
Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен аппарат отырысы өтті. Күн тәртібінде индустриалды аймақтарда заң тәртібінің сақталуы, мемлекеттік бағдарламалардың 2025 жылдың 10 айында орындалу нәтижесі, сапасыз нысандардың пайдалануға берілмеуін қадағалау шаралары, сонымен қатар, «Alaqan mektep» және «E-Ashana» жүйелерін қолданудың аралық нәтижелері қаралды.
Шымкентте осы оқу жылынан бастап 100 мектепке «Alaqan» биометриялық сәйкестендіру жүйесі енгізілді. Аталған жүйенің идентификаторы алақан биометриясына негізделген, ол саусақ ізімен салыстырғанда күрделірек және өзіндік ерекшеліктері бар. «Alaqan Мektep» — білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ететін және оқу процесін цифрландыруға мүмкіндік беретін бірыңғай экожүйе.
«Alaqan Mektep» жүйесінде мектепке қажетті сервистің барлығы бар. Бұл жүйеде оқушылар алақанын сенсорға қою арқылы кітапханадан кітаптар алып-тапсырып, асханада төлем жасай алады. Ал ата-аналар баланың мектепке қашан келіп-кеткенін біліп, мобильді қосымшасы арқылы асханада балаларының мәзірі мен шығындарын бақылай алады.
Ақпараттық жүйе алақан тамырларының үлгісін цифрлық кодқа айналдырады. Шифрланған цифрлық код жүйеде тіркелген пайдаланушылардың арасында сәйкестендіріледі. Шифрланған цифрлық код табылған жағдайда жүйеге кіріп төлемдерді жасай алады. Сканерлеу 0,3 секундта жүргізіледі. Жүйе ыңғайлы әрі қауіпсіз. Жоба тиімді жүзеге асып жатса, оның ауқымын кеңейту мәселесі қарастырылатын болады.
Айта кетейік, өткен жылы Шымкент қаласының №65 мектеп-гимназиясында пилоттық режимде өзінің тиімділігін дәлелдеген Аlaqan биометриялық жүйесі енгізілді. 6 айда оқушылардың 99 пайызы жүйеге тіркелді, кіру-шығу және тамақтану процестері автоматтандырылды. Бұл бастама 1-4 сынып оқушыларының 92 пайызын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Әлеуметтік осал санаттағы 261 оқушы үшін арнайы диета әзірленді, бұл да бюджеттен 2,3 миллион теңгені үнемдеуге мүмкіндік берді және цифрлық бақылаудың нақты экономикалық және әлеуметтік артықшылықтары бар екенін тағы да дәлелдеді.
Шымкент қалалық білім басқармасы мамандарының мәліметінше, бүгінгі таңда 100 мектепке «Alaqan Mektep» жүйесі, тағы 53 мектепке E-ashana жүйесі енгізілген. Барлығы 151 мектепте жабдық толығымен орнатылып, әлеуметтік картамен біріктірілген.
«Alaqan Mektep» жүйесі арқылы әр түскі ас тіркеледі. Егер бала мектепке келмесе, ақша бюджетке қайтарылады.Осылайша, цифрлық жүйе мектептегі тамақтануды жан-жақты бақылауға мүмкіндік туғызып, ашық ете түсті.
Аппарат отырысында қаладағы индустриалды аймақтардың да жайы сөз болды. Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының жетекшісі Біржан Әзімбердиевтің мәліметінше, қала аумағында жалпы ауданы 1 276 гектар болатын 7 индустриалды аймақ бар, ондағы 312 мекемеде 8 мыңнан астам жұмыс істеп жүр. Мониторинг барысында қала экологиясына теріс әсер ететін және тұрғындар жиі шағымданатын кәсіпорындар анықталды.
Экология департаментімен бірге осы кәсіпорындардың жұмысын экологиялық талаптарға сай келтіру мақсатында тексерулер жүргізілді. Нәтижесінде олқылықтарды жоюға ұйғарымдар беріліп, айыппұлдар кесілді. Жалпы, жыл басынан бері Экология департаменті тарапынан 29 ұйғарым беріліп, кесілген айыппұл көлемі 37,6 миллион теңгені құрап отыр.
Құрылыс басқармасының басшысы Олжас Тәжібаев 2025 жылы басқарма тарапынан 110 нысанның құрылысы жоспарланғанын мәлімдеді. Соның ішінде 65 нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланса, қалған 45 нысан – келесі жылға өтпелі.
Биыл басқарма тарапынан мердігер мекемелерге, техникалық және авторлық қадағалау ұйымдарына келісімдердің шарттарын орындамағандары үшін 12,5 миллион теңге айыппұл кесілді. Сонымен қатар, құрылыс ережесін бұған бірқатар мердігер мекемеге шара қолданылған.
