Қазақстан экономикасының өсуі: Cаннан – сапаға қарай

image.png

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында берген тапсырмаларына сәйкес Үкімет тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету, кәсіпкерлікті дамыту және елдің инвестициялық тартымдылығын арттыру бағытында жүйелі шараларды жүзеге асырып келеді.

2025 жылы Қазақстан экономикасы сенімді өсім көрсетуде — ЖІӨ 6,3%-ға артты. Бірақ экономикалық көрсеткіштер ең алдымен адамдардың күнделікті өміріне қалай әсер ететінімен маңызды.

Соңғы жылдары еліміз айтарлықтай жанданды. Ішкі туризм 40%-ға өсіп, 10,5 миллион адамға жетті. Шетелге шыққан қазақстандықтардың саны үш есеге артты. Авиа және такси тасымалы да көбейді: таксимен жүрген жолаушылар саны 2018 жылғы 54,3 миллионнан 2024 жылы 73,3 миллионға дейін өскен – бұл 35% өсім.

Азаматтардың әл-ауқатының артуы тұрғын үй нарығында да байқалады: 2020–2024 жылдары 1,1 миллионнан астам адам өз баспанасына ие болды. Бұл – табыстың өсуі мен еркіндіктің көрсеткіші.

Қазақстандықтардың өмір сапасы да жақсарып келеді: тамақтану мәдениеті өзгеріп, ет пен жеміс-жидек тұтыну артты. Әлеуметтік осал топтарға арналған азық-түлік себеті 20 позициядан 43-ке дейін кеңейді.

Қалалар мен ауылдарда газ тарту, жарықтандыру, жол жөндеу, аулаларды абаттандыру жұмыстары күшейді. Мұның бәрі – жаңа сапалы өмірдің іргетасы.

Экономикалық өсім – мақсат емес, құрал. Бастысы – сол өсім әр отбасының тұрмысында, әр адамның мүмкіндігінде сезілетіндей болуы. Қазақстанның жаңа кезеңі – сандық өсімнен сапалы дамуға бет алу кезеңі.

Ұлттық экономиканың бірінші вице-министрі Азамат Әмриннің айтуынша, нақты сектордағы өсім 8,1% -ды көрсетті, ал қызмет көрсету өндірісі 5,3%-ға өсті. "Салалар арасында көлік қызметтері, Құрылыс және тау-кен өнеркәсібі ең үлкен өсімді көрсетіп отыр. Сауда 8,8%-ға, өңдеу өнеркәсібі 6,2%-ға, ауыл шаруашылығы 4,4%-ға өсті. ЖІӨ өсімінің 70%-дан астамын өнеркәсіп, сауда және көлік қызметтері қамтамасыз етті", – деді ол.

Оның деректері бойынша, ағымдағы жылдың қаңтар-тамыз айларында сыртқы сада айналымы 90,1 млрд долларды құрады.

"Тауарлар экспорты 50,2 млрд долларды құрады, оның ішінде өңделген тауарлар экспорты 18,1 млрд доллар. Тауарлардың импорты 40,1 миллиард долларға жетті. Әлемдік тауар нарықтарындағы төмен бағаларға қарамастан, 10 миллиард доллардан асқан оң сауда балансы сақталды. Өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс 6,2%-ға өсті", – деп толықтырды Әмрин.

Оның айтуынша, өсім 17 өңірде тіркелген – ең үлкен өсім Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарында, сондай-ақ Шымкент және Алматы қалаларында байқалды. Өндірістің төмендеуі Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстарында және Ұлытау облысында тіркелді.

Мамандардың айтуынша өсу қарқыны қаңтардан қыркүйекке дейін жеделдеді: қаңтарда – 3,8%, қаңтар-ақпанда – 5,4%, қаңтар-наурызда – 5,6%, қаңтар-сәуірде – 6%, қаңтар-мамырда – 6%, қаңтар-маусымда – 6,3%, қаңтар-шілдеде – 6,3% және қаңтар-тамызда 6,5% болған. Бұл өсу қарқыны экономиканы әртараптандыру және салаларды теңгерімді дамыту есебінен жүзеге асырылуда. 

Сонымен қатар биылғы қаңтар-қыркүйек аралығында инвестициялар жылдық мәнде 13,5%-ға, оның ішінде өңдеу өнеркәсібіне 30,7%-ға ұлғайған. Инвестициялардың белсенді өсуі инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуымен, екінші деңгейлі банктердің кәсіпкерлікке несие беру көлемінің ұлғаюымен және «Тарифті инвестицияға айырбастау», «Келешек мектептері» бағдарламаларының жүзеге асуымен тығыз байланысты.

Кәсіпкерлік саласында да оң өзгерістер байқалады. 2025 жылғы 1 қыркүйектегі мәлімет бойынша елде 2 174 309 кәсіпорын тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,4%-ға артық. ШОБ-тың экономикадағы үлесі 38,6%-ға дейін өсіп, ал өнім шығару көлемі 11,4%-ға ұлғайып 18,7 триллион теңгеге жеткен.

Қазіргі заманға сай цифрлық шешімдер енгізілуде: «eGov Business» мобильді қосымшасы арқылы кәсіпкерлер 30-дан астам мемлекеттік қызметті онлайн ала алады.

Бизнесті мемлекеттік қолдау кеңеюде:

– «Өрлеу» бағдарламасы бойынша 7 млрд теңгеге дейін жеңілдетілген несие беріледі;

– 12,3% мөлшерлемемен жаңа жеңілдетілген несиелеу тетігі іске қосылды;

– 1,6 мыңнан астам жобаны қолдаған екі кепілдік қоры құрылды.

Қазақстан экономикасын демонополизациялау, активтерді бәсекелі ортаға беру, мемлекеттік сатып алулардың ашықтығын арттыру және 2029 жылға қарай ЖІӨ-ні екі еселеу мақсатында инвестициялық саясатты дамыту бағытында жұмыс жүргізіп жатыр.

БҰҰ Сауда және даму конференциясының (ЮНКТАД) деректеріне сәйкес, Қазақстан Орталық Азиядағы жетекші инвестициялық бағыт мәртебесін сақтап отыр: тек 2024 жылы тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 17,2 млрд АҚШ долларын құрады, ал 2025 жылы бұл көрсеткіш өсуді жалғастыруда.

Тұрақты даму, мықты экономика және бизнесті қолдау – мемлекеттік саясаттың басты басымдығы болып қала береді.

Биылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 922,1 млрд теңге сомасындағы 396 мемлекеттік нысан бәсекелес ортаға берілді, 69 нысан қайта ұйымдастыруға немесе таратуға жіберілді.  Ірі мемлекеттік компаниялар IPO/SPO-ға шығарылды:

• «Қазмұнайгаз» АҚ – 153,9 млрд тенгеге,

• «KEGOC» АҚ  – 22,6 млрд тенгеге,

• «Эйр Астана» АҚ – 10,6 млрд тенгеге.

Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссия 3 трлн теңгеден астам баланстық құны бар 400-ден аса компанияны оңтайландыруды қолдады.

2026-2030 жылдары үш кезеңді оңтайландыру жоспарлануда:

1 кезең (2026) – 200-ге жуық нысан;

2 кезең (2027-2028) – 100-ден астам компания;

3-кезең (2029-2030) – 60-қа жуық компания, негізінен жылу және энергетика саласында.

Басты мақсат – мемлекеттік активтерді бәсекелес ортаға беру, экономиканың тиімділігін арттыру және жеке бизнесті дамыту үшін жағдай жасау. Сонымен қатар бәсекелес салалардағы мемлекеттік кәсіпорындар санының қайтадан өсуіне жол бермеу үшін нормативтік шарттар пысықталуда. Мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуына негіз болатын тұстар қысқартылуда.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Алтынтөбе тұрғын алабын газбен қамтамасыз ету жобасы аяқталуға жақын
  • Қазақстан экономикасының өсуі: Cаннан – сапаға қарай
  • В Шымкенте прошла республиканская акция «Народный юрист»
  • Қазақстан мен әлемнің жетекші университеттері стратегиялық серіктестікті нығайтуда
  • Қазақстанның білім беру кеңістігі жаһандық деңгейге қадам басуда
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер