Шымкентте әлеуметтік дүкендердің саны артқан

image.png    

      Шымкент қаласы соңғы жылдары қарқынды дамып, еліміздің ірі экономикалық және әлеуметтік орталығына айналды. Қаланың экономикалық жағдайы жақсарып, әлеуметтік салада да бірқатар өзгерістер орын алуда. Халық санының артуы және қаланың даму көрсеткіштері қала тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды жобаларды жүзеге асыруға себеп болуда. Қалада әсіресе, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын түзетуге, көтеруге бағытталған шаралар ұйымдастырылуда. Халықтың әлеуметтік тұрмысына тікелей әсер ететін ол азық-түлік. Сондықтан халық күнделікті тұтынатын азық-түлік жеткілікті және қолжетімді бағада болғаны маңызды. Осы мақсатта    Шымкентте әлеуметтік дүкендер жұмыс істейді. Соңғы жылдары олардың   саны артып келеді. Бүгінде мегаполисте 80-ге жуық әлемуеттік сауда нүктесі тұрақты түрде жұмыс істеп тұр. Атап айтқанда, қалада «Грамад» сауда желісінің 22 нүктесі, «Магнум» желісінің 26 нүктесі, «Маркет» желісінің 2 нүктесі, «Қасқасу-С» шаруа қожалығының көкөніс сататын 5 сауда орны және «Qaz Et» ет павильонының 5 нүктесі, сондай-ақ «Бәйтерек» шаруа қожалығының 3 сауда орны жұмыс істейді.

      Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес әлеуметтік дүкендердің санын арттыру мақсатында халық тығыз орналасқан аумақтарда «Бақша» атты 14 жаңа әлеуметтік дүкен іске қосылды. Қазіргі таңда тағы 10 қосымша сауда нүктесін орнату жұмыстары жүргізілуде. Бұл дүкендерде күнделікті тұтынуға қажетті негізгі ақыз-түлік өнімдері нарықтағыдан төмен бағада сатылады.

    «Осы жерде жұмыс жасап жатқаныма өте қуаныштымын. Өйткені көп адамның сауабын аласың. Біздің дүкенде бағалар өте тиімді. Бағалар өзгермейді, тұрақты. Тұрғындарға да қолайлы, ыңғайлы. Тұтынушылар алғыстарын жаудырып жатады. Еттің келісі 2500 теңгеден сатылуда», - дейді әлеуметтік дүкен сатушысы Меруерт Жамидинова. 

     «Нұрсат» шағын ауданының тұрғындары осы әлеуметтік дүкеннің тұрақты тұтынушылары болып алған. Айтуларынша мұнда күнделікті ас-ауқатқа қажетті ұн, нан, күнбағыс майы, шекер мен көкөністер нарықтағы өз бағасынан арзанға саудаланады. «Осы дүкен ашылғанан бері тұрақты тұтынушы болып келемін. Азық-түліктер балғын. Қажеттінің барлығы бар. Ең қолайлысы сол барлығы арзан бағада. Әсіресе, көкөністердің бағасы арзан»,- дейді   қала тұрғыны Гүлзада Бөлісбаева. 

     Алты баланың әкесі Нұржан Омаров та әлеуметтік дүкеннің тұрақты тұтынушысы. Айтуынша, мұнда күнделікті ас-ауқатқа қажетті ұн, нан, күнбағыс майы, құмшекер мен көкөністер нарықтағы өз бағасынан арзанға саудаланады. «Қалтаға қонымды. Басқа дүкендермен салыстырып көрдік. Бағасы арзан болғандықтан осы жерден аламыз. Басқа жермен сапасы бірдей. Жақсы»,- дейді ол. 

    Сала мамандарының айтуынша, азық-түлікті өндірушіден тікелей тұтынушыға жеткізу арқылы баға саясатын бақылауға болады. Ол үшін алдын-ала айналым қаражатын қолдау механизмі енгізілген.  «Бұл жерде ең басты мақсат өндіруші өзі немесе ірі сауда желісі болуы керек. Бүкіл әлеуметтік тауары бар. Сол бағамен сата алуы маңызды. Бізде оларға көмек береміз. Олар да өзінің жауапкершілігін танытады»,- дейді қалалық Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Талғат Мекамбаев.

      Айта кетсек, қаладағы алғашқы «Әлеуметтік дүкен» 11 шағын ауданы, Елшібек батыр көшесі, №116 мекен-жайында ашылған болатын.

      Шаһарда "Береке Fest" акциясы аясында арнайы аймақтар ұйымдастырылып, жыл соңына дейін отандық өндірушілердің өніміне жеңілдіктер ұсынылады.  «Біздің барлық сауда желіміз осы акцияға қосылды. Тұтынушылар саны көбейді. Сұраныс мол. Бізге де пайдасы тиіп жатыр»,- дейді супермаркеттер желісінің бас директоры Асан Рашидов. Айта кетерлігі, акция бүкіл ел аумағында 25 қыркүйек пен 30 қазан аралығында өтеді. Бағдарлама Қазақстан бойынша 80 сауда желісі қатысады. Олармен жасалған арнайы меморандум да бар. Келісімге сәйкес, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына үстеме баға 5-10%-дан асырмау қажет. Акция аясында ет, жұмыртқа, май және басқа да өнімдер белгіленген бағамен сатылады. Бағдарлама өңір әкімдіктері және Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп жүргізілуде. Өнімдер отандық өндірушілерден тікелей сауда желілеріне жеткізіліп, дүкендер әлеуметтік жауапкершілік аясында баға саясатын ұстануға міндеттелді. Егер дүкен сөресіндегі баға мен кассадағы баға сәйкес келмесе, тұтынушылар өз өңірінің Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне ресми шағым түсіре алады. Бағдарлама бағаны мемлекеттік бақылау және бұзушылықтарға дер кезінде әрекет етуді мақсат тұтып отыр. "Береке Fest" акциясына қатысатын супермаркеттерде арнайы белгілер, баннерлер мен ақпараттық тақталар орнатылып, сатып алушылар жеңілдетілген бағамен өнімді оңай таба алады.

     Еске сала кетейік, Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізіміне келесі өнімдер кіреді: Сиыр еті (сүйекті), күнбағыс майы, қант, ұн, картоп, сәбіз, пияз, нан түрлері, жұмыртқа, күріш т.б. Олардың бағасы жергілікті әкімдіктер мен Сауда және интеграция министрлігінің бақылауында. Егер кәсіпкерлер бағаны негізсіз көтерсе, әкімшілік жаза қолданылады.

    Шымкенттің әлеуметтік және экономикалық дамуы қаланы тек Қазақстанның ғана емес, Орталық Азияның да маңызды қалаларының біріне айналдыруда. Қалада жасалып жатқан өзгерістер мен жобалар қала тұрғындарының өмірін жақсартып, қаланы заманауи мегаполиске айналдыруға септігін тигізуде.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Әлеуметтік азық-түлік бағасы тұрақты бақылауда
  • Жарықтандыру қауіпсіздік пен жайлылықтың кепілі
  • БІЗДІҢ КҮШІМІЗ – БІРЛІКТЕ
  • Шымкентте Ауғанстан тауарларының көрмесі басталды
  • «OMIR SHYMKENT» этно-глэмпинг кешенінің құрылысы жоспарға сай жүргізілуде
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер