Шымкентте қоғамдық кеңестің кезектен тыс отырысында өзекті мәселелер қаралды

image.png

Тұрғын үй мәселесі – мемлекет саясатының басты бағыттарының бірі. Әрбір азаматтың қолжетімді әрі сапалы баспанаға ие болуы – әлеуметтік тұрақтылық пен халықтың өмір сүру сапасын арттырудың негізгі кепілі.

Соңғы жылдары елімізде тұрғын үй құрылысы қарқынды дамып келеді. Мемлекет тарапынан қабылданған «Нұрлы жер», «7-20-25», «Шаңырақ» сияқты бағдарламалар мыңдаған отбасына өз баспанасын алуға мүмкіндік берді. Бұл жобалар халықтың әр санатына арналған, әсіресе жас отбасылар мен әлеуметтік осал топтарға үлкен қолдау көрсетеді.

Шымкент қаласында да тұрғын үй құрылысы саласы ерекше қарқынмен дамып келеді. Қалада жаңа шағынаудандар бой көтеріп, инфрақұрылымы дамыған көпқабатты үйлер пайдалануға берілуде. Сонымен қатар, кезекте тұрған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытында да айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Әлеуметтік осал топтар үшін арендалық және несиелік үйлердің құрылысы қолға алынған. Ал жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер телімдерін бөлу – халықтың жеке үй салуға деген сұранысын қанағаттандырудың тиімді жолы болып отыр.

Тұрғын үй құрылысы тек баспана салу емес, ол – құрылыс индустриясын, жұмыс орындарын және шағын бизнесті дамыту көзі. Осы бағытта жергілікті кәсіпорындар құрылыс материалдарын өндіру ісін кеңейтіп, экономиканың дамуына үлес қосуда.

Жалпы алғанда, тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету – әлеуметтік саясаттың өзекті бағыты. Бұл саладағы жүйелі жұмыстардың арқасында алдағы жылдары халықтың тұрғын үйге қолжетімділігі артып, әрбір отбасы өз шаңырағында бақытты өмір сүруге мүмкіндік алады.

   Шымқалада тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету бағытында қандай жұмыстар атқарылуда? Бұл мәселе   Қоғамдық кеңестің кезектен тыс отырысында талқыланды.  Отырыста Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары Марат Тәжібаев, Туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының басшысы Бексұлтан Әділханов, Тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушы Көпжан Төлебаев және Цифрландыру басқармасының басшысы Мұхит Кемелов баяндама жасады.

Тұрғын үй басқармасының өкілі Көпжан Төлебаев қала тұрғындарын баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарына тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың саны әлі де жоғары. Соған қарамастан, соңғы жылдары жалдамалы және несиелік пәтерлер беру ісі жүйелі түрде жүргізіліп келеді. 

«Биыл мыңға жуық отбасыға арендалық тұрғын үй кілті табысталды. Көпбалалы, аз қамтылған және жетім балалар санатындағы азаматтарға басымдық беріліп жатыр. Келесі жылы да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады», деді ол. 

Сондай-ақ тұрғын үйді жалға алу ақысының бір бөлігін субсидиялау бағдарламасы арқылы көптеген отбасыға көмек көрсетіліп жатқанын айтты. Мониторинг нәтижесінде заңсыз пайдаланылған пәтерлер анықталып, тиісті шаралар қабылданған. Қалада жастарға арналған жалдамалы пәтер беру бағдарламасы да тұрақты жүзеге асырылып келеді. 2020 жылдан бері мыңдаған жас баспаналы болған. Сонымен қатар, «Қамқор» өңірлік бағдарламасы аясында тұрғын үй алуға жеңілдетілген несие беріледі. «Мемлекет тарапынан азаматтарға бастапқы жарна төлеу үшін тұрғын үй сертификаттары ұсынылады. Бұл әсіресе жас отбасылар мен әлеуметтік әлсіз топтар үшін үлкен көмек», деді ол.

Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары Марат Тәжібаев ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен инфрақұрылымдық жобалары жайлы баяндады. Айтуынша  аудан аумағында 17 шағын аудан мен 1 елді мекен орналасқан. 266 мыңнан астам тұрғыны бар ауданда 931 көппәтерлі және 16 мыңнан астам жеке тұрғын үй бар. Бүгінгі таңда ауыз су, электр энергиясы және табиғи газбен қамту көрсеткіші 100 пайызға жеткен.

«Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында биыл 33 балалар ойын алаңшасы мен 2 спорт алаңы абаттандырылды, қосымша 5 аулаға абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. 2026 жылы 56 аула, ал 2027–2028 жылдары тағы 52 аула абаттандырылады. Сонымен қатар, 9 спорт алаңы жөндеуден өтті.

Жарықтандыру жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Жыл соңына дейін 133 көшеге жарық шам орнату жоспарланып, қазіргі таңда 42 көшеде толық іске асты. 112 көппәтерлі тұрғын үйдің 63 ауласына жарық шам қойылып, қалғандары жыл соңына дейін аяқталады.

Көшелерге асфальт төсеу және жаңарту жұмыстары белсенді жүргізілуде. 2025 жылы жоспарланған 25 көшенің 18-інде жаңа асфальт төселді, қалған 7 көшеде жұмыстар жалғасуда. Бұдан бөлек, 85 көшенің асфальт қабатын жаңарту жоспарланған, оның 23-і аяқталды.

Сонымен бірге, аяқжол салу, ирригациялық арықтар орнату, көпқабатты үйлердің қасбетін жарықтандыру, мурал салу және жаңа скверлер ашу жұмыстары жүргізілуде. Бұл шаралар аудан тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған.

     2025 жылы тұрғын үй қорын жаңғырту бағдарламасы аясында 20 көпқабатты үй жөндеуден өтуде, оның 13-інде жұмыстар аяқталды. Реновация жобасы бойынша биыл 4 мекенжайда құрылыс жүргізіліп жатыр. 2029 жылға дейін 28 апатты үйді бұзып, 235 меншік иесін жаңа тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланған. Бұл шаралар ауданның әлеуметтік инфрақұрылымын жетілдіруге, тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсартуға және экологиялық ахуалды нығайтуға бағытталған.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Шымкентте этномәдени бірлестіктердің қатысуымен мерекелік фестиваль өтті
  • Жастармен өзекті мәселелер мен жаңа бастамалар талқыланды
  • Шымкентте көп балалы аналарға алтын және күміс алқалар табысталды
  • Құны 17 миллиард доллардан асатын келісімдер жасалды
  • Қазақстан мен АҚШ президенттері Израиль Премьер-министірімен телефон арқылы сөйлесті
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер