
Бүгін Шымкент қаласында этнос өкілдерінің балалары арасында қазақ тілін ілгерілетуге бағытталған республикалық «Мың жүйрік» ағартушылық жобасының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Бұл игі бастама жас ұрпақтың мемлекеттік тілге деген қызығушылығын арттыруды, қазақ тілін жетік меңгерген дарынды балаларды анықтауды және олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға жағдай жасауды мақсат етеді.
Жоба аясында қатысушылар қазақ тілін меңгеру деңгейі мен шығармашылық қабілеттерін бейнеролик және эссе форматында көрсетті. Биыл байқауға еліміздің жеті аймағынан жүзге жуық өтінім қабылданып, 8-16 жас аралығындағы қатысушылардың еңбегін арнайы құрылған қазылар алқасы бағалады. Қатысушылар «Ертегі әлеміне саяхат», «Тұлғалар тағылымы», «Мен ұнататын мамандық» және «Туған өлкеге тағзым» тақырыптары бойынша сынға түсті. Алғашқы бөлімде үміткер өз қалауымен кез келген ертегіден үзінді айтып береді. Ұсынылатын ертегіде шығарманың желісі толық сақталуы керек. Қазылар алқасы өнерді бағалайтын кезде қатысушының өзін көпшілік алдында ұстауына, тіл көркемдігіне, мәнерлеп айту шеберлігіне назар аударды.
Үміткерлердің жұмыстарын арнайы құрылған қазылар алқасы бағалады. Қазылар алқасының құрамында Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы директорының орынбасары Г. Қалдыбаева, Ө. Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті Музыкалық білім кафедрасының меңгерушісі, Құрмет орденінің иегері, доцент м.а. А. Досбағанбетова, ҚР Мәдениет қайраткері, аға оқытушы М. Күмісбекқызы, сондай-ақ «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары М. Спатаев пен бөлім басшысы С. Жаңабаев болды.
Марапаттау рәсіміне «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Нүркен Әлімқұлов, қоғам қайраткері, медицина ғылымдарының докторы, Шымкент қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Иманалы Байдаулетов, қаламыздағы этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен өкілдері, сондай-ақ Ассамблея жастары қатысты. Бейнеролик және эссе форматындағы жобаның 10 жеңімпазына алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. «Аталған жобаға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тілі ретінде мәртебесін ілгерілетуді көздеген байқау 5 бағытта өрбіді. Бақ сынаған балалар мемлекеттік тілде мүдірмей сөйлеп, түрлі шығармалардан үзінділер оқып, қазақ тілін жетік меңгергенін дәлелдеді. Біз еліміздің мемлекеттік тілін дәріптеп, насихаттауға бағытталған байсалды бастамаларды қолдауға әрдайым дайынбыз! Ойын қазақша еркін жеткізетін, мемлекеттік тілден мүдірмейтін балалардың бүгінгі жеңістері өмірлік толағай табыстармен жалғаса бергей!» – деді Иманалы Оспанұлы.
Салтанатты жиында жеңімпаздарға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді. «Мен ұнатқан мамандық бағыты бойынша өзім өлең жазып, оны бейнежазбаға түсіріп қатысып, жеңімпаз атандым. Жеңімпаз болғанымды естігенде толқу да, мақтаныш та болды. Этнос жастарына осындай байқаулар шабыт береді, қазақ тілін жетік меңгерген жастарымызға осындай байқаулар көп болса екен деймін»,- дейді байқау жеңімпазы Исмаил Ақсантаев.
Жиында этнос өкілдері балалары арасында қазақ тілін ілгерілетуге арналған республикалық «Мың жүйрік» ағартушылық жобасында ұл-қызының жеңімпаз атануына қосқан үлесі үшін ата-аналарға да арнайы марапат берілді.
Айта кетейік, «Мың жүйрік» ағартушылық байқауы қаламызда бесінші рет өткізіліп жатыр. Жобаға қызығушылар саны жылдан-жылға саны артып келеді. Мәселен, 2021 жылы байқауға 100-ге жуық жасөспірім қатысса, 2022 жылы 300 бала, ал, 2023 жылы олардың саны 575-ке жетсе, өткен жылы байқауға қатысуға ниет білдірген жастардың саны 600-ден асқанын айтады мамандар.
