
Қоғамның даму деңгейі мен адамгершілік келбеті көбіне әлеуметтік сала қызметінің қаншалықты дамығанымен өлшенеді. Өйткені бұл сала – адам тағдырымен, өмірдің ең нәзік тұстарымен тікелей байланысты. Әлеуметтік қызметкерлер – көмекке мұқтаж адамдарға демеу болып, мейірім мен қамқорлықтың дәнін егуші жандар.
Әлеуметтік сала қызметкерлерінің міндеті тек материалдық көмек көрсетумен шектелмейді. Олар аз қамтылған отбасылармен, мүмкіндігі шектеулі азаматтармен, жалғызбасты қариялармен, көпбалалы аналармен және қиын жағдайға түскен жандармен жұмыс істейді. Күн сайын осындай адамдардың жан дүниесіне үңіліп, олардың өмірге деген сенімін ояту – үлкен кәсіби әрі адами жауапкершілік.
Мемлекет тарапынан әлеуметтік салаға ерекше көңіл бөлініп келеді. Соңғы жылдары әлеуметтік қызметкерлердің мәртебесін арттыру, еңбекақысын өсіру және жұмыс жағдайын жақсарту бағытында нақты шаралар қабылданды. «Әлеуметтік қызметкерлердің кәсіби стандарттары» енгізіліп, олардың қызметін бағалау жүйесі жаңартылды.
Шымкент қаласында да бұл салада еңбек етіп жүрген жандар аз емес. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында жүздеген маман халыққа үздіксіз көмек көрсетіп келеді. Олар әрбір азаматтың өмір сапасын арттыруға, қоғамның әлсіз топтарын қолдауға өз үлесін қосуда.
Әлеуметтік сала қызметкерлері күніне орай, «AMANAT» партиясының Шымкент қалалық филиалында саланың үздік өкілдері марапатталды. Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, мұқтаж азаматтарға қолдау көрсетуге және қоғамның әл-ауқатын арттыруға сіңірген еңбегі үшін әлеуметтік сала мамандарына филиал Төрағасы Мұрат Жолдыхожаевтың Алғыс хаттары табысталды.
Салтанатты жиын барысында партия өкілдері әлеуметтік сала қызметкерлеріне жылы лебіздерін білдіріп, олардың қоғамдағы ерекше рөлін атап өтті. Күн сайын халықпен тығыз байланыста жұмыс істейтін бұл сала мамандары адам тағдырына бейжай қарамай, көмек пен қамқорлық көрсету арқылы еліміздің әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етіп келеді.
Шымкент қалалық филиалының Төрағасы Мұрат Жолдыхожаев өз сөзінде:
«Әлеуметтік сала қызметкерлері – қоғамның ең мейірімді, ең жауапты тобы. Сіздердің еңбектеріңіз – ізгілік пен жанашырлықтың үлгісі. Халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, көмек қолын созу – үлкен жүректі, адамгершілігі мол азаматтардың ғана қолынан келеді. Сондықтан бүгінгі кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтап, еңбектеріңізге сәттілік, отбасыларыңызға амандық пен береке тілеймін!» – деп атап өтті.
Күнделікті жұмыстағы қиындықтарға қарамастан, әлеуметтік сала қызметкерлері өз міндетін жүрек жылуымен, мейіріммен және адалдықпен атқарады. Олардың еңбегі – көптің батасы мен алғысына лайық.
Әлеуметтік сала қызметкері – жай ғана маман емес, ол – адамдарға үміт сыйлаушы, ізгіліктің жаршысы. Сол себепті олардың еңбегін бағалау және қоғамдағы беделін арттыру – әрқайсымыздың ортақ борышымыз.
Әлеуметтік сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, қоғам игілігі жолындағы еңбектеріне табыс, өмірлеріне мықты денсаулық пен жаңа жетістіктер тілейміз!
