындағы және еліміздің өзге өңірлеріндегі кітапханашылар – нағыз еңбек адамдары. Олар мәдениет саласында тынбай еңбек етіп, оқырманға сапалы қызмет көрсетіп, ұлт руханиятын сақтауға зор үлес қосып келеді.
Осындай абыройлы да жауапты мамандық иелерінің бірі – Мұртазаева Аяш, ҚР мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері салалық кәсіподағының Шымкент қалалық филиалына қарасты А. Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапхананың «Кітапхананы дамыту» бөлімінің басшысы.
Аяш Садиқызы 1968 жылы 23 қыркүйекте Оңтүстік Қазақстан облысы, Келес ауданы, Жаңа Тіршілік ауылында дүниеге келген. 1989–1993 жылдары әл-Фараби атындағы Шымкент педагогикалық мәдениет институтында «кітапханашы-библиограф» мамандығы бойынша білім алып, өмір жолын руханият саласына арнады.
1993 жылдан бері А. Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханада еңбек етіп келеді. 30 жылдан астам уақыт ішінде ол осы қасиетті орданың тынысын сақтап, кітап пен оқырман арасындағы алтын көпір қызметін адал атқарып жүр. Уақыт талабына сай жаңашылдықты енгізіп, мәдени-ағартушылық бағыттағы жобаларды іске асыруда үлкен еңбек сіңіріп келеді.
Аяш Садиқызы – кәсібіне берілген, тәжірибелі әдіскер әрі білікті бөлім басшысы. Ол әдістемелік жұмыстарды жетілдіру, кітапханашылардың кәсіби біліктілігін арттыру және жаңа бағдарламаларды жүзеге асыру бағытында табысты еңбек етеді.
Оның еңбегі тек сандармен емес, оқырмандардың ризашылығы мен әріптестерінің құрметі арқылы бағаланады.
Ол ұйымдастырған әдеби кештер мен көрмелер кітапхананы тек ақпарат орталығы емес, рухани мәдениет ордасына айналдырды. Ұжым ішінде шығармашылық рух пен ынтымақтастықты сақтап, жас мамандарға әрдайым қолдау көрсетеді. Аяш Садиевна үшін кітапхана – жай ғана жұмыс орны емес, өмірінің мәні мен шабыт көзі.
Парасатты мінезі мен іскерлігі арқылы ол ұжымда ерекше беделге ие. Оқырмандар оның еңбегін жоғары бағалап, кітапхана мәдениетін жаңғыртуға қосқан үлесін ризашылықпен атап өтеді.
Аяш Садиқызының өмір жолы – адалдықтың, ізденістің және руханиятқа қызмет етудің жарқын үлгісі. Ол өз мамандығына шынайы берілген, қоғамның мәдени дамуына үлес қосып жүрген еңбек адамы. Осындай жанкешті, ізденімпаз жандардың арқасында кітап пен білімнің шырағы ешқашан сөнбейді.
