
Шымкент қаласында алдағы қыс мезгіліне дайындық қызу жүргізілуде. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы брифинг барысында баяндады. Оның айтуынша, биылғы қыс маусымында коммуналдық қызметтердің үздіксіз әрі сапалы жұмыс істеуі басты назарда болмақ.
Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының мәліметінше, бүгінде қала аумағында ұзындығы 891 шақырымды құрайтын 443 магистральды көше бар. Аталған көшелердің санитарлық және механикалық тазалығын қамтамасыз етуге 5 мемлекеттік-жекешелік әріптестік ұйым тартылған. Бұл мекемелер қысқы кезеңде қар тазалау, мұз еріту және жолдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын тұрақты жүргізеді.
Биылғы қысқа дайындық аясында мемлекеттік-жекешелік әріптестер тарапынан 243 арнайы техника толықтай дайындалған. Сонымен қатар, орталық көшелердің тазалығына күн сайын шамамен 2000-ға жуық жұмысшы жұмылдырылмақ. Қардың уақытылы тазалануы және көше қозғалысының қалыпты жүруі үшін аудан әкімдіктері мен мердігер мекемелер арасында нақты жауапкершілік айқындалған.
Атап айтқанда, Абай ауданы бойынша қар тазалау жұмыстары 8 бағытта ұйымдастырылмақ. Жалпы аудан аумағында 357,2 шақырымды құрайтын 80 магистральды көшелер бар, оларға 37 арнайы техника бөлінген.
Әл-Фараби ауданында жұмыстар 5 бағытта жүргізіледі. Мұнда 147,4 шақырымдық 109 көше бар, тазалыққа 42 техника жұмылдырылмақ. Еңбекші ауданында да қар күреу жұмыстары 5 бағытта өтеді. Жалпы ұзындығы 221,6 шақырымды құрайтын 83 көше бар, оларды тазалауға 49 арнайы техника қатысады.
Қаратау ауданы бойынша да 5 бағыт белгіленген. Мұнда 181,1 шақырымды құрайтын 83 көше бар және 53 техника дайындалған.
Ал жаңадан құрылған Тұран ауданы аумағында қар тазалау жұмыстары 6 бағытта ұйымдастырылады. Бұл ауданның 203,3 шақырымдық 111 көшесін тазалауға 62 техника тартылмақ.
Қала әкімінің орынбасарының айтуынша, мұз қатудың алдын алу мақсатында арнайы реагенттер мен инертті материалдар қоры жасақталған. Атап айтқанда, қоймаларда 25 мың м³ құм және 15 мың тонна тұз дайын тұр. Әр ауданға шамамен 5 мың тонна құм мен 3 мың тонна тұз көлемінде үлестіріледі. Қажет болған жағдайда қосымша материалдар да сатып алынбақ.
Қарды уақытылы шығару үшін қала аумағынан арнайы бос жер учаскелері анықталып, аудан әкімдіктерімен келісілген. Барлық техникалар, жұмысшылар мен материалдық ресурстар қысқы маусым бойы тәулік бойы кезекшілік режимінде жұмыс істейді.
Сәрсен Абайұлы атап өткендей, биылғы қысқа дайындық жұмыстары өткен жылдармен салыстырғанда ертерек қолға алынған. Бұл қала тұрғындарының қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шаралардың нәтижесі болмақ.
