Сертке берік, қызметке адал төтеншеліктер – бейбіт күннің қаһармандары!

image.png      

     Биыл Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігіне 30 жыл толып отыр — бұл үш онжылдық азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жою жолындағы табанды қызмет кезеңі. Ведомствомен бірге оның ержүрек қызметкерлері де есейіп, шыңдалып, өз ісінің кәсіби мамандарына айналды.  Төтенше жағдайға сақадай сайланып, адам өмірін сақтап қалу жолында от пен суға түсуден тайынбайтын құтқарушылардың, өрт сөндірушілердің тіршілігінде қауіп-қатер табан астында. 2020 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде Төтенше жағдайлар министрлігі қайта құрылды. Президент табиғи және техногендік апаттар дәуірінде министрлікті қайта құру қажет екенін алға тартты. Бүгінде жыл сайын құтқарушылар 90 мыңнан астам шақыртуға барады. Орта есеппен 15 мың адам апат аймағынан құтқарылса, 30 мың адам эвакуацияланады, 5 мың адамға алғашқы медициналық көмек көрсетеді. Айталық, осы жылдың басы­нан бері төтеншеліктер 9 мың адамды құтқар­ған. 3 мыңнан астам зардап шеккен тұрғын медициналық кө­мек­пен қамтылған, 7 мың адамға психология­лық қолдау көрсетілген. Өткен 30 жылда 72 құтқарушы ерлікпен қаза тапты. Өзгені аман алып қалу жолында өзін құрбан еткен бейбіт заманның батырлары – осылар. Серт­­ке берік, қызметке адал төтеншеліктер тұр­­ғын­­дарға көмектесуді бас­ты міндеті санайды.

     19 қазан – Құтқарушылар күні.  Мемлекет басшысының Жарлығымен бұл мереке 1995 жылдан бері аталып келе жатыр. Еңбек адамдары еленіп жатқан  «Жұмысшы мамандықтар» жылына орай  19 қазан – құтақрушылар күні және  Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігінің  30 жылдығының қарсаңында  Шымкент қаласындағы азаматтық сала мамандары мен құтқарушылардың ерен еңбегін сөз етіп, бұл саланың тарихымен таныстырығымыз келеді. 

     Төтенше жағдайлар министр­лігінің құрамында өрт сөндіру­ші, құтқарушылардан бөлек, сүңгуірлер, кинологтар, инс­­пек­тор, инженер, дәрігер, ұш­­қыштар қызмет етеді. Әр құ­рам өзінің жұмысын жетік бі­леді, тосын шақыртуларда бекі­тілген ережеге сай шешім қабылдайды. Төтеншеліктер тек табиғи, тех­­ногендік апат кезінде ғана жұ­мылмайды. Өрт сөндіруге асы­ғады, тұрғындар оқыс жағдайға тап болса, тосылып қалмай, жедел жолға шы­­ға­ды. Техникалық талаптарды, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтай отырып, құтқаруға кі­ріседі. Бүгінде Төтенше жағ­дай­лар министрлігі Мемлекет басшысының бастамасымен өрт сөндіру, апат салдарын жоюдан бөлек, апаттың алдын алуға қабілетті жаңашыл, техно­ло­гия­лық жағынан қамтыл­ған, икемді құрылымға айналды. Бұл туралы мереке қарсаңында Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов толығырақ айтып берген еді. Министр  өз сөзінде: «Еліміздің әр аймағында күн сайын отыз мыңнан астам адам қызметке кірісіп, ел азамат­тарының қауіпсіздігін қамта­масыз етеді. Қазіргі Төтенше жағдайлар қызметі тек каска, өрт сөндіретін көлік, басқа да құ­рал­дармен сипатталмайды. Қазір жедел көмекте жасанды интеллект, ұшқышсыз ұшу аппараттары, цифрлық платформалар өрт сөндіргіш пен құтқару құралдарының небір түрі қол­данылады. Ми­нистр­лік­тің иелігінде 200-ге жуық ұшқышсыз ұшу аппараты бар. Тек биылдың өзінде олар екі мыңнан астам операция жүргізіп, жоғалған адамдарды іздеуге, апат аймақтарындағы жағдайды баға­лауға көмектесті. Сол секілді «Орман» жүйесі орман өрттерін мейлінше ерте анықтауға мүм­кіндік береді. «Табиғат» қо­сым­­шасы экологиялық қауіп­терді талдайды. «Тасқын» платформасы су тасқыны қаупін болжай отырып, елді мекендерді алдын ала эвакуациялауға жағдай жасайды. Осыған қоса, MASS ALERT жаңа жедел құлағдандыру жүйесі қазір Алматы қаласында іске қосылды. Алда еліміздің өзге де сейсмикалық қауіпті өңірлерінде енгізіледі», – деді Ш.Әрінов.

     Төтенше жағдайлар ми­нистр­­лігі мереке қарсаңында «30 жылдыққа 30 игі іс» акция­сын бастады. Қыркүйек, қазан аралығында еліміздің әр өңірін­дегі құтқарушылар қайырым­­дылық, әлеуметтік іс-шараларға қатысып, балалар мен қарттарға көмек қолын созып жатыр. Енді бір топ донор болып, қан тапсырса, көгалдандыру жұмыс­тарына жұмылған төтенше­ліктер де аз болмады.

     Шымкент қаласының төтенше жағдайлар департаменті өрт қауіпсіздігі, авариялық құтқару және суда құтқару қызметтерін көрсетеді. Жол-көлік оқиғалары кезінде зардап шегуші қысылып қалған кезде темірді кесіп, тесу, көтеру сияқты күрделі жағдайлар кезінде де төтенше жағдайдың қызметкерлері көмекке шақырылады. Тіпті біреу үйінде қамалып қалса, саусағынан сақинасы алынбай қалса, бала ойнап жүріп қолын бір жерге қысып алса да көмекке осы саланың  қызметкерлері барады. Қызмет аясы көп.  Кейінгі кездері үйіне жылан кіріп кеткендердің шақыртуымен де көптеген шығулар болды дейді шымкенттік мамандар.  Қызметкерлер жұртқа осындай алуан түрлі оқиғалар бойынша шақыртулармен барып көмек көрсетеді.

4-бет-чс-пожарники-1-1080x642.jpeg     Бүгінде Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментін білікті басшы  генерал-майор Қуанар Базарбаев басқарып отыр.  Қуанар Базарбаев 1967 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Шалақын ауданы Қаратал ауылында дүниеге келген. 2005 жылы ҚР ТЖМ Көкшетау техникалық институтын «Өрт қауіпсіздігі инженері»мамандығы бойынша бітірген. Азаматтық қорғау органдарында 1992 жылдан бастап қызметін өрт сөндірушіден бастады. Әрі қарай инспектор, өрт сөндіру кезекші қызметінің басшысы, өрт сөндіру бөлімдерінің бастығы болып жұмыс істеді. 2015-2020 жылдары-Маңғыстау облысы ТЖ департаментінің бастығы, 2020-2023 жылдары-Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы қызметтерін атқарған. Мереке қарсаңында ол барша әріптестеріне өз құттықтауын жеткізген болатын. «Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Құтқарушылар күнімен және Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Осы жылдар ішінде азаматтық қорғау жүйесі ел қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қуатты құрылымға айналды. Бұл – өз ісіне адал, батыл әрі жауапты мамандардың тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Сіздердің кәсібиліктеріңіздің арқасында мыңдаған адамның өмірі сақталып, талай жанға көмек көрсетілді. Өз өмірін өзгелердің амандығы үшін қиған әріптестеріміздің есімі жүрегімізде мәңгі сақталады. Баршаңызды мерейлі мерекемен құттықтай отырып, Сіздерге мықты денсаулық, отбасы амандығы мен еңбектеріңізге табыс тілеймін!»,- деп жазды ақ жарма тілегін білдірген  Қуанар Бекенұлы.

     Үшінші мегаполистегі Төтенше Жағдайлар департаментіне қарасты 9 өрт сөндіру бекеті мен 5 аудандағы төтенше жағдайлар басқармасында 900-ге жуық қызметкер қызмет атқарып жатыр. Мекемелердің техникамен жабдықталуы 89 пайызды құрайды. Мамандардың айтуынша биыл Шымкент қаласы бойынша  «101» және «112» желілері бойынша қоңыраулар саны былтырғы осы кезеңдегімен салыстырғанда көп болған.  2024-жылы 293 мың 359 болса, осы жылдың 9 айында департаменттің 101, 112 шұғыл байланыс нөміріне 200 мыңнан астам қоңырау түскен. Түскен қоңыраулар бойынша құтқарушылар 2 547 орындағы өртті сөндіріп, 348 авариялық-құтқаруға, 6 іздестіруге және 234 рет халыққа түрлі бағыттағы құтқару көмегін көрсеткен екен. Осылайша 234 адам ТЖ қызметкерлерінің көмегімен құтқарылса, оның 155-і кәмелеттік жасқа толмаған балалар. Осы жылдың басынан бүгінге дейін Төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғау қызметкерлерінің біліктілігін шыңдау үшін 2385 оқу-жаттығуы өткізілген. Құтқарушылар қандай қиындық болмасын азаматтарды оқыс оқиғалар мен өрттен құтқару ісін қалтықсыз атқарып отыр.

        Шымкент әкімдігі биыл Қазақстан бойынша тұңғыш рет арнайы газ-техникалық инспекция ашты. Инспекция  қызметкерлері төтеншеліктермен бірге жүріп үйлерді тексереді, газ құрылғыларынан қандай да бір кемшілік, ақау тапса, үй иелерін ескертеді.

    Шымкентте  сондай-ақ министрлікке қарайтын медициналық апаттар орталығының филиалы бар. Жедел жағдайларда жәрдем көрсету керек болғанда департаменке бағынады. Сала қызметкерлері Түркістан облысының қалаға жақын аумақтарында орын алған түрлі төтенше жағдайлар кезінде де көмек көрсетеді. Қаладан 20 шақырымдай қашықтағы жерлерге барып та жәрдем көрсетеді. Яғни оқыс оқиға орын алғанда шақырту облыстық төтенше жағдайлар департаментіне түседі де, ондағылар шұғыл арада тез жету керек болса, қалаға хабарласады. Өз кезегінде шымкенттіктер төтеншеліктер  көмектерін аянып қалмайды.

      Қазіргі таңда Шымкент қаласы ТЖ департаментінде мыңға жуық қызметкер еңбек етеді. 9 өрт сөндіру бөлімі мен жедел-құтқару жасағы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде. Қала аумағының ұлғаюына байланысты жаңа өрт сөндіру бекеттері мен көпфункционалды қауіпсіздік орталықтары салынып жатыр. Олар Қазақстан бойынша өзге жерде жоқ ерекше әмбебап жобамен бой көтеруде.  Құрамында өрт сөндіру және жедел жәрдем көліктері мен полицияның тірек бекеті бар мұндай әмбебап бөлімдер қала периметрі бойынша орналасатын болады. Биылғы жылы  департамент  38 өрт сөндіру көліктерімен толықты. Ол жаңадан ашылатын бөлімдерге де жеткілікті болады. Сонымен Шымкент гарнизоны бойынша көлікке қажеттілік толық өтелді. Сондай-ақ өрт сөндірушілердің еуропалық сападағы арнайы киімдері 100 пайызға толық қамтылды. Өрт сөндіру кезінде киілетін түтіннен, уланудан қорғайтын тыныс алу аппараттары да түгелденді. 200 данасы алынды, ескілері жаңартылды.
Бұл жұмыстардың барлығы – төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мен азаматтардың қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған.
«Бұрын бізде арнайы өрт сынақ зертханасы болмаған еді, биыл сондай зертхана салынды. Ол Қазақстан бойынша бізде ғана бар. Көптен бері қызметкерлеріміз бен ардагерлерге арналған емхана қажетін айтып жүрген едік, оған жөндеу жасалған ғимарат және қажетті жабдықтар берілді. Бүгінде оған физкабинет, тіс емдеу кабинетін ашпақ ниетте жабдықтар алудамыз. Жалпы, жаңартылуы жағынан біздің гарнизонды басқа көптеген аумақтардан әлдеқайда  алда тұр десек болады. Көрсетіп жатқан көмектері үшін министрлікке, қала басшылығына айтар алғысымыз көп. Бізде спортқа көп көңіл бөлінеді. Ерлер, әйелдер және жасөспірімдер құрама командалары бар. Осыдан бір апта бұрын ғана Петропавлда өткен министрліктің өрт-қолданбалы спорты түрінен арнайы кубогында біздің әйелдер командасы жалпыкомандалық есепте жүлделі 3-орынды иеленді. Жеке есепте бір спортшымыз 1-орынға қол жеткізді. Енді бірер күнде Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында спорттың осы түрінен Әлем чемпионаты басталады. Оған қатысатын Қазақстан құрама командасының сапында біздің екі қызметкеріміз бар. Біздің өрттен құтқару қызметінде габариті мен функциялары әрқалай  7 дрон бар. Дрон әсіресе өрт сөндіру кезінде оның басты ошағын анықтауда көп көмектеседі. Оларды департаменттің байланыс бөліміндегілер басқарады. Дрондардың өрт ішінде қалған, жоғалған адамды іздеуге де көп септігі тиеді. Биыл Астанада көпқабатты нысандардағы өртті сөндіруге арналған дрондарды пайдалану қолға алынды. 60-70 метр биікке көтерілген дрон өрт ошағының үстінен су шашады. Су оған жерден, шланг арқылы беріліп тұрады. Бұйыртса, біз де келесі жылы биіктен өрт сөндірудің осы тәсілін енгізсек деп отырмыз»,- дейді   генерал-майор Қуанар Базарбаев.

      Өрт сөндірушілер мен жедел құтқару жасағының өкілдері – қауіппен бетпе-бет келіп, бір сәтте шешім қабылдайтын, батылдық пен сабырды қатар ұстанатын жандар. Шымкент қаласы тұрғындарының қауіпсіздігі мен амандығы жолында талай жан еңбек етіп, маңдай терін төкті.  «1997 жылы осы салада еңбек етіп, зейнетке шықтым. Қазір жұмыс істеп жүрген  әріптестеріммен араласып тұрамын. Шымкентте өрт сөндірушілерді оқытатын оқу орталығы ашылған. Сол мекемеде  жастарды осы салаға баулып, дәріс беріп жүрмін. Құтқарушы -  ержүрек, жүрегі жылы, қолы таза, мейірімді, адамдардың өміріне селсоқ қарамайтын бейбіт өмірдің батырлары болу керек. Біздің уақытымызда өрт сөндірушілер бөлек мекеме болатын.  1995 жылдары бәрін қосып, төтенше жағдай деген комитет құрылды. Одан кейін  агенттік болды.  Соңында министрлік құрылды. Мен қызмет еткен жылдары  Шымкент қаласында 3 өрт сөндіру бөлімі болған. Қазір қала өсіп жатыр,  аудандар көп. Бүгінде шаһарда  9 өрт сөнддіру бөлімі  жұмыс істейді. Қазіргі өрт сөндірушілердің   жұмысы өте қауырт. Уақытында қалада 5, 6 қабатты үйлер болатын. Қазір биік үйлер өте көп. 16, 22 қабатты үйлерде өрт болған жағдайда жоғары қабатқа шығып өртті сөндіру, адамдарды құтқару өте күрделі процесс. Дегенмен қазір техника жақсы дамыған. Біздің кезімізде  «зил» деген көлік болатын. Кейде жүрмей тоқтап қалатын. Қазіргі мамандардың кәсіптік деңгейі өте жоғары. Бізбен салыстыруға келмейді. Қазіргі техниканы көріп, шыны керек, таңқалып жатамыз.  Дегенмен, құтқарушылардың  бойындағы батылдық пен кәсібилікті ешбір техника алмастыра алмайды. Сондықтан бұл мамандық иелерінің еңбегі ерен. Артымыздан ерген жас мамандар ардагерлерге  үнемі  құрмет көрсетіп жүреді. Өзіміз де бұрынғы жұмыс орныма ара-тұра бас сұғып, жастармен жүздесіп тұрамын»,- дейді   Төтенше жағдайлар қызметінің ардагері Дүйсенбек Битанов.

 Изображение WhatsApp 2025-10-26 в 17.32.58_426f5a3b.jpg     Сала ардагерлері мен жас мамандардың пікірінше, құтқарушы – ең алдымен адам өмірін бәрінен биік қоятын тұлға. Бұл қызметке жай қызығушылықпен емес, үлкен жауапкершілік сезімімен және рухани дайындықпен келу қажет. Қиындыққа төтеп беру, оқыс жағдайда тез әрекет ету, жанындағы әріптесіне сену – осы мамандықтың басты қағидаларының бірі. «Жұмыс барысында неше түрлі жағдалар болады. Өрт кезінде әріптестерімізден айырылған  қайғылы оқиғалар да орын алды. Жалынның арасыннан талай мәйіттерді де алып шықтық. Сондай кезде бәрін  тастап кеткің келеді. Бірақ ертесіне сабырға келіп, ерік-жігеріңді қайта жинап жұмысқа кірісесің.  Өз мамандығыңа адалдық таныту үшін бәріне шыдау керек. Сабырлық керек. Елімізді, жерімізді  біз қорғамасақ кім қорғайды?»,- дейді Дүйсенбек Битанов.

      Жас мамандардың буыны қазіргі таңда заманауи техника мен жаңа әдістерді игеріп, төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою ісінде тәжірибелі әріптестерінен үйреніп келеді. Құтқару операцияларында қолданылатын заманауи құрал-жабдықтар мен технологиялар олардың жұмысын жеңілдеткенімен, ең бастысы – адамдық қасиет пен батылдық екенін олар жақсы түсінеді. «Мектептерге кездесуге барғанда өрт сөндіруші, құтқарушы болғысы келетін балалардың көптігі қуантады. Оларға қай оқу орнына түсу керек,  құтқарушы болу үшін қандай талаптар қойылады деген  секілді бағыт-бағдар береміз»,- дейді сала ардагері.

      Ардагерлердің айтуынша, құтқарушының бойында табандылық, сабыр, батылдық және өзгенің өміріне жанашырлық секілді қасиеттер тоғысуы қажет. Бұл мамандық – жүрек пен ерік-жігердің сыны. Әрбір оқиға – жаңа сынақ, ал әр құтқарылған адам – ең үлкен марапат.

     Төтеншеліктер әрбір маманды мақтан тұтады, әрбір қызметкерге тиісті құрметін көрсетеді. Бұл салада еңбек ардагерін зейнетке шығарып салу рәсімі ерекше аталып өтіледі. Сондай шараның бірі  жақында Шымкент қаласындағы мамандандырылған жасақ  бөлімінде  өтті. Ұжым  бөлімше командирлері — азаматтық қорғау прапорщигі Берік Спабеков пен азаматтық қорғау старшинасы Бақтияр Жүнісовты құрметті зейнеткерлік демалысқа шығарып салды.
     Берік Спабеков 25 жылдан астам қызметінде талай өрттің алдын алып, талай адамның өмірін сақтап қалған.
Ерен ерлігі үшін ол «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Оның қызы Балнұр Қуанышбек те бүгінде «101» қызметінде диспетчер болып еңбек етуде.
      Ал Бақтияр Жүнісов көптеген ірі өрттерде алдыңғы шептен көрініп, жас мамандарға үлгі бола білді. Ол да өз борышын абыроймен атқарып, бүгінде құрметті демалысқа шықты.

     Салтанатты жиында әріптестері жылы лебіздерін білдіріп, қызмет ардагерлеріне ақбоз ат мінгізіліп, ерекше құрмет көрсетті.  Іс-шара соңында дәстүр бойынша  соңғы дабыл қағылып, су шашу рәсімі өтті.

       Өрт сөндіру саласы – ерлік пен жанқиярлықты талап ететін ең қиын әрі жауапты қызметтің бірі. Бұл мамандық иелері өз өмірін қатерге тігіп, өзгенің амандығы үшін күреседі. Осындай ержүрек жандардың бірі – Фархат Бабашев. Ол азаматтық қорғау органдарында 30 жылға жуық уақыт жүргізуші-қызметкер ретінде абыройлы еңбек етіп, төтенше жағдайлар кезінде талай адамның өмірі мен мүлкін сақтап қалуға үлес қосты.

     Қызметінде жауапкершілігімен, кәсібилігімен және табандылығымен көзге түскен Фархат Мирхадырұлы әріптестері үшін нағыз үлгі бола білді. Күн-түн демей апат аймағына алғашқылардың бірі болып жетіп, өз ісіне адалдығын дәлелдеді. Бүгінде ол – азаматтық қорғау ардагері, өмірлік тәжірибесі мен еңбек жолы жас мамандарға өнеге. Әріптестері оны құрметпен зейнетке шығарып салып, жылы лебіздерін білдіріп, ұзақ жылғы еңбегі үшін алғыс айтты.

      Сондай-ақ Шымкент қаласындағы №9 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің ұжымы азаматтық қорғау органында 20 жылдан астам қызмет еткен аға өрт сөндіруші-құтқарушы азаматтық қорғау старшинасы Досым  Сейдуалиевті салтанатты түрде зейнетке шығарып салды.  Іс-шара барысында Қызмет бастығының орынбасары азаматтық қорғау подполковнигі С.Ташимбаев және Қаратау аудандық ТЖБ бастығы Ж.Аяпов, бөлім бастығы сөз сөйлеп, Досым Тойшыұлының жетістіктерін атап өтіп, адал қызметі үшін алғыстарын білдірді.  

       Досым Сейдуалиев - үлгілі өрт сөндіруші. Оған «Өртке қарсы органдарындағы мінсіз қызметі үшін 10 жыл», «Өртке қарсы органдарындағы мінсіз қызметі үшін 15 жыл», «ІІМ Төтенше жағдайлар комитетіне 20 жыл», «Қазақстан полициясына 25 жыл», «Төтенше жағдайлардың алдын алу және жоюда үздік шыққаны үшін, «Гарнизонның үздік командирі» медальдары дәлел бола алады. Сондай-ақ ерен еңбегі үшін 2013 жылы Министрлік тарапынан алғыс хатта алған болатын.  Еңбек жолын 2005 жылы Шымкент қаласындағы №2 өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіруші қызметінен бастады. Одан кейін түрлі лауазымда өзін жауапкершілігі жоғары қызметкер екенін көрсетіп, өз міндетін адал, абыроймен атқарды. Талай рет тілсіз жаумен күресте адамдардың өмірі мен материалдық құндылықтарын құтқаруда алдыңғы шептерде көріне білді. Өзінің кәсіби тәжірибесі мен білімін жас қызметкерлерге үйретті.

      Досым Сейдуалиев үлгілі әке, адал жар бола білген жан. Қәзіргі таңда 6 баланың әкесі,1 немеренің ардақты атасы.  Осындай үлгілі қызметі үшін әріптестері азаматтық қорғау старшинасы Досым Тойшыұлына ерекше құрмет көрсетті, естелікке сый-сияпат табыс етті.

       Құтқарушылар күні – тек кәсіби мереке емес, ел тыныштығын күзетіп жүрген азаматтарға құрмет көрсету күні. Тәулік бойы дайындықта жүретін мамандардың еңбегі – қоғам қауіпсіздігінің басты кепілі. Олар табиғи апат, өрт, тасқын немесе жол апаты кезінде ең бірінші болып көмекке келетін адамдар. Әрбір операцияның артында тәуекелге толы сәттер мен жауапты шешімдер тұр. «Бұл салада 2011 жылдан бері қызмет атқарамын. Жақында Төлеметов көшесіндегі  «Buy park»  ойын-сауық, сауда кешенінде өрт болды. Барған кезде 3-ші қабаттың терезесінен қою қара түтін шығып жатты. Бөлімшеммен газ түтінінен қорғау тізбегін құрып, ішіне барлауға кірдік. Барлау барысында жедел штабтан радио байланыс арқылы іште адам қалып кеткендігі жөнінде хабар келіп түсті. Ішке кіргенде  ес түссіз жатқан бір азаматшаны байқап, сыртқа алып шықтық.  Дереу жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырдық.  Осындай оқыс оқиғалар кезінде, апаттарда  бойдағы қорқынышты жеңу үшін, уақыт ұстамай тез шешім қабылдау үшін біз үнемі тактикалық сабақтар өтіп, жаттығулар жасаймыз»,- дейді өрт сөндіруші  Асхат Дирмешов.

          Құтқарушылардың еңбегі – қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі тірегі. Олар су тасқыны, өрт, апат, табиғи зілзала кезінде алдыңғы шепке шығып, халықтың амандығы үшін тәуекелге барады. Қиын сәттерде олардың кәсібилігі мен рухы ғана емес, адамгершілігі де сынға түседі.  Шымкент қаласындағы №9 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Бекжан Уркинбаев азаматтық қорғау органдарында 2008 жылдан бері жұмыс істейді. Өзінің еңбек жолын Шымкент қаласындағы №1 мамандандырылған жасақта өрт сөндіруші қызметінен бастаған. Қызмет барысында ол өзін сауатты, бастамашыл, жауапты және тәртіпті қызметкер ретінде көрсетті. Қиын жағдайларда бірнеше рет ерлік танытқан ол. Оның бірі – 2024 жылдың 2 қазанында Шымкент қаласының «Нұрсат-2» шағын ауданындағы 9 қабатты үйдің 6-қабатындағы пәтерде болған өрт. Ол әріптестерімен бірге өртті уақытында сөндіріп, оның одан әрі таралуына жол бермеді. Сол күні 31 адам, оның ішінде 7 бала эвакуацияланды, 6 бала құтқарылды. Бекжан батылдығын көрсетіп, баланы құтқарып, өз кәсіби шеберлігін тағы да дәлелдеді.

     Қазірде ол жас қызметкерлерге өрт сөндірудің негізгі дағдыларын үйретіп, өзінің мол тәжірибесімен бөліседі. Қарамағындағы қызметкерлер оның кәсібилігін және адамгершілігін бағалап, әрдайым қолдау көрсетеді. Өзінің ерен еңбегіне Бекжан «Өртке қарсы органдарындағы мінсіз қызметі үшін 10 жыл» және «Өртке қарсы органдарындағы мінсіз қызметі үшін 15 жыл» медальдарымен марапатталған, сондай-ақ «Гарнизонның үздік командирі» атағына ие болған. Сонымен қатар әскери қызмет кезінде де жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, 2007-2008 жылдары «Үздік радиотелефонист» атағын алған.

      Құтқарушы болу – тек мамандық емес, өмірлік миссия. Бұл жолды таңдаған әрбір жанның бойында елге, халыққа деген шынайы сүйіспеншілік пен адалдық бар. Сол себепті 19 қазан – батыл жүректі азаматтардың ерлігін дәріптейтін, қауіп алдында тайсалмайтын адамдарға алғыс айту күні болып қала береді.

     Авариялық-құтқару қызметі – төтенше жағдайлар кезінде адам өмірін қорғау, зардап шеккендерді құтқару, апаттың салдарын жою және қауіптің одан әрі таралуына жол бермеу мақсатында құрылған арнайы құрылым. Бұл қызметтің жұмысы апаттың түріне, көлеміне және деңгейіне қарай ұйымдастырылады. «Шымкент қаласы  Төтенше жағдайлар департаментінде жедел құтқару жасағы құрылған. Онда 61 штаттық бірлік бар. Оның  ішінде сүңгуірлер, радио-химиялық бөлімшелері  және  кинологтар мен құтқарушылар бар. Біз құтқару жұмыстарымен айналысамыз. Мысалы суға кеткен адамды құтқару, іздестіру, тауда адасқан, жараланған адамдарды құтқару, қирандының астында қалған адамдарды іздестіру, құтқару, жол көлік оқиғалары кезінде қыстырылып қалған адамдарды құтұқару т.б. Іздестіру жұмыстарына көбінесе кинологтар араласады. Олар арнайы дайындалған иттердің көмегімен түрлі жағдайда жоғалған, қирандылар астында қалған адамдарды іздестіреді»,- дейді  Шымкент қалалық ТЖД  Жедел құтқару жасағының бастығы Орынбасар Төртбаев.

      Авариялық-құтқару қызметі табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларда бірінші болып көмекке келеді. Олар өрт, жарылыс, жер сілкінісі, су тасқыны, химиялық немесе радиациялық апат сияқты жағдайларда шұғыл іс-қимыл жүргізеді. Құтқарушылар адамдарды қауіпті аймақтардан көшіреді, жараланғандарға алғашқы медициналық көмек көрсетеді, зақымданған аумақтарды қауіпсіз ету жұмыстарын атқарады.

     Бұл саладағы мамандар тәулік бойы кезекшілікте болады. Шақырту түскен сәттен бастап санаулы минуттар ішінде оқиға орнына жету – олардың басты міндеті. Әрбір әрекет нақты жоспар мен нұсқаулыққа сай орындалады. Құтқарушылардың іс-қимылы үйлесімді болуы үшін арнайы жаттығулар мен оқу-жаттығу жиындары тұрақты өткізіледі. «18 жасқа толған  Қазақстанның азаматы құтқарушы бола алады. Әрине,  денсаулық жағдайы жақсы болуы керек. Алайда ең бастысы адамның  бұл мамандыққа деген ынтасы, махаббаты болу керек»,- дейді жасақ басшысы.

      Жедел құтқару бөлімшелері апат орнына келген соң жағдайды бағалап, тәуекел деңгейін анықтайды. Осыдан кейін тиісті құрал-жабдықтар мен техника қолданылады. Кей жағдайда апат аймағында дрон, тепловизор және геоіздеу құрылғылары пайдаланылады. «Адамдарды құтқару барлығының  қолынан келе бермейді. Оған жүрек, табандылық  керек. Жалғыз өзің судың астына түсесің, тауға шығу керек болады. Жұмыс барысында кіп-кішкентай нәрестелерді, балаларды шығарып жатқан кезде біздің де жүрегіміз елжірейді, ауырады. Біз де ет пен сүйектен жаралған адамбыз. Алайда жұмыс барысында эмоцияға берілмеу, салқынқандылықты ұстану өте маңызды»,- дейді маман.

     Құтқару қызметінің тиімділігі олардың материалдық-техникалық жабдықталуына тікелей байланысты. Қазіргі таңда төтенше жағдайлар департаменттері заманауи техникамен және құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуде. Арнайы автокөліктер, өрт сөндіру машиналары, судан құтқару қайықтары, газ-түтіннен қорғайтын костюмдер, тыныс алу аппараттары мен байланыс құралдары – құтқарушының сенімді серігі. «Биыл Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылғанына   30 жыл толып отыр. Менің де осы салада еңбек етіп жүргеніме  30 жылдай уақыт болды.  1997-98 жылдары бізде 1, 2 ғана техника болатын.  Бұрынғы жылдармен салыстырғанда қазіргі жасақтың материалдық-техникалық базасы  әлдеқайда жақсы.  90-95  пайыз техникамен қамтылған деп айта аламын. Жыл сайын қаншама техника, құрал-саймандар беріліп жатыр. Мұның бәрі мамандарымыздың біліктілігіне, жұмыс сапасына әсер етеді. Барша құтқарушыларды төл мерекемен құттықтаймын. Дендеріне саулық, отбасыларына амандық тілеймін. Қазақстанымызда тек жақсылық,  бейбіт күндер болсын»,- дейді  Орынбасар Құлманбетұлы.

       Сонымен қатар робототехника мен заманауи бақылау жүйелері де енгізіліп жатыр. Бұл апат аймағындағы қауіп деңгейін төмендетіп, адам өмірін сақтау мүмкіндігін арттырады. Аймақтарда апаттық-құтқару бекеттері мен оқу орталықтары құрылып, мамандардың кәсіби дайындығы мен техникалық шеберлігін жетілдіруге басымдық берілген.

 Изображение WhatsApp 2025-10-26 в 17.12.10_09bac07e.jpg    Айта кетейік, Орынбасар Құлманбетұлы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскері қатарында борышын өтеген соң,  Шымкент қаласының санитарлық-эпидемиялық станциясында өзінің мамандығына сай тазалық фельдшері болып жұмыс атқарған. Уақыт өте келе, оның кәсіби бағыты төтенше жағдайлар қызметіне ауысты. Кейіннен  “Оңтүстік Қазақстан облысы суда құтқару қызметі” мемлекеттік мекемесінің  “Тұлпар” суда құтқару станциясының аға мейірағасы болып қызметін қатар атқарып келді. 2003 жылы Алматы қаласының Төтенше жағдайлар агенттігінің кәсіптік біліктілікті жетілдіру оқу орталығын ойдағыдай бітіріп, 1-сыныпты сүңгуір мамандығын алды. Сол жылы “Оңтүстік Қазақстан облысы суда құтқару қызметі” мемлекеттік мекемесінің жетекші маманы болып тағайындалды. Мамандығын жақсы деңгейде меңгеріп, 2003 жылдың желтоқсан айында осы мекемедегі сүңгуірлердің авариялық-құтқару жасағының бастығы болып тағайындалды.

    2014 жылы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы Төтенше департаментінің (Шымкент қаласы) «Судан құтқару қызметі» ММ сүңгуірлік-авариялық құтқару жасағының басшысы ретінде жұмысқа кіріскен. Бұл кезеңде ол суға батып кеткен адамдарды құтқару, сүңгуірлік операциялар жүргізу сияқты маңызды міндеттерді атқарды. 19 маусым 2015 жылы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы Төтенше департаментінің «Жедел-құтқару жасағы» ММ басшысының орынбасары-құтқарушы болып тағайындалды. Бұл рөлінде ол төтенше жағдайлар кезінде жылдам және тиімді әрекет ету, құтқару жұмыстарын ұйымдастыру міндетін атқарды. 2016 жылдың 20 қыркүйегінен бастап оның жауапкершілігі одан әрі артты, себебі ол «Жедел-құтқару жасағы» ММ басшысы-құтқарушы болып тағайындалып, құтқару жұмыстарының барлық процесіне тікелей жауапты болды. Оның басқаруымен жедел-құтқару жасағы түрлі төтенше жағдайларға дайындықты күшейтіп, құтқару жұмыстарын тиімді ұйымдастырып отырды. 2019 жылдың 10 шілдесінен бастап ол Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ бастығының орынбасары және жедел-құтқару жасағының басшысы-құтқарушысы болып тағайындалды. Оның басқаруымен құтқару жасағы өрт сөндіру, авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру мен жүргізуде жоғары деңгейге көтерілді.

      Орынбасар Төртбаев қарамағында жұмыс істейтін жастарға өздерінің кәсіптік деңгейін көтеріп, жақсы маман болып қалыптасуына көп көмек көрсетуде. Соның арқасында жоғары білікті мамандардан тұратын авариялық-құтқару жасағының ұжымын қалыптастыра білді. Оның еңбек жолы сан түрлі қиындықтар мен сынақтарға толы болғанымен, әрбір құтқарылған өмір оның жұмысының елеулі нәтижесі мен маңыздылығын айқын көрсетіп отыр. Сол арқылы қоғамның тыныштығы мен қауіпсіздігіне өз үлесін қосып келе жатқан биік тұлға.

     Өз жұмысына деген адалдық пен биік жауапкершіліктің арқасында, 2024 жылдың қаңтар айынан бері Төтенше жағдайлар департаментінің жедел-құтқару жасағының басшысы – құтқарушысы  болып қызмет атқарып келеді.

    Орынбасар Құлманбетұлы – ардақты әке, үлгілі отағасы, сенімді серік. Сүйікті жары мен олар 2 ұл, 2 қыздың ата – анасы. Балаларына үлгі боларлық тұлға. Құтқарушы ретінде өзінің күнделікті қызметінде көптеген қиын әрі қауіпті жағдайларда болғанымен, үйдегі рөлі оның адамдық қасиеттерін тағы бір қырынан айқын көрсетеді. Отбасында, өз ісінде адал, жауапты, әрі жанашыр адам болып қалу – оның өмірінің негізгі қағидаттарының бірі. Оның отбасындағы рөлі тек физикалық немесе материалдық қолдау ғана емес, сонымен қатар, рухани қолдауының да құндылығы зор. Әрбір құтқарушының отбасы оның өміріндегі маңызды тірек.

        Құтқарушының еңбегі – нағыз ерлік. Құтқарушының жұмысы қоғамның құнды адами қасиеттері – батылдық, адалдық, шыншылдық, жауапкершілік пен қайсарлықты қажет етеді. Әрбір құтқарушы – қоғамның тыныштығын сақтап, өлім мен өмір арасындағы шекарада қызмет ететін батыр. Орынбасар Төртбаевтың өмір жолы мен қызметі – нағыз ерлік пен адамгершіліктің үлгісі. Тек кәсіби тұрғыдан ғана емес, рухани тұрғыдан да өз ісіне берілген тұлға ретінде бағаланады.

      Бүгінде қаламызда бұл салада қаншама адам қызмет етіп, жарқын еңбектің үлгісін көрсетіп келеді.  Соның бірі - Төтенше жағдайлар министрлігінің Апаттар медицинасы орталығының фельдшері Тимур Қорғанбекұлы Кубенов. Ол  2013 жылдан бері азаматтардың қауіпсіздігі жолында аянбай еңбек етіп келеді. Қазір кейіпкеріміз «Қазығұрт» трассалық-медициналық құтқару пунктінде қызмет атқарады.
    2024 жылдың 5 қазанында Түркістан облысында болған ауыр жол апаты кезінде Тимур жедел әрекет етіп, ауыр жарақат алған адамды аман алып қалды. Ал 2025 жылдың 28 маусымында ірі жол-көлік оқиғасында тағы бірнеше зардап шеккенге алғашқы көмек көрсетіп, өмірін сақтап қалды. 

    Кәсібіне адалдық, ерлік пен жауапкершіліктің үлгісін көрсеткені үшін Тимур Кубенов Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

      Авариялық-құтқару қызметі – мемлекеттің қауіпсіздік жүйесіндегі стратегиялық маңызы бар құрылым. Бұл саладағы әрбір маман кез келген уақытта елдің түкпір-түкпірінде көмекке шығуға дайын. Құтқарушылардың батылдығы мен заманауи техниканың үйлесімі – төтенше жағдайлардың салдарын азайтып, мыңдаған адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік беріп отыр.

 Изображение WhatsApp 2025-10-26 в 17.17.14_22ff0104.jpg    Қоғам қауіпсіздігі мен халықтың амандығын қамтамасыз ету жолында қызмет ететін төтенше жағдайлар мамандығы – ең жауапты әрі күрделі бағыттардың бірі. Бұл салаға келу үшін адам тек физикалық тұрғыдан емес, моральдық және психологиялық жағынан да мықты болуы қажет. Себебі құтқарушының әрбір қадамы адам өмірімен байланысты. «Биылғы құтқарушылар күні 30 жылдық мерекемен  қатар келіп отыр. Соның қарсаңында Министрлік тарапынан бекіткен «Игілікке бағытталған 30 игі іс» атты жоспары қалада қазіргі таңда жүйелі түрде жүзеге асырылуда.  Жоспарға сәйкес  мамандықты ұлағаттау, көпшіліктің назарына жеткізу мақсатында арнайы іс шараларды өткізіп жатырмыз. Құтқарушы біліктілік пен білектілікті ұштастыратын маңызды қызметтің бір түрі. Себебі тілсіз жау, табиғи апат, кез-келген төтенше жағдай кезінде ыстық жүрек пен суық санамен сараптап іс әрекет ете білу керек. Адамдарды құтқаруға бағытталған іс әрекеттердің нәтижелі болатындығына білімділік қажет болса,  қиын- қыстау сәттен  зардап шегушіні аман алып шығу үшін білектілік қажет. Біздің қызметке қабылдау бәсекелестік форматында жүргізіледі. Ресми парақша, әлеуметтік желілерге қандай лауазым қажет, оған қандай талаптар  қойылатынын бәрін жазып, жариялап отырамыз.  Үміткерлер 18 жастан 35 жасқа дейінгі ҚР азаматы болуы керек. Аталған хабарландыруға сәйкес үміткерлер келіп өздерінің өтінішін білдіреді. Оларды тотастырып жинақтаймыз. Бірінші кезекте үміткерлердің денсаулық жағдайын қараймыз. Ол үшін әскери медициналық комиссияға жолдаймыз. Бір ай көлемінде олардың денсаулығы, психологиялық,  моральдық жағдайы тексеріледі. Денсаулығы жарамды деген қорытындыдан кейін үміткерлердің арасында физикалық жаттығулар бойынша тексеруден өткіземіз. Әр үміткердің көрсеткішіне сәйкес тиісті бағалар беріледі. Одан кейін жалпылама сұхбаттасу жұмыстарын жүргіземіз. Тақырыптарды ол қалай ашады, оқыс жағдайда қалай іс әрекет етеді, міне, осының барлығын тексереміз. Үміткердің адамдармен сұхбаттасу дағдысы қандай екенін анықтаймыз. Соңында жалпылама тізім жасалады. Тізімдегі ұпайы жоғары үміткерлерді жұмысқа қабылдаймыз. Қалған үміткерлердің де еңбегі еленуі тиіс қой. «Ерім дейтін ел болмаса елім дейтін ер қайдан болсын» дегендей олардың еңбегін елеп,  1 жылдық мерзімге резервке алып қаламыз. Алдағы уақытта бос орындар ашылып жатса резервтегі азаматтарды шақырамыз. Егер алты айдан асып кетсе қайта медициналық тексеруден өткіземіз. Басқа конкурстардан қайта  өткізбейміз. Сөйтіп олар автоматты түрде оқу орталықтарына жіберіледі»,-дейді  ТЖД басқарма басшысы Нұрмұхаммед Бостанбек.

        Төтенше жағдайлар қызметіне қабылданатын үміткерлерге жоғары талаптар қойылады. Ең алдымен, денсаулығы мықты, төзімді және шұғыл жағдайда шешім қабылдай алатын қасиет болуы тиіс. Әскери тәртіп пен жауапкершілік бұл қызметтің негізгі өзегі саналады. Сондай-ақ, физикалық дайындық деңгейі арнайы нормативтер арқылы бағаланады. Кандидаттар міндетті түрде медициналық тексерістен өтеді және психологиялық тұрақтылығы ескеріледі.

      Оқу бағдарламасы теория мен тәжірибені қатар қамтиды: өрт сөндіру, инженерлік қауіпсіздік, құтқару тәсілдері, төтенше жағдайлардың алдын алу, химиялық және радиациялық қорғаныс негіздері, медициналық алғашқы көмек көрсету сияқты пәндер оқытылады. Болашақ мамандар дала жағдайында жаттығулар өткізіп, нақты төтенше жағдайларға бейімделеді. «Оқу орталықтарында олар мамандыққа бейімделеді. Өрт сөндірушілер, жүргізушілер,  диспетчерлердің оқу мерзімі әр түрлі болады.  Білімін жетілдірген соң қызметке бізге келеді. Келе салып, жұмысқа бірден салмаймыз. Тағылымдамадан өткіземіз.   Себебі олар құтқарушылардың  арнайы киімімен, құрал-саймандарымен танысып, тәжірибе жүзінде қолданып көруі керек. Оқу  мерзімі,  тағылымдамада жүрген уақыттарының барлығы еңбек өтіліне есептеледі»,- дейді басқарма басшысы.

     Бұл салада еңбек ететін әрбір қызметкер кез келген уақытта шақыртуға дайын болуы тиіс. Апат, өрт, су тасқыны, жол-көлік оқиғасы немесе табиғи зілзала кезінде ең алдымен көмекке келетін – осы мамандар. Құтқарушының еңбегі тәулік пен мезгілге бөлінбейді, олардың басты міндеті – адам өмірін сақтау.

     Құтқарушы немесе төтенше жағдайлар саласының маманы болғысы бұл бағытта Көкшетау қаласындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясы – негізгі білім ордасы болып саналады. Сонымен қатар техникалық және азаматтық қорғау колледждерінде де орта буын мамандар дайындалады. «Кіші басшы құрам дейміз, яғни  сержанттық құрам  конкурстық негізде оқу орталықтарында жүргізілетін болса, кадрлық орта және аға басшы құрам  болу үшін арнайы мамандарды даярлайтын Орталық Азиядағы жалғыз жоғарғы оқу орны Көкшетау қаласында орналасқан М.Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясында даярланады. Өзім де сол оқу орнының түлегі болып табыламын. 2013-2017 жылдар аралығында білім алып шықтым. Біздің өңіріміздің тұрғындарының өтініштерін  тіркейміз, денсаулықтарын тексереміз, ҰБТ нәтижесін қосып,  Академияға  жолдаймыз. Ол жақта да талапкерлерге спорттық, денсаулық нормативтерді қайта зерделеу  жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар Азаматтық қорғау академиясы  өзге мемлекеттермен, атап айтқанда  Ресей, Белоруссиямен келісімшарттары бар. Егер білім алушы  жоғары нәтиже көрсетсе Үкімет тарапынан Санкт-Петербург, Минск қалаларына барып, 4-5 жылдық оқуға түсуге мүмкіндіктері бар. Оқу орнының тиімділігі толықтай жатын орын, киім-кешек, тамақтандыру, шәкіртақысы, еңбек демалысы кезінде барып-келуі шығыны бәрі Үкімет тарапынан қамтамасыз етіледі. Бұл оқу орнының ерекшелігі ішінде тәуліктік кезекшіліктер болғананна кейін оқудың өзі еңбек өтіліне қосылады. Бір сөзбен айтқанда 17 жасынан бастап еңбек өтілі басталады. Оқуды аяқтағаннан кейін  түлекке шен беріледі. Егер түлек Шымкент қаласынан жолданған болса осы қалаға қызметке жіберіледі. Және біз оларды жұмыспен қамтамасыз етеміз»,- дейді Нұрмұхаммед Еркенұлы.

      Бүгінде төтенше жағдайлар органдарында қызмет атқаруға қызығушылық танытқан жастарға мемлекет тарапынан қолдау бар. Арнайы квоталар, шәкіртақылар мен практика базалары ұйымдастырылған. Жас мамандар кәсіби дайындықтан өткен соң, ішкі істер органдарының тең құқылы қызметкері ретінде еңбек етеді.

    Төтенше жағдайлар қызметі – елге адалдық пен батылдықтың мектебі. Бұл мамандықты таңдаған адам тек кәсіби біліктілігімен емес, жүрегінің мықтылығымен ерекшеленеді. Адам өмірін сақтау – ең ұлы миссия, ал осы жолда қызмет ету – нағыз ерліктің белгісі.

    Өрт сөндіруші, құтқарушылар  туралы сөз еткенде өзгенің өмірі үшін жан қиған, қызыл жалынмен арпалысып, опат болған қаһармандар туралы қалайша айтпай кетеміз. Осы жылдар ішінде қала тұрғындарының қауіпсіздігі үшін бастарын қатерге тіккен құтқарушылар нағыз батырлар. Солардың ішінде Бақыт Алпысбаевтың аты ерекше аталады.  

245711172_595937348268172_169383579296893891_n-1024x1536.jpg    Аға лейтенант Бақыт Алпысбаев 1962 жылы 8 қарашада Шымкент қаласында дүниеге келген. Ол орта мектепті тәмамдаған соң ішкі істер органына жұмысқа орналасады. Ал өртке қарсы қызметін 1984 жылы инженер лауазымынан бастайды. Жас болса да өзінің белсенділігімен көзге түсіп, қызметіне деген адалдығын дәлелдейді. 1988 жылдың 25-ші ақпанында Шымкент мұнай өңдеу зауытындағы өрт кезінде қайсарлық танытып, алдыңғы шептен көрінді. Соңына дейін күресті.  Өрттің қауіптілігі  мұнай өнімдерінің төгілуі болатын. Өрт сөндірушілердің жанқиярлық әрекеттерінің арқасында өрт ауыздықталды. Алайда өртті сөндіру барысында 7 өрт сөндіруші зардап шекті. Оның бірі Бақыт Алпысбав еді. Небәрі 25 жасында өрт сөндіру кезінде алған жарақатынан ерлікпен қаза тапты.  «Бақыт Алпысбаев менің құрдасым еді. Шымқаламыздың тумасы болатын, осы жерде өсіп, өнді. 1988 жылы қаланы дүр сілкіндірген оқыс оқиға орын алды. Қаладағы ірі мұнай өңдеу зауытының 311 резервуарында алапат өрт орын алды. Оқиға орнына мамандар келіп, өртті сөндіруге кіріседі.  Өрт 38 сағатта сөндірілді. Жалын басқа аймақтарға өтіп кетпес үшін біз резервуардың түбінде тұрып,  қызыл жалынды ауыздықтап тұрдық. Бір шетінде Бақыт Алпысбаев ствол ұстап тұрған. Равхат Анарбаев оған көмектесіп тұрды. Бір сөзбен айтқанда  біз сол кезде өрттің арасында қалып қойдық. Киімдерімізге дейін өрт шаршып кетті. Үшеуміз де ауыр дене күйігі жарақатын алдық. Бар күшті салғанымен, Бақыт Алпысбаевты ажалдан аман алып қалу мүмкін болмады Ол небәрі 25 жаста еді»,- деп еске алады Азаматтық қорғау ардагері (1988 жылы Мұнай зауытындағы өртті сөндіруге қатысқан баты өрт сөндіруші) Б.Маханов.

       Әрбір өрт сөндіруші қаһарман. Осы өртке қатысқан әрбір қызметкер еңбегін ерекше атап өту керек. Ерлікпен қаза тапқан батыр өрт сөндіруші Бақыт  Алтынбекұлының өжеттілігі мен батырлығы кейінгі буынға үлгі мен өнеге. Осы ерлігі үшін берілген «Қызыл жұлдыз» ордені оның анасы Тұрар Алпысбаеваға табыс етілді.

      Бақыт Алтынбекұлын бүгінде мыңдаған адамдар біледі. Батыл және қайсар жауынгер туралы естеліктер көзі тірілер арасында қалды. Оның баласы оқыған мектепте оқушылар және оқытушылар мемориалдық мұражай  жасады. Шымкент қаласындағы көшелердің біріне оның есімі берілді.

    245815539_595937228268184_2560068474579146983_n.jpgШымкенттіктер  Жұлдызбек  Есеналиевтің де есімін ұмыта қойған жоқ.  Ол  қызметтік борышын атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан батыр өрт сөндіруші. Оның өмірін  жалмаған тілсіз жау 2014 жылы 1 қаңтарда Шымкент қаласындағы  «Planta» ЖШС қарасты дәрі сақтайтын қоймада орын алған болатын. Өрт сөндірушілердің кәсіби  үйлесімді әрекеттерінің нәтижесінде өрт дер кезінде сөндірілді. Алайда бір сөрт сөндіруші қаза тауып, бірі жарақат алды. Мерт болған өрт сөндіруші Жұлдызбек еді.  «2014 жылдың 1 қаңтар күні  түнгі сағат бір жарым шамасында жұмысқа келген кезімде «Қатын көпір» елді мекенінде  орналасқан  фармацевтикалық мекеменің  қоймасы жанып жатыр деген шұғыл ақпарат келіп түсті.  Басшылық  бізді сол жаққа жіберді. 30 шақты маман бардық. Өртті сөндіру кезінде кенеттен төбеден плита құлап,  Жұлдызбектің белінен төмен, ал мені аяқтан төмен  басып қалады.  Жедел жәрдем келіп дәрігерлер көмек беріп жатқа кезде Жұлдызбектің қайтыс болғанын естідім.  2011 жылдан бері Есеналиев Жұлдызбекпен қызметтес болдым. Ол өте ақ қөңіл, өз жұмысына адал жігіт еді» ,- дейді  мамандандырылған жасақтың бөлімше командирі Бекқали Жүнісов.

   Жұлдызбек  көрсеткен ерлігі мен қайсарлығы үшін 3-ші дәрежелі "Айбын" орденімен қаза болғаннан кейін марапатталды. «Жолдасым Жұлдызбекпен 2008 жылы отбасын құрдық. Өте бақытты өмір сүрдік. 2009 жылы тұңғышымыз Алихан өмірге келді. 2012 жылы кішкентай ұлымыз Алдияр туылды. Ол өте балажан, адамгершілігі мол,  мейірімді жан  еді. Жұлдызбек жұмысын өте қатты жақсы көретін. Аянбай тер төкті. Жұмысында өте сыйлы, абыройлы болды. Соның арқасында шығар әлі күнге дейін әріптестері келіп хабарласып тұрады. Әр мейрамда балалардың жағдайын біліп тұрады. Қайғылы оқиға болатын күні үйде қонақ күтіп жатқан едік. Шұғыл дабыл болған соң оны жұмысқа шақыртып алды. Асығып үйден шығып кетті. Содан қайтып үйге оралмады. Ерлікпен қаза тапқаны  үшін «Айбын» орденімен марапатталды»,- деп сағынышпен жұбайы А.Есенбаева еске алады.

 Есеналиевтердің отбасы үшін бұл екінші кайғы-қасірет. Он төрт жыл бұрын Қарағандыда қызметтік міндетін орындау барысында Жұлдызбектің үлкен ағасы қаза тапқан-ды. Екі отбасында да балалар әкесіз қалды. Ерлікпен қаза тапқан Жұлдызбек Тұрарұлының есімі мәңгі жадымызда сақталмақ.  

245906097_595937408268166_6576247394440588908_n.jpgМамандығына соңғы сағатына дейін адалдық танытқан жанның бірі - Жомарт Сәрсенбеков еді. «Ақмешіт» шатқалында биіктіктен бір ер азамат құлап кетіпті деген хабар жеткенде көмекке аттанған шұғыл топ құрамындағы Жомарт Орынбасарұлының бар ойлағаны қиындыққа тап болған жігітті аман-есен құтқару болатын. Оның үстіне мұндай операциялардың талайына қатысып жүрген, тәжірибелі, «Жедел-құтқару жасағы» мекемесінің бас құтқарушысы, 1-сыныпты құтқарушы үшін басты міндет адам өміріне араша болу. Шатқалға жеткенде Жомарт құлаған жігітті іздейді. Шатқалдың жарқабағында тұрып, төменде жатқан ер азаматты көреді де, көмекке әріптестерін шақырып, өзі әлгі жігітті алып шығуға төменге қарай бет алады.Осы құтқару жұмыстарын жүргізу барысында Жомарт тау шатқалынан құлап, қаза тапты. Жомарт Орынбасарұлы Сәрсенбеков те бұл кезде 30-ға жаңа толған-ды. Бұл 2016 жылдың 30 мамыры болатын. Артында бес баласы қалды. Олар бүгінде әкесіне қаза тапқан соң берілген «Ерлігі үшін» медаліне қарап ерлік деген ұғымның қаншалықты қымбат екенін ұғынып, ержетіп келеді.

      Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің  30 жылдық  мерейтойына орай Шымкент қаласында көпқабатты тұрғын үйдің қасбетінде қазақстандық құтқарушыларға арналған арт-нысан пайда болды. «Ар-намыс пен борыш – Отан қызметінде!» деп аталатын көркем композицияда төтенше жағдайлар қызметі мамандарының қаһарман бейнесі бейнеленген. Шығарманың жалпы аумағы 200 шаршы метрді құрайды. Жоба Төтенше жағдайлар департаментінің бастамасымен, қала әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылды. Көркем туынды Шымкент қаласының сәулеттік келбетін айшықтап, жаңа көрік берді.

      Мурал тек төтенше жағдайлар қызметінің 30 жылдық тарихын ұлықтап қана қоймай, ел тыныштығын күзетіп жүрген мамандардың жанқиярлық еңбегіне деген алғысты да білдіреді. Ол мамандықтың маңызын еске салып, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің жарқын үлгісіне айналмақ.

image.png

     Сондай-ақ, мерекеге орай қалада салтанатты ант қабылдау рәсімі өтті. Іс-шара Абай саябағындағы ерлікпен қаза тапқан өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың ескерткіші алдында өтті. Шараға департамент басшылығы, жеке құрам және жас мамандар қатысты. Рәсім барысында жас құтқарушылар Отан алдындағы адал қызметке ант беріп, өз өмірін ел игілігі мен қауіпсіздігі жолында аямай еңбек етуге серт берді. Ант қабылдау алдында қатысушылар қызметтік борышын өтеу кезінде ерлікпен қаза тапқан батырларды еске алып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

     Салтанатты бөлім соңында құтқарушылардың саптық шеруі өтті. Бұл дәстүр — ел қауіпсіздігін күзетіп жүрген азаматтардың жауапты еңбегін құрметтеу мен ұрпаққа өнеге көрсету мақсатында ұйымдастырылады. «Құтқарушы мамандығы – ерлік пен жанқиярлықты қажет ететін қасиетті міндет. Әрбір ант қабылдаған жас маман еліміздің тыныштығын сақтау жолында аянбай қызмет етеді», – деді іс-шара барысында сөз сөйлеген Шымкент қаласы ТЖ департаментінің бастығының орынбасары Б.Қамбаров.

    Мереке қарсаңында қаламызда құтқару техникасының шеруі өткенінде айта кетейік. Қозғалтқыштардың гүрілі, сиреналардың үні мен жарқыраған арнайы техникалар – барлығы бір мақсатта: халықтың қауіпсіздігін қорғап жүрген ерлердің еңбегін көрсету үшін. Қала тұрғындары шеру колоннасын қуана қарсы алып, қол бұлғап, алғыс сезімдерін білдірді. Кез-келген қиындыққа дайын екендігін көрсету тұрғындарға сенімді тірек пен күштің әрдайым жаныннан табылатындығының айғағы!

      Бұл күні  колледж студенттерінің қатысуымен флэшмоб та ұйымдастырылды.
Флэшмоб барысында өрт сөндірушілердің арнайы техникасымен жарық шамдарын жағып, «30» жазуы жазылды. Студенттердің бірдей іс-қимылдары көріністі одан әрі әсерлі етті. Бұл іс-шара өрт сөндірушілердің және құтқарушылардың қызметін насихаттау және сала мамандарын мерекемен құттықтау, сондай-ақ жастар арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды. Колледж студенттері өздерінің шығармашылық қабілеттерін көрсетіп, ТЖМ қызметкерлеріне арналған құрметін білдірді.

      Сонымен қатар  «30 игі іс» жобасы аясында Шымкент қаласы ТЖД мен «Қазавиаспас» қызметкерлері ерекше балаларға қуаныш сыйлады. Іс-шара барысында балалар құтқарушы-ұшқыштардың жұмысымен танысып, тікұшаққа отырып, өздерін нағыз әуе құтқарушылары секілді сезінді. Бұл сәт олардың арманын орындап қана қоймай, жаңа әсер мен сенім сыйлады.

       Бүгінде құтқарушылардың жұмысы тек батылдық пен физикалық төзімділікке ғана емес, жоғары технологиялық мүмкіндіктерге де сүйенеді. Өрт сөндіру, іздестіру және апатты жағдайларда көмек көрсету үдерісіне дрондар мен заманауи қондырғылардың енуі – саладағы үлкен серпіліс.

 Дрондар өрт ошақтарын әуеден бақылап, жағдайды жедел бағалауға мүмкіндік береді. Бұл – құтқарушылар үшін уақыт үнемдеу мен қауіптің алдын алу тұрғысынан аса маңызды жаңалық. Сонымен қатар, жылу карталарын түсіріп, түтін арасынан көрінбейтін аймақтарды анықтауға арналған құрылғылар да қолданылып келеді. Мұның барлығы апатты аймақтарда адам өмірін сақтап қалуға бағытталған нақты шешімдердің бірі.

      Сала мамандарының әлеуметтік жағдайына да айрықша көңіл бөлінуде. Соңғы жылдары қызметкерлердің жалақысы кезең-кезеңімен өсіп, арнайы тұрғын үй бағдарламалары жүзеге асырылуда. Ардагерлер мен жас мамандарға қолдау көрсету, кәсіби біліктілікті арттыру курстары – бұл саланың адам ресурсына деген қамқорлықтың айғағы.

     Төтенше жағдайлар қызметінің тарихы – ерлік пен адалдықтың тарихы. Уақыт талабына сай жаңарып, цифрлық жүйеге бет бұрған бұл құрылым бүгінгі таңда жоғары технология мен адам ерлігінің үйлесімін паш етуде. 30 жылдық белес – тек өткен жолды еске алу емес, алдағы биік мақсаттарға жетелейтін жаңа кезеңнің бастауы.

      Қорыта келгенде, құтқару­шыларға қандай сый-құрмет көр­сет­сек те жарасады. Олардың әлеуметтік жағдайы, қауіпсіздігі ешқашан назардан тыс қалмауға тиіс. Төтенше жағдайлар қызметінде еңбек ететіндерді жігерлендіретін, әлеу­меттік жағдайын оңалтатын осындай бастамалар үзілмек емес. Ал ең бастысы – ел-жұрттың, күн-түн демей жедел шақыртуға қамданып, көмекке асығатын құтқарушылардың амандығы.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • НЕБО, РАДОСТЬ И ЕДИНСТВО: ШЫМКЕНТ ОТМЕТИЛ ПРАЗДНИК В ЯРКИХ КРАСКАХ
  • ШАТТЫҚҚА ТОЛЫ КҮН: ШЫМКЕНТ АСПАНЫН БАТПЫРАУЫҚТАР ФЕСТИВАЛІ КӨРКЕЙТТІ
  • Шымкентте екінші республикалық «Respublica Asyq Atu» турнирі өтті
  • В Шымкенте состоялся второй республиканский турнир «Respublica Asyq Atu»
  • Верность делу длиною в полвека
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер