
Астанада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Қазақстан – академиялық білім аймағы» атты стратегиялық серіктестердің халықаралық форумы өтті. Форум білім және ғылым саласындағы жаһандық ынтымақтастықты нығайту мен жоғары білім беру жүйесін дамытудың жаңа бағыттарын айқындауға арналды. Форумға шетелдік серіктес оқу орындарының басшылары, халықаралық аккредиттеу және рейтинг агенттіктерінің, дипломатиялық корпустың өкілдері қатысты.
Мемлекет басшысы форум аясында білім және ғылымды ешқандай шекара талғамайтын, барлық елге ортақ стратегиялық маңызы айрықша сала ретінде атап, бүгінгі форум соның айқын дәлелі екеніне назар аударды.
«Бұл – шын мәнінде өте маңызды жиын, жаһандық білім мен ғылымның дамуы туралы аса құнды ой-пікірлер айтылатын, болжамдар жасалатын бірегей алаң. Осыған орай кешеден бері әлемдегі жетекші жоғары оқу орындарының басшылары және өкілдері Астанада бас қосып, пікір алмасып жатыр. Халықаралық деңгейдегі ғалымдар мен сарапшылар елордамызда маңызды мәселелерді талқылауда. Бүгін де академиялық білім әлеміндегі беделді жоғары оқу орындарының жетекшілері терең мағыналы ойларын ортаға салды. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Іс-шара барысында стратегиялық серіктестер кеңесінің құрылғаны атап өтілді. Кеңес институционалдық өзара іс-қимылды қамтамасыз етуге және ортақ міндеттерді бірлесе шешуге бағытталған. Бүгінгі күнге дейін Кеңестің үш отырысы өткізілді.
Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының (ММХҚИ) ректоры Анатолий Торкунов Қазақстанның Ресей үшін білім саласындағы сенімді серіктес әрі одақтас екенін айтты. Ол Астанада ММХҚИ филиалының ашылуының стратегиялық маңызын атап өтіп, бұл бастама біртұтас білім кеңістігін қалыптастыру мен болашақ көшбасшыларды даярлауда маңызды рөл атқаратынын жеткізді.
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің ректоры Ербол Исақаев өңірлік жоғары оқу орны үлгісінде Аризона университетімен ауыл шаруашылығы саласындағы бірлескен ғылыми зерттеулер арқылы академиялық әріптестікті ғылыми серіктестікке айналдыру тәжірибесін таныстырды. Сондай-ақ академиялық және зерттеу жетістіктері орталығын құру нәтижелері ұсынылды.
Қорытынды сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев форумға қатысушыларға мазмұнды баяндамалары мен сындарлы ұсыныстары үшін алғыс білдірді. Мемлекет басшысы Қазақстан өз университеттерін алдағы уақытта да жан-жақты дамытатынын атап өтті.
«Мықты университеттер – келешектің фабрикасы. Бұл жерде идеялар туып, кедергілер еңсеріледі. Әділ әрі үйлесімді әлемнің алғышарттары қалыптасады. Жоғары оқу орындары халықтар арасындағы сенім мен ынтымақты күшейтіп, дипломатия құндылықтарын дәріптейді. Университет қабырғасында қалыптасатын студенттер бауырластығы, зерттеушілер қоғамдастығы және академиялық серіктестік тек ғылым-білім саласында емес, экономика мен қоғамдық өмірдегі, тіпті саясаттағы өзгерістерге қозғау салады. Ұлтымыздың біртуар перзенті, әйгілі академик Қаныш Сәтбаевтың «Ғалым барлық өмірін халық үшін, адамзат үшін сарп етеді» деген сөзі бар. Шын мәнінде, ғылымның ең басты миссиясы – адамзат игілігіне қызмет ету. Ғылым әлеміндегі жетістіктер барша елдің әлеуетін арттыра түсуі керек деп санаймын. Себебі ғылым мен білім – бөліскен сайын молая түсетін әрі шексіз мүмкіндіктерге жол ашатын қуатты құрал. Бұл саладағы ықпалдастық Қазақстандағы білім-ғылым жүйесінің өрісін кеңейтіп, академиялық дипломатияны өркендетуге зор ықпал етеді деп сенемін», – деді Мемлекет басшысы.
Президент елімізде дарынды, қабілетті, ойы ұшқыр азаматтар өте көп екеніне тоқталып, халқымыздың жасампаздық рухына сенетінін жеткізді. Мемлекет басшысы жүргізіліп жатқан реформалардың еліміздің жарқын болашағына апаратын даңғыл жол екенін атап өтті. Сондай-ақ Президент еліміздің білім мен ғылымға арқа сүйеп, Әділетті, Таза, Қауіпсіз және Күшті Қазақстан құру жолындағы жұмысты жалғастыратынын айтты. Мемлекет басшысы стратегиялық серіктестердің, сондай-ақ білім және ғылым ордаларының елдің басты байлығы – адами капиталдың әлеуетін арттыруға және ғылым көкжиегін кеңейтуге қосқан үлесін ерекше атап өтті.
Президент атап өткендей, қазақстандық білім жүйесі халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті болуы үшін, академиялық сапаны арттыру, университеттердің дербестігін күшейту және ғылыми зерттеулердің нәтижесін нақты экономикаға бағыттау қажет. Бұл бастама жастардың зияткерлік әлеуетін көтеріп қана қоймай, елдің инновациялық дамуына да серпін бермек.
Бүгінде Қазақстан жоғары оқу орындары аймақтық және жаһандық ғылыми желілерге белсенді қосылып, халықаралық серіктестік пен академиялық ұтқырлыққа жол ашуда. «Академиялық білім аймағы» идеясы — еліміздің білім беру экожүйесін жаңа деңгейге көтеретін стратегиялық қадам.
Бұл бастамаға сарапшылар, ғылыми қауымдастық, профессорлық-оқытушылық құрам және жастар ұйымдары үлкен қызығушылық танытып отыр. Олар Президенттің білім сапасын арттыруға бағытталған ұстанымын қолдап, өз пікірлерімен және тәжірибелерімен бөлісуде.
Әлеуметтік желілерде белсенді пікір алмасу — қоғамның білімге деген жаңаша көзқарасын қалыптастырудың маңызды тетігі. Әрбір ұстаз, ғалым, жас зерттеуші мен студент бұл бастаманы қолдап, өз үлесін қосуы – ел дамуының кепілі.
Сондай-ақ форум аясында Мемлекет басшысы елімізде білім алып жатқан шетелдік студенттермен әңгімелесіп, оларға сәттілік тіледі.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да оқитын француз студенті Адриан Давус Президентке қазақ тілін үйреніп жүргенін айтты. Мемлекет басшысы оның ана тілімізді үйренуге деген ықыласына ризашылығын білдірді.
Форумға шетелдік серіктес оқу орындарының басшылары, халықаралық аккредиттеу және рейтинг агенттіктерінің, дипломатиялық корпустың өкілдері қатысты. Сондай-ақ жиында Woosong білім беру қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Ким Сонг Кёнг, Мәскеу ұлттық ядролық зерттеу университетінің ректоры Владимир Шевченко, Minerva University президенті Бен Нельсон, Баку мемлекеттік университетінің ректоры Эльчин Бабаев сөз сөйледі.
