«Отбасы банк» қала тұрғындарына арналған 16-шы кеңес беру орталығын ашты

image.png    

   Баспана — әрбір адамның өміріндегі ең маңызды әлеуметтік қажеттіліктің бірі. Азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі болып табылады. Тұрақты тұрғын үй адамның өмір сапасын жақсартып қана қоймай, оның еңбек өнімділігіне, отбасылық тұрақтылығына және ел экономикасының дамуына оң әсер етеді.

  Осы ретте Шымсити шағынауданында “Отбасы банктің” жаңа консультациялық орталығы ашылды. “Отбасы банк” АҚ Шымкент қалалық филиалы директорының орынбасары Еркін Ахыншаев жаңа орталықтың тұсауын кесіп, жұмысына сәттілік тіледі.

Орталықтың басты мақсаты – қала тұрғындарына баспаналы болудың тиімді жолдарын көрсетіп, тұрғын үй бағдарламалары жөнінде толыққанды ақпарат беру.

– Осы шағынаудан тұрғындары және осы аумақтағы банк салымшыларына ыңғайлы ету мақсатында кезекті орталықты аштық. Қазіргі уақытта қаланың шағынаудандарында, сауда орталықтарында кеңес беру бөлімдері жұмыс істейді. Тұрғындар осы кеңесшілерге келіп түрлі бағдарламалар бойынша толық мәлімет ала алады. Біз әрбір азаматтың өз шаңырағына ие болуына жағдай жасай береміз, - деді Е.Ахыншаев.

Жаңа консультациялық орталықтар халықтың баспаналы болуына мүмкіндік беріп, түрлі бағдарламалар жөнінде ақпараттандырады. Бүгін қаладағы 16-шы кеңес беру орталығы жұмысын бастады. Жыл соңына дейін оның санын 20-ға дейін жеткізу жоспарда тұр.

      Шымкент қаласында соңғы жылдары тұрғын үй құрылысы айтарлықтай қарқын алған. 

  Сала  мамандарының дерегінше  2025 жылдың қаңтар–маусым айлары аралығында қала аумағында жалпы көлемі 517,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның ішінде 318,5 мың м² – көпқабатты үйлер, 198,7 мың м² – жеке тұрғын үйлер. Бұл өткен жылмен салыстырғанда тиісінше 17,7% және 10,4%-ға өсім көрсетіп отыр. Жалпы құрылыс жұмыстарының көлемі 20,2%-ға артты.

Бүгінгі таңда қала аумағында 57 көпқабатты тұрғын үйдің (3 592 пәтер, 283,5 мың м²) құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 2025 жылы 31 үйді (2 412 пәтер, 190,7 мың м²) пайдалануға беру жоспарланған. Құрылыс негізінен «Тұран», «Бозарық», «Ақжайық» шағын аудандарында жүргізілуде.

      «Нұрлы жер», «Бақытты отбасы», «Шаңырақ», «2-10-20», «5-10-20» сияқты мемлекеттік бағдарламалар арқылы азаматтарға жеңілдетілген ипотекалық және жалдамалы тұрғын үйлер берілуде.

2025 жылы қала әкімдігі тарапынан 1 379 пәтер сатып алынды, оның ішінде 900-і жұмыс істейтін жастарға, 379-ы әлеуметтік осал топтарға арналды. Бұған қоса, соңғы жылдары 3 849 жас отбасы бес жылдық мерзімге жалдамалы тұрғын үймен қамтылды.

      Құрылыс басқармасы тарапынан биыл 283,5 мың шаршы метрді құрайтын 3 592 пәтерлі 57 көпқабатты үйдің құрылысын жүргізу жоспарлануда. Жыл соңына дейін Тұран шағынауданында 16 үй, Бозарық шағынауданында 36 үй, Ақжайық шағынауданында 9 үй салынады. Жыл соңына дейін 190, 7 мың шаршы метрді құрайтын 2412 пәтерлі тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ағымдағы жылы пайдалануға берілетін тұрғын үйлердің терезелеріне темір қоршау орнатылуда.

     Шымкентте тұрғын үймен қатар қажетті инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылым тарту жұмыстары да қатар жүргізілуде. Жаңа шағын аудандарда мектептер, балабақшалар, емханалар, жолдар мен қоғамдық көлік желілері қарастырылған. Бұл шаралар тұрғындар үшін қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталған.

     Осылайша, 2025 жылы Шымкент қаласында тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытындағы нақты шаралар өз нәтижесін беріп отыр. Тұрғын үй құрылысының көлемі артып, кезекте тұрған азаматтардың баспанаға қол жеткізу мүмкіндігі кеңейді. Жүргізіліп жатқан мемлекеттік бағдарламалар мен жаңа құрылыс жобалары қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң серпін беріп, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға ықпал етуде.

   Тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету – мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуының айқын көрсеткіші. Азаматтардың өз баспанасы болуы — олардың өміріне сенімділік, отбасылық тұрақтылық және әлеуметтік әділеттілік әкеледі. Мемлекет тарапынан қолға алынған тұрғын үй бағдарламалары — халықтың әл-ауқатын арттырудың нақты көрінісі. Болашақта тұрғын үй саясатының тиімді жүзеге асуы ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашпақ.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Шымкентте көп балалы аналарға алтын және күміс алқалар табысталды
  • Құны 17 миллиард доллардан асатын келісімдер жасалды
  • Қазақстан мен АҚШ президенттері Израиль Премьер-министірімен телефон арқылы сөйлесті
  • Мемлекет басшысы «Орталық Азия – АҚШ» саммитіне қатысты
  • Президент Қазақстанның АҚШ-пен стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға ниетті екенін растады
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер